Арыздар жеке бақылауда

Павлодар облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров ІІМ кешенді инспекторлық тексеріс басшысының орынбасары, полиция полковнигі Дидар Нұрсейтовпен бірге азаматтарды қабылдады.
Облыстың бас полицейіне азаматтар полиция қызметіне қатысты әртүрлі сұрақтармен жүгінді.
Павлодар қаласының тұрғыны бірнеше ай бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен ұлын іздеу жұмыстарына наразылығын білдірді. ІІД бастығы жоғалған азамат мемлекетаралық іздеуге жарияланған, бағдарлар республикамыздың, сонымен қатар, таяу шетелдердің барлық ішкі істер органдарына жолданып, іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, департамент басшысы өзінің бірінші орынбасарына волонтерлар, әскери қызметшілерді тарта отырып, Ақсу қаласының аумағында, саяжай, орман учаскелер мен жазық далада іздеу жұмыстарын бастауды тапсырды.
Ақсу ауданы, Қалқаман ауылының тұрғыны қызының өліміне қатысы бар ауыл тұрғынына айғақтар мен дәлелдер жинақтаған полицейлерге алғысын айта келді. Нәтижесінде кісі өлтірушіні сот 25 жылға бас бостандығынан айырған.
Қабылдауда айтылған тұрғындардың барлық арыздары бойынша ІІД бастығы өзінің орынбасарлары мен ІІД қызметтерінің басшыларына тапсырма берді. Қарау барысын жеке бақылауына алды.
Жыл басынан бастап облыс департаментінің қабылдауында 40-тан аса адам болған.

Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*