Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Сыбайлас жемқорлық сан соқтырады

Сыбайлас жемқорлық сан соқтырады

19 сәуірде Орал қалалық ІІБ-ның акт залында Батыс Қазақстан облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Т. Ахаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу мақсатында кездесу өтті.
Шараға Батыс Қазақстан облыстық ІІД және Орал қалалық ІІБ құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары, жеке құрамы, БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаменті басшысының орынбасары Бейбіт Нұрашұлы, БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Аманқос Сағынұлы қатысты. Кездесуде сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу тақырыбында бірлескен іс-шаралар нәтижелері, теріс қылықтары және өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарағандары үшін қызметтерінен босатылған полиция қызметкерлерінің әскери-қызметтік тәртіп бұзу деректерін жеткізе отырып, қайталанбауларын талап ету мақсатындағы тақырыптар талқыланды.
Кездесде алғаш сөз алған облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Т. Ахаев: «Кез келген мемлекеттік органның өзекті мәселелерінің бірі және басым бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Сыбайлас жемқорлық туралы заң баптарында тайға таңба басқандай жазылған жолдарда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың жолын кесу және ашу, лауазымды адамдардың тиімді қызметін қамтамасыз ету туралы айтылады. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу басты міндет, жемқорлыққа жол жоқ тақырыптарында сан мәрте ақпараттар берілуде. Десек те, облыс пен қала көлеміндегі барлық жұмыс орындары, құқық қорғау органдары, ұйым мен мекеме, кәсіпорын басшылығы мен ұжымы осы бір індетпен күресіп келеді. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық фактілері орын алуда. Құзіретті органдармен бірлесіп бірнеше кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Бүгінгі кездесуге де жауапты департамент басшылары қатысып отыр», – деді.
Батыс Қазақстан облыстық ІІД Кадр жұмысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Болатбек Белгібеков Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары, сыбайластықтың жолы кесілуі тиіс деп жиі айтатынын баяндап, ешбір полиция қызметкерінің тәртіп бұзбауы тиістігін ескертті. Сонымен қатар, кадр жұмысы бөлімі жеке құрам арасында түсіндіру жұмыстарын әлі де пысықтауы тиістігін, жеке құрамға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң, Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі заң, т.б. заңдардың жеке құрамға қайталап жеткізілуі қажеттігіне тоқталды.
БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаменті басшысының орынбасары Бейбіт Есин сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу бағытында біркелкі іс-шаралар атқарылып жатқанына қарамастан, соңғы уақыттарда тәртіп сақшылары тарапынан теріс қылықтар жиі орын алғаны жасырын еместігін айтты. Аталмыш департаменттің жауапты мамандары түрлі мекеме мен ұйым, еңбек ұжымдары арасында әлеуметтік сауалнамалар жүргізген. Жауаптары жинап алынып, департаментте сараланған. «Қоғам» атты ұйыммен бірлесіп, анкета сұрақтары таратылған. Бейбіт Нұрашұлы өз сөзінде кейбір тәртіп сақшылары тарапынан ұрып-соғу, ақырып-жекіру, дауыс көтеру фактілерінің бары жасырын еместігін, себебі, тұрғындар мен азаматтардан ұрып-соқты, қол көтерді деген арыздар жиі қабылданатынына тоқталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінде 26 қылмыстық іс қаралған көрінеді. Барлығы да ұрып-соғу, қол көтеру фактілеріне қатысты.
– Бүгінгі күні осынау сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу мақсатында жаңа технологиялар енгізіліп, бейнекамералар орнатылуда. Ішкі істер органдарына қызметке қабыданатын жастар арасында іріктеу сапалы болуын талап етейік. Жастардың органға қызметке орналасуға ниеттері бар. Талаптанып, ізденіп, сұрастырып жүреді. Қайсыбірі карьера ойлап, қалайда еңбек етіп, биіктерден көрінгісі келеді. Әрине, жақсы істерді құптаймыз. Тек тәртіп мен қызметке деген жауапкершілік зор болуы тиіс. Жастар да, көп жыл еңбек өтілі бар кәсіби шеберлігі шыңдалған қызметкерлер де мұқият болғаны жөн. Азаматтардың тыныштығын сақтап, баршамыз уақытпен санаспай қызмет етеміз. Сол қызметтің жемісін көрейік. Облыс пен қала тұрғындары сіздерге сеніммен қарайды. Халық игілігі жолындағы еңбектеріңіз жанып, көпшіліктің сенімінен шығайық, – деген БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаменті басшысының орынбасары Бейбіт Нұрашұлы ынтымақты қызмет етуге шақырды.
Өз ретімен сөз алған БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Жұбаныш Аманқос қызмет барысында түрлі сыйлықтар алуға болмайтынын қатаң талап етті. Павлодар облысындағы бір департамент басшысы қызметінде сыйлық алғаны үшін көп мөлшерде айыппұл төлегенін, қызметімен қош айтысқанын, қате басқандардың заң алдында өз жазаларын алатынын айтты.
Одан әрі жеке құрамға 10-15 минуттық бейнеролик көрсетілді. Кездесу соңында сөз алған облыстық ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Т. Ахаев: «Мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап пен жүктелетін жауапкершіліктің мәні зор. Әр адам өз құқығын қорғай білуі керек. Құқықтық біліктілік пен мәдениет, заңды сыйлау бірінші кезекте болғаны жөн. Ендеше, қазіргі қоғамда теледидардан көп айтылып, мерзімді басылым беттерінде жазылып жүрген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес баршаның ортақ ісі болуы тиіс», – деп өз ойын түйіндеді.
Батыс Қазақстан облыстық ІІД мен Орал қалалық ІІБ жеке құрамы арасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау шаралары, негізгі ұйымдастыру жұмыстары жалғасын таба бермек. Кездесуге қатысқандардың әрқайсысы полиция қызметкерлері тарапынан тәртіп пен заңдылық сақталып, сыбайлас жемқорлықтың жолы кесілсін деген оймен тарқасты.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Серпін алған серіктестік

Кеше Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов Миграция бойынша халықаралық ұйым өкілдерімен, атап айтқанда, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған