Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Полицияға да рухани тәрбие керек

Полицияға да рухани тәрбие керек

Елбасымыздың биылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы құқық қорғау саласы, соның ішінде ішкі істер органдары қызметкерлеріне де көп міндеттер жүктеді. Біз ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Дастан Дәулетияровпен сұхбатымызда Жолдау міндеттері мен оның институтта іске асырылуы және адами капитал турасында әңгімелескен болатынбыз.
Дастан Амангелдіұлы, биылғы Жолдауды ел азаматтары Қазақстанның 2030 және 2050 жылдарға дейінгі стратегиялық даму бағдарламаларын одан әрі дамытушы жаңа дүниетаным, жаңа бастамалар мен жаңа міндеттер ретінде қабылдады. Сіз де бұл орайда ел азаматы ретінде қандай пікір айтасыз?
– Иә, биылғы Жолдау – ол «Қазақстан-2050» стратегиялық жоспары ауқымындағы Елбасының Қазақстан халқына, қоғамға, соның ішінде, құқықтық ортаға артып отырған үлкен міндеттері болып табылады. 7-басым бағдар ретінде «адами капитал – жаңғыру негізі» деп айтып кеткендей, білім берудің сапасын арттыру мәселесін қозғауы шынымен бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. «Білікті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей, қазір заманауи талаптарға сай тек бір саланың ғана маманы болу жеткіліксіз, өйткені, өмір бойы білім алу деген қабілетті іске асыру керек. Қазір ең бастысы – ол адамдардың білім капиталы. Екінші, ол – бәсекелестік. Ол – қоғамда өзін-өзі көрсетуі, жаңа талаптарға сай өзін икемдей білуі, жаңа жас маманның біліктілігін арттыруы, кәсіби дағдыларды икемденуі. Бүгінде инновация, компьютерлік қылмыс, трансшекаралық қылмыстарды естіп жатырмыз. Соған төтеп беретін, заман талабына сай маман дайындау ішкі істер органдарында Елбасының Жолдауы ауқымында көкейкесті мәселе екені бәрімізге аян. Сондықтан да осы білім беру саласында оқушылардың, студенттердің және курсанттардың ғана емес, педагогтардың да деңгейлерін арттыру, жаңа инновациялық оқу үрдістерін енгізу, интернет арқылы бейне, онлайн дәрістердің мүмкіндіктерін алу – өте көкейкесті мәселелер және осы бағытта жұмыс жалғаса беруі тиіс.
Ең бастысы – білім капиталы, бәсекелестік деп Елбасы айтқан «адами капиталдың» негізгі құндылықтарын еске салып өттіңіз. «Адами капитал» деген ұғымды кеңірек аша түссеңіз?
– «Адами капитал» – ол өте ауқымды мағынаға ие. Елбасының тағы бір бастамасы – «рухани жаңғыру» деп халыққа жолданған үндеуі негізінде қарайтын болсақ, егер біз өзіміздің ата-бабамыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын сақтап, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет деп, тәрбие жұмысын жүргізіп, осы мамандарды, адами капиталды заманауи талаптарға сай тәрбиелеп, ауқымды, кең жұмыс жасамасақ, онда ол адами капитал болмайды. Бәрімізге аян, үлкен қарияның сөзі сүйектен өтетін еді. Қазір, өкінішке орай, шетелдік мәдени теріс көріністер интернет арқылы, түрлі интернет ресурстары арқылы келіп, жастардың арасында белең алып жатыр. Сондықтан да қазіргі заманның жастарына айтарымыз, шетелдік арзан құндылықтар рухани құндылықтардан жоғары кетіп калмай, амал дос емес, адал дос қастарыңызда болса ғана, бір-бірлеріңізге сеніп, үлкенді сыйлап, рухани жаңғырып, еліміздің дамуына үлес қосатын боласыздар. Осы бағытта алға басатынымыз күмәнсіз.
Адами капитал неден туындайды? Ішкі істер органдары жүйесіне қарайтын болсақ, әр адам полиция қызметкеріне жолыққан кезде ол полиция қызметкерінен бүгінгі күні көбінесе қандай сұрақтар естиді? Кейде біздің тарапымызға айтылып жататын сын-пікірлердің орынды екенін мойындаймыз. Мысалы, егер полиция қызметкері қоғамдық орындарда азаматтардың біріне жақындап: «Тоқтаңыз, құжатыңыз жоқ, үш сағатқа полиция бөліміне барып анықтаймыз», – деп ұстауға асықпай, керісінше, «Сәлеметсіз бе! Аты-жөнім осы. Адасып қалған жоқсыз ба? Бізден қандай көмек керек? Екі кварталдан кейін аялдама тұр, қажет болса полиция учаскесі осындай шағын ауданда» деп ілтипатпен сөйлессе, қандай керемет болар еді. Полицияның абыройы халық алдында өсетіні күмәнсіз. Адами капитал дегеніміздің біздің полицияға да тікелей қатысы бар. Құқық қорғау органдары халықпен тікелей істейтін жүйе болғандықтан, адами капиталды дамыту полиция қызметкерлерінің ортасында рухани тәрбие, адамгершілік тұрғысынан көкейкесті мәселелердің бірі және ол жұмыс жүргізіліп жатыр.
Елбасының Жолдауында әр саланы цифрландыру қажеттігі айтылған. Ал осы институтта оқу үрдісінде, ішкі істер мамандарын оқыту барысында қандай инновациялық технологиялар мен әдістер қолданылуда?
– Өте орынды сұрақ. Қазіргі заманғы талаптарға сай оқу үрдісін жетілдіру – заман талабы. Инновацияны білмеген полицей ертең қоғамға қалай қызмет атқармақ?! Сондықтан институтта бүгінгі күні сабақ берген кезде оқытушылар дәрісті дайындаумен қатар, электронды нұсқадағы дискіні кітапханаға тапсырады. Кез келген курсант бос уақытында электронды нұсқадағы дәрістерді флешкаға, дискіге салып алып, тәжірибеге барған кездерінде қосымша дайындық ретінде пайдаланады.
Екінші, бейнедәрістер жазу іске асырылып жатыр. Бұл бейнедәрістерде оқытушының жүктемесіне қарай, бір уақытта бейнедәрісті қойып беріп, қажетіне қарай консультацияны беріп отыруға болады. Бейнедәрістің көмегін бір мезгілде бірнеше жерде қолдана беруге болады. Оқытушының бейнедәрістің екі данасын шығарып, екі аудиторияда да сабақты бірдей өткізе алатын мүмкіндігі бар. Мінеки, инновация.
Сонымен қатар, онлайн конференция, онлайн олимпиада, викториналар өткізіліп жатыр. Бізде институтта оқытушылардың сабаққа қолдану үшін мультимедиялық проект, ледэкран, көпфункционалды теледидарлар алынды. Соның барлығы инновациялық тұрғыдан сабақты өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, институтта екі интернет сыныбы бар, 35 компьютер тәулік бойы интернет желісіне қосылған. Фоторобот, болған жерді виртуалды қарау бағдарламалары, жол жүру ережелері, орысша-қазақша-ағылшынша термин сөздіктері де электронды түрде енгізілген.
Емтиханда оқу нәтижесі бойынша сол компьютерлік сыныптарда кешенді түрде бейнебақылау арқылы әділ әрі заңды болсын деп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы фактілердің алдын алу мақсатында Өзіндік қауіпсіздік комитетінің, ардагерлердің, қоғамдық өкілдердің, кафедралар мен факультеттердің білікті мамандарының және институт басшылығының қатысуымен компьютерлік тестілеу өткізіледі. Соның нәтижесінде бір курсанттың не тыңдаушының тарапынан арыз-шағым түскен жоқ. Бәрі әділетті түрде жан-жақты жүріп жатыр. Инновацияның көмегі, мінеки, осында.
Институт ұжымы мен курсанттардың қатысуымен өзге де қандай маңызды шаралап жасалынып жатыр?
– ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында Ардагерлер кеңесі жұмыс істеп жатыр. Барлық іс-шара комиссиялы түрде қабылданады. Офицерлік кеңестің, Әйелдер кеңесінің, Сержанттық кеңестің барлық шешімдері коллегиялы түрде жедел шешіліп жатады. Оның бәрі ашықтық, әділеттілік және кәсіби бағытты білдіреді.
Сонымен қатар, жаңа Елбасының негізгі Жолдаулары аясында айтылғандай, ІІМ-нің бұйрықтары мен нұсқаулықтары ауқымында біраз жоспарлар бекітіліп, оны қоғамға, болашақ қызметкерлерге оқу үрдісі ауқымында жеткізіп жатқан көптеген шаралар бар. Мысалы, былтыр облыстық прокуратурамен, қалалық әкімдікпен, «Нұр Отан» партиясымен бірігіп, «нөлдік төзімділік» шараларын өткіздік. Қаланың шағын аудандарына құқық бұзушылыққа қатысты, базарларда, вокзалдарда, адам көп шоғырланған сауда орталықтарында да біздің оқытушылық құрам мен курснаттар бірігіп, осындай іс-шараларды іске асырды. Жалпы осы бағыттағы бекітілген шаралар аудандарға да барады. Қазақстанның түкпір-түкпірінде институттың сайты арқылы қандай шаралардың жасалып жатқанын бәрі көре алады. Одан өзге, ЖОО-лармен тәжірибе алмасып, РФ, Беларусь, Тәжікстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан мемлекеттеріне шығып жатырмыз. Осы бағыттағы іс-шараларды халықаралық деңгейде іске асырудамыз. Оның бәрі Ақтөбе заң институтына білікті маман даярлауда өз септігін тигізеді деген сенімдеміз.
Сұхбатыңызға рахмет! Алдағы атқарар жұмыстарыңыздың табысты болуын тілеймін.

Сұхбаттасқан А. КАБИЕВА,
Ақтөбе қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Күдіктінің адымын аштырмады

ОҚО полицейлері Ордабасы ауданының аумағында орын алған мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 32 жастағы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған