Қолөнерге қолдау керек

Заңмен рұқсат етіп, қолайлы ахуал тудырған соң, түзеу мекемелерінде өндіріс пен кәсібін жолға қойғандардың қатары артып келеді. Олардың арасында азаматтық тұлғалар да, жазасын өтеушілер де бар. Екеуіне берілген мүмкіндік бірдей. Әйтсе де, жаза мерзімін өтеушілердің «жолы жіңішке» екендігі аңғарылып-ақ тұрады. Еліміздегі түзеу мекемелерінің тыныс-тіршілігімен танысып, саралап көргендегі бір түйгеніміз осы болды.
Астана қаласы бойынша ҚАЖД-ға қарасты Ақмола облысы, Аршалы кентінде орналасқан ЕЦ-166/5 түзеу мекемесінде кәсібін бастаған жазасын өтеушінің бірі – Сергей Фирстов. Ағаштан түрлі бұйымдар жасайтын шеберлігі бар ол бұл жұмысқа түпкілікті кіріскен. Ескі ғимараттардың бірі сенімгерлік басқаруына берілген соң, былтырғы жылдың қараша айында цех ашқан ол бірден керек құрал-жабдық, станоктардың барлығын алдырған. Одан бөлек, мекеме басшылығының рұқсатымен шағын жер телімін алып, аңғар салып, жаңа цех ашуды да көздеп отыр. Қазір ондағы құрылыс жұмыстарын өте баяу болса да жүргізіп жатыр. Әзірге 6 адамды жұмыспен қамтып, түрлі ағаш бұйымдарын жасауда. Коммерциялық құпия болса да, мұндай алғашқы қадамға аз қаражат кетпегені анық. Әйтсе де, Сергейдің бұрыннан бар әуестігін бар ынтасымен қолға алатындай бар екен. Шебер қолөнершілердің шын жүрекпен жасаған туынды-бұйымдары көздің жауын алады. Тіпті, өз басым бәсекеге қабілетті тауарлар деп баға берер ем.
«Ағаштан кез келген бұйым жасаймыз. Балалар жиһазы, кереуеттер, ас үй жинақтары, нарды, шахмат, дойбы, қобдиша, желкенді кемешік, тағы да тағысын тағылар. Жігіттердің қолынан келмейтіні жоқ. Біздің ең басты ерекшелігіміз – көркемдік әрленуіне баса назар салатынымыз. Өйткені, мүлік тек қана қолданбалы емес, сонымен бірге әдемі болып та көрінуі тиіс. Сол себептен жігіттер арасынан әдейі суретшілерді таңдадым. Біздің жігіттердің сурет салу қабілеті үш бағытты қамтиды. Олар – қылқаламмен салу, ағашқа күйдіріп отырып сурет салу және ағашты ойып бедерлі сурет салу. Қағазға эскизі түскен суретті бір-бірімізді күтіп отырмай, тоқтаған жерінен іліп әкетіп сала береміз. Сол себептен де тапсырысты уақытында бітіреміз. Қорықпай кез келген ағаш бұйымына тапсырыс берсеңіздер болады, сапасы мен көркемдігіне кепілдік береміз», – дейді жазасын өтеуші жеке кәсіпкер.
Алғашында Сергей Александрович ағаштан қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтарын: ет астау, қымыз саба, сырлы зерен, келте піспек және тағы да басқа түрлерін жасауға қатты қызығыпты. Өйткені, оған сұраныс жоғары болатынын жақсы біледі. Бірақ, оны дайындайтын тораңғы мен тобылғы ағаштарын табу қиындық туғызған соң, әзірге кейінге қалдырған. Шебердің көңілінде аттай тулап жатқан амбициясының адуын басып тұрған тек бұл ғана емес. Шикізаттарды – ағаш материалдар, желім, шеге, бұранда және тағы басқаларды жеткізу ұзаққа созылып кететін кездері аз емес екен. Одан соңғы мәселе – дайын өнімді өткізу. Тапсырыс жинау. Астана қаласының дүкендеріне беріп қойған, бірақ өтпей тұрған бұйымдары көп. Сол себептен сатуға арнап жасайтын өнімдерін азайтып, тек қана тапсырысқа жасайтын болыпты. Бұл бір жағы жарнама жетіспеушілігінен де болар. Бұл өз кезегінде алдағы жоспарларға қолбайлау болып тұр.
«Әуелгідегі жоспарым өте зор. Ең бастысы – өнімді өткізу жағын бір жолға қойып алсам, жаңадан салып жатқан аңғардың құрылысын бітіріп, жаңа цех ашқым келеді. Осында қолынан іс келетін, жұмыссыз отырған шебер жігіттер көп. Соларды тартып, өндірістік жаңа деңгейге көтерілсем деп едім. Ол үшін барлық құрал-сайман, қондырғы-жабдықтарым бар. Фрезерлік, циркулярлық, грейсмус, өндірістік дрель мен лобзик, фуговальды, таспа-аралы станоктар, компрессор және тағы басқалары, қол құрал-саймандары сақадай сай. Жұмыс істеуге толық жағдай жасалған. Бұл тұрғыда мекеме әкімшілігі тарапынан көп көмек көрсетіліп жатыр. Бостандықтағы сенімді өкілім де барынша жұмыс істеуде», – дейді Сергей Александрович.
Расында да, сөз басында айтқанымыздай, жер-жердегі жеке кәсіп ашқан жазасын өтеушілердің басындағы жағдай осындай. Өнім өткізуде қиналатындығы. Бұл проблеманы еңсеру бостандықтан қатынап істейтін азаматтық тұлғалар үшін оңай болуы мүмкін. Ал өнім өтсе, одан түскен қаржыға жазасын өтеушілер талап-қарызын өтеп, отбасына көмектесіп, кәсібін ілгері дөңгелектер еді. Егер осы қиыншылықтардың легімен жазасын өтеушінің жаңа бастаған ісі жабылып қалатын болса, түзеу мекемелеріндегі жұмыспен қамту мәселесінің де жүгі ауырлайды. Сол себептен «заңмен рұқсат етіп, қолайлы ахуал туғызған мемлекет тарапынан да тапсырыс болып жатса, құба-құп болар еді» дейді қолы шебер кәсіпкер. Қандай болғанда да қолөнерге қолдау қажет.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суреттерді түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*