Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Жаңа жоба аясындағы жүздесу

Жаңа жоба аясындағы жүздесу

17 сәуірде Астанадағы Қазақ мемлекеттік заң университетінде ІІМ жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы, профессор Марат Қоғамов Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының сарапшылары Хилле Хинсбергпен (Франция) және Дмитро Хуткиймен (Украина) кездесті.
«Функционалдық шолуды іске асыруды қолдау» жобасы аясында өткен кездесу барысында шетелдік сарапшылар Қазақстанның мемлекеттік органдарының ашықтығы, құқық қорғау мәселелері, соның ішінде ІІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің қызметі туралы сауалдар қойып, кең мағлұмат алды. Әсіресе, оларды Қоғамдық кеңес мүшелерінің қоғамдық мониторингті қалай жүргізетіндігі, аймақтарға шығу барысында жергілікті жай-күйді қалай анықтайтындығы, сондай-ақ, оған қаражаттың қайдан бөлінетіндігі қызықтырды.
Қоғамдық кеңес қызмет етіп келе жатқан үш жылға жуық уақыт ішінде атқарылған шараларға және бұл ұйым қызметінің сипатына кеңінен тоқталған кеңес төрағасы Марат Шекішұлы бүгінге дейін 7 қоғамдық тыңдау ұйымдастырылып, азаматтардан түскен 97 арыз-шағым қаралғанын тілге тиек етті.
– Қоғамдық кеңестің қызмет қағидасы автономдық, дербестік және тәуелсіздік деген үш қағидаға негізделген. Кеңес құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, оқу орындарының, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Нақтырақ айтқанда, азаматтық қоғамнан 12 адам, ІІМ-нен 6 адам бар. Қоғамдық кеңестің қоғамдық тыңдаулары мен отырыстарында ішкі істер органдарының маңызды мәселелері бойынша ІІМ басшылығының есептері тыңдалып, азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдар қаралады. Сонымен қатар, ІІО жекелей қызмет бағытына қоғамдық мониторинг, т.б. жұмыстар атқарылады, – деп атап өтті Марат Шекішұлы.
Кездесуге қатысқан ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев шетелдік сарапшылардың министрліктің халықпен байланысы туралы қойған сұрағына жауап берді.
– Біздің ведомстволық сайтымызда Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың арнайы блогы бар. Ол жерге күніне азаматтардан 40 шақты хат келіп түседі. Әрқайсысын министрдің өзі оқып, қадағалап, жауап беріп отырады, – деді Алмас Кәдірбекұлы.
Кездесуден кейін Марат Қоғамов Хилле Хинсберг пен Дмитро Хуткийге Қазақ мемлекеттік заң университетінің ғимаратын аралап, таныстырды.

Ескендір ТАСБОЛАТ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Көшеге көрік берген көшеттер

Жуырда ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаменті Астана стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының қызметкерлері елордадағы №71 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған