Заңнамадағы жаңашылдықтар

Алматыда шетелдік депутаттар мен мемлекеттік емес ұйым өкілдері Қазақстандағы азаптау мен зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жұмысының механизмімен танысты.
16 сәуірде Алматы қалалық ІІД-де Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, Бас прокурордың орынбасары Е. Кененбаев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Р. Василенко, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюро Тергеу департаментінің басшысы С. Перов Қазақстандағы азаптау мен зорлық-зомбылық әрекеттеріне қарсы күрестің жұмыс механизмін жетілдіру мен жалпы азамат құқықтарының қорғалуын нығайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайында шетелдік делегация депутаттары және мемлекеттік емес ұйым мүшелері үшін БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.
Кездесуге шетелдік делегаттар, оның ішінде Испания, Румыния, Польша мемлекеттерінің парламент мүшелері, Италия мен Чехияның мемлекеттік емес ұйым өкілдері және ҚР Парламенті Сенатының депутаттары қатысып, Қазақстандағы пенитенциарлық жүйе жұмысымен кеңінен танысты. Қазақстан Республикасы 1998 жылы БҰҰ-ның конвенциясына қосылған күннен бастап азаптау мен зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша тиімді ұлттық жүйе қалыптастырды.
Сонымен қатар, кездесуде Қазақстан Республикасының ашық әрі демократиялық және құқықтық мемлекет екендігі баса айтылды. Бүгінгі таңда барлық мемлекеттік органдарда азаптау мен зорлық-зомбылыққа қатысты фактілер және оған кінәлі тұлғалар әшкереленіп отырады. Кез келген арыз-шағым жіті тергеліп, жәбірленушінің құқықтары мен бас бостандықтарының сақталуы мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады.
«Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданыстағы заң нормаларында кез келген тұлғаға қатысты азаптау әрекеттері немесе зорлық-зомбылық көрсету, сонымен қатар, азаматтарға қатысты өзге де қатал жазаларды қолдануға, олардың ар-намысын қорлауға толық тыйым салынған. Қазақстан Республикасында қолданылып отырған барлық шаралар мемлекеттік органдар мен қоғамда азаматтарға қатысты азаптау мен зорлық-зомбылық әрекеттерге «мүлдем төзбеушілік» қағидасына бағытталған. Аталған принцип – соңғы жылдары жүргізілген реформалардың негізгі бағыттарының бірі. Елбасының тікелей тапсырмасымен қылмыстық заңнамаларға түбегейлі реформалар енгізіліп, халықаралық құқықтық нормалар мен ізгілендіруге бағытталған Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық атқару кодекстері қайта қабылданды», – деп атап көрсетті Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов.
Сондай-ақ, ол өз баяндамасында еліміздің жаңа қабылданған заңнамаларында азаматтардың құқықтары мен бас бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында процессуалды прокурор және тергеу соттары сияқты жаңашылдықтар енгізілгенін алға тартып, заң шеңберінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардан бөлек тұлғаларға қатысты «қамауға алу» шарасы бойынша шектеулер қойылғандығын жеткізді. Бұл ретте, қорғаушылардың рөлі артып, күдіктілерді уақытша ұстау уақыты 48 сағатқа дейін қысқартылған.
Кездесу барысында арыз-шағым түсірудің біркелкі жүйесінің тиімділігі мен жазасын өтеуші азаматтар үшін кез келген уақытта қандай да бір арыз-шағым түсіре алулары үшін ІІМ-нің бірыңғай 102 сенім телефоны және шағымдар үшін орнатылған арнайы жәшіктер шетелдіктердің назарын аударды.
Қазақстанда заң жаңашылдықтарынан бөлек, тәжірибелік шаралар да қабылданған. Дәлірек айтқанда, құқық қорғау органдары ғимараттарында кезең-кезеңімен бейнебақылау камераларымен жабдықталған ашық тергеу кабинеттері енгізілуде. Бүгінгі таңда мұндай 700 кабинет жұмыс істеп жатыр.
Қабылданған шаралар нәтижесінде, 2017 жылдың қорытындысы бойынша төмендегі шағымдар саны азайды:
– полицияның заңсыз әрекеті мен шешімі 25 пайызға;
– заңсыз тергеу амалдары екі есе;
– азаматтарды заңсыз ұстап, ІІО-ға жеткізу – 2 есе.
«Азаптауға немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұлғалар қосымша тегін заңдық кеңестер алуға, медициналық және әлеуметтік немесе психологиялық көмектер алуға құқылы. Қазақстанның барлық аймағында қатаң жазалау шаралары қолданылған немесе азаптау мен зорлық-зомбылық құрбандарына айналған азаматтарға көмек қолын созатын күйзеліс орталықтары жұмыс істеуде. Бүгінде азаптау мен зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұлғаларға мемлекет тарапынан өтемақы төленіп, болашақ өмірінің дұрыс бағытта жалғасуына жағдай жасалуда. Бұл бағыттағы жаң жобасы биылғы қаңтар айында қабылданған болатын. Ескере кетсек, кез келген азаматқа қатысты азаптау мен зорлық-зомбылық әрекеттер жасау ауыр қылмыстар санатына жатады. Заң бойынша мұндай қылмыс жасағандарға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып, олар ешқандай рақымшылық шараларына ілінбейді әрі өз жазаларын толық өтейді», – деді Рашид Жақыпов.
Кездесу соңында делегаттар бірқатар қылмыстық іспен танысып, Алматыдағы №1 тергеу изоляторына да бас сұқты.

Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*