Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Туған жер топырағы Волгоградқа жөнелтілмек

Туған жер топырағы Волгоградқа жөнелтілмек

16 сәуір күні елордада Кеңес Одағының батыры, халық қаһарманы Б. Момышұлы ескерткіші алаңында Ұлы Отан соғысындағы ең ірі шайқас – Сталинград шайқасындағы жеңістің 75 жылдығына орай туған жердің топырағын Волгоград қаласына жөнелту рәсімі болды.
Туған жердің топырағын арнайы ескерткіш құтымен Мамай қорғанына жөнелту рәсіміне елордалық тәртіп сақшылары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен олардың туысқандары, жауынгер-интернационалистер, Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесі, Астана қаласы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Сын сағатта Отанын жаудан қорғаған, қасық қаны қалғанша ел шетін басқан дұшпанға қарсы күрескен аталардың, еліміздің батырларының есімі мен ерлігі ұмытылмайды. Сол ашық күні найзағай ойнағандай, күркіреп өткен соғысқа Ақмола аумағында құрылған қазақстандық 459 және 387-ші атқыштар дивизиясы қатысып, Сталинград қаласын ерлікпен қорғағаны тарихтан белгілі. Таяуда «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі 27 сәуірде Ресейде Сталинград қорғаушылары – Қазақстаннан барған жауынгерлерге арналған граниттен жасалған ескерткіштің ашылу салтанатына шақыру алған болатын. «Генералдар кеңесі» РҚБ делегациясы туған жердің топырағын Ресей Федерациясының Волгоград қаласындағы «Мамаев қорғаны» мемориалына орнатылған аталған ескерткішке қоюды жоспарлап отыр. Осындай іс-шаралар Сталинградты қорғау үшін әскери бөлімдер жасақталған бірқатар облыстарда өткізіледі.
ІІО және ҰҰ адагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков салтанатты шарада Отанды жаудан қорғау үшін Ақмола жерінен майданға көп адам аттанғанын әңгімелеп, олардың ерлік істеріне тоқталды. «Бұл іс-шара президентіміз Н. Назарбаевтың рухани жаңғыру бағдарламасына, сонымен бірге, Сталинград шайқасындағы жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Мақсаты – сол соғыста біздің бейбіт күніміз үшін жанын пида еткен әкелеріміз, ағаларымыздың есімін есте қалдыру. Кейбір топтар Ұлы Отан соғысына қатысты тарихты өзгертіп айтқысы келеді, басқаша сипат бергісі келетін ниетін байқаймыз. Ақиқаты – ол жеңіс біздің әкелеріміздің, ағаларымыздың ерлігімен келді.
Капсулаға салған топырақ Мамай қорғаындағы музейге қойылады. Қазақстан Сталинград майданына ең жақын орналасқан тыл болғандықтан, жеңіске қосқан үлестері айтарлықтай зор болды. Қазақстандық жауынгерлер сол жойқын соғыста небір өшпес ерліктің үлгісін көрсетті. Сталинград шайқасындағы қорғаныс және шабуылдаушы ұрыстарда Қазақстанда жасақталған 27, 72, 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы, 292 және 387-ші атқыштар дивизиясы, 81-ші Жамбылдық кавалериялық дивизиясы, 74-ші теңіз атқыштар дивизиясы, 129-шы миномет полкі және 156-мотоатқыштар батальоны жауға қарсы аянбай соғысты. Сталинград шайқасында, сондай-ақ, 29-шы Ақмола және 38-ші Алматы атқыштар дивизиясының даңқы шықты. Ақмолада құрылған атқыштар дивизиясы кейін Кеңес Одағының Маршалы В.И. Чуйковтың қолбасшылығындағы 64-ші армияның құрамына енген болатын. Майдан даласындағы ұрыстарда полковник Ғани Сафиуллин басқаратын 38-ші дивизияның қазақстандық жауынгерлері немістердің 297-ші жаяу дивизиясын талқандап, оның командирі фон Дребберді штабымен қоса қолға түсірді.
Қарағандылық Нүркен Әбдіровтың (Кеңес Одағының батыры) ерлігі де елдің есінде мәңгілікке қалды. Ол 1942 жылдың 19 желтоқсанында Боковская-Пономаревка ауданындағы әуе шайқасында өзінің отқа оранған ұшағын шоғырланған жау танкілерінің ортасына апарып құлатып, ерлікпен қаза тапты. Сталинградты қорғаушы батыр, екі Даңқ орденінің кавалері Ізғұтты Айтықовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Дон мен Еділ жағалауында жау бөлімдерін қоршауға алу операциялары кезінде тағы бір қазақстандық Кеңес Одағының батыры, подполковник Тимофей Позолотин (Кеңес Одағының Батыры, Ақмола облысынан) қолбасшылығындағы 17-ші гвардиялық танк полкі ерекше көзге түскен еді. Сондай-ақ, Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан минометчик Қарыспай Спатаев пен лейтенант Гаяз Рамаевқа да Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. «Павлов үйі» гарзизонының құрамында болған оңтүстікқазақстандық батыр Толыбай Мұрзаевтың ерлігі де ел есінде. Шәкір Алпыспаев, К. Көшербаев, Рашид Мерғалиев, Нұртаза Сұлтанов, Қасымбек Естаев сияқты тағы мыңдаған жауынгерлер Сталинград шайқасындағы ерліктері үшін бірнеше ордендермен марапатталды.
Жалпы Мамаев қорғанында екі адамның қабірі ғана қойылған екен. Оның бірі – өз өсиеті бойынша 1980 жылдары жерленген Кеңес Одағының Маршалы В.И. Чуйков болса, екіншісі қазақтың батыр ұлы – Нүркен Әбдіров. Сталинград майданында қаза тапқан өзге батырлардың есімі Мамаев Қорғандағы қабырға-стендтерге толық жазылған. Дон мен Еділ жағалауында жау бөлімдерін қоршауға алу операциялары кезінде тағы бір қазақстандық, подполковник Т.С. Позолотин қолбасшылығындағы 17-ші гвардиялық танк полкі ерекше көзге түскен еді. Ал, Сталинградты қорғаушы батыр, екі Даңқ орденінің кавалері Ізғұтты Айтықовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Міне, осылайша Сталинград шайқасындағы жеңіс кеңес әскерлерінің рухын көтерді, бұған дейін қорғаныста ғана соғысып келген жауынгерлеріміз қарсы шабуылдар ұйымдастыра бастады. Сөйтіп, майдан даласындағы ұрыстарда жеңіс біртіндеп біздің қолымызға көшкен еді. Бүгінгі волгоградтықтар Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақстандықтардың жеңіске қосқан үлесін өте жоғары бағайлайды. Әрдайым құрметпен еске алып, ұрпақ санасында жаңғыртып отырады. Бүгінгі іс-шара өте мазмұнды, өте маңызды. Біз әрқашан Ұлы Жеңіс жауынгерлерінің ерлігі туралы естелікті жадымызда сақтаймыз», – деді Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков.

Ж. ҒАЗИЗ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Пробация қызметіне 4 жаңа көлік

18 сәуірде Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің жеке құрамы жазғы киімге ауысуына байланысты …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған