Шекара күзеткен сарбаз

Ақтөбелік тәртіп сақшысы Серік Қолғанатов тәжік-ауған шекарасына қазақстандық бітімгерлік батальонының кіргеніне 25 жыл толуына орай мерекелік медальмен марапатталды.
Серік Сейітжанұлы әскери міндетін атқарған жылдары 1996 жылдың қаңтар айынан сәуір айына дейін 13-ші рота құрамында тәжік-ауған шекарасындағы соғысқа қатысып, бітімгер ретінде Отан алдындағы парызын өтеген. «Түннің бір уағында шекара бұзып өтпек болған бүлікшілерге тосқауыл қоймақ болып, қасымдағы жолдастарымен бірге жедел қимылдап, қырағылық таныттық. Сол үшін «Үздік шекарашы» деген төсбелгі және құрмет грамотасымен марапатталдық. Біздің ротадан адам шығыны болған жоқ. Елге аман оралдық», – дейді Серік Қолғанатов.
Оның ішкі істер органдарына келгеніне биыл 10 жылдан асты. Еңбек жолын криминалист болып бастаған. Қазір полиция майоры. Қызметтегі жауапкершілігі үшін ІІМ Құрмет грамотасымен марапатталған. Жуырда Ақтөбе облыстық ІІД қызметкерлері арасында өткен «Үздік полицей» байқауында көзге түсіп, бірінші орынды иеленді.
«Бала кезімен тәртіп сақшысы болуды армандадым. Жұмысқа тұрарда үш жыл тағылымдамадан өттім. Мен өз мамандығымды мақтан етемін. Біз өзіміздің кешегі жүріп өткен жолымызды, Отан үшін от кешуге даяр болған кездерімізді және ел тыныштығы мен бейбіт өмір үшін жанын пида еткен сарбаздарымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. Жыл сайын сәуір айында еске алу шараларын өткізіп тұрамыз. Бұл шаралардың өскелең жас ұрпақты отансүйгіштікке, ел қорғауға тәрбиелеуде үлкен мәні бар», – дейді тәртіп сақшысы.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында тәжік-ауған шекарасындағы соғысқа қатысқан 250-ге жуық ардагер бар. ҚР тәжік-ауған ардагерлерінің қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе филиалы жұмыс істейді. Бірлестіктің жастар қанаты да бар. Ақтөбеліктер 6655 және 23238-ші әскери бөлімдермен тығыз байланыста жұмыс жасап, өңірде көптеген патриоттық бағыттағы іс-шараларға мұрындық болып жүр.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*