От кешкен он жеті боздақ

Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңнен елдің қауіпсіздігі мен ішкі тәртібін күзету, аса маңызды нысандарды қорғау мақсаты тұрды. Әр өңірге қажетті полктар мен батальондар қайта құрылып, әскери бөлімдердің орындары ауыстырылды. Сондай-ақ, халықаралық келісімге сәйкес Ішкі әскердің әскери қызметшілері 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты.
Осы жылдары кезекті ауысым түрі бойынша 20 құрама рота құрылып, 2 мыңнан астам сарбаз бен сардар жауынгерлік тапсырманы орындады. Оқ пен оттың ортасында жүргенде қарулы қақтығыс болмай тұрмайды. 1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауындағы Пшихавр шатқалында болған қарулы қақтығыс кезінде ішкі әскердің 17 жауынгері жанқиярлық ерлікпен қаза тапты. Қанды шайқаста оққа ұшып, шейіт кеткен сарбаздардың арасында Жақсылық Жансүгіров пен Ержан Әбдиев сынды Сыр ұлдары бар еді.
Жуырда Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімде «Ер есімі – ел есінде» атты еске алу митингісі өтті. Шараға шейіт кеткен боздақтардың ата-аналары, қарулас достары, мектеп оқуашылары және әскери қызметшілер мен сарбаздар қатысты.
Бұл бөлімде 17 жауынгерге арналған ескерткіш бар. Келушілер ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан соң әскери дағды бойынша метроном ойнап, салюттік топ көкке қарата үш рет оқ атты.
5547 әскери бөлім командирі, подполковник Мақсат Қырғызбаев сарбаздардың жүктелген міндетті абыроймен атқарғанын айтты.
– 1995 жылдың 7 сәуірі – Ішкі әскерлердің тарихында мәңгілік ұмытылмайды. Таулы Памирдің Пшихавр шатқалынан жүк алып өтіп бара жатқан бітімгерлік колоннасы тұтқиылдан моджахедтердің шабуылына ұшырайды. Төрт сағатқа созылған қанды ұрыста ішкі әскердің 17 жауынгері оққа ұшып, 33 әскери қызметші түрлі дәрежедегі жарақат алады. Бірақ, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Біз, Ұлттық Ұлан қызметкерлері дәстүр бойынша 7 сәуір күні он жеті боздақтың әруағына арнап, ескерткіш алаңында сапқа тұрып, ерлікке тағзым етеміз, – деді бөлім командирі.
«Ер есімі – ел есінде» деген сөзді халқымыз бекер айтпаған. Арада көп уақыт өтпей Ішкі әскердің ержүрек ұлдары мемлекетіміздің жоғары наградасы – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталып, туысқандарына табыс етілді. Есімдері өздері қызмет еткен бөлімнің жеке құрама тізіміне мәңгілікке жазылды. Көшелер мен мектептерге есімдері берілді.
«Елді қорғау – ердің міндеті» екенін бахадүр бабаларымыз ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Ұлан-байтақ жерімізді, тәуелсіз елімізді болашаққа аманат етіп қалдырған бабаларымыздың ерлік дәстүрін жалғастыру – әскер сапындағы сардарлар мен сарбаздардың қасиетті борышы.
Иә, әскердің орнына әскер келеді. Армия қатары толығады. Бірақ, он сегізге енді толған баласы бейбіт уақытта қаза тауып, аңырап қалған ата-ананың арманын кім жалғар, өкінішінің орны қалай толығар? Боздақтар қатарындағы жерлестеріміз Жақсылық Жансүгіров пен Ержан Әбдиевтің ата-анасы көз жастарын ірке алмады.
– Жас өмірлерін қиып, ерлікпен қаза тапқан балаларымызды біз ешқашан ұмытпаймыз. Қолдан келер басқа шара жоқ. Біздің қасиетті борышымыз – өздеріңді ұмытпай, ерліктеріңді қастерлеп өту. Бұл ұрпақтар үшін ұлағатты іс болып қала бермек. Ешқашан соғыс болмасын, бейбітшілік заман болсын! – деді Жақсылықтың анасы Ұлдай апа Жансүгірова.
«Ер есімі – ел есінде» мәңгілік ұрпақтан ұрпаққа тарих болып қала бермек.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ, Қызылорда қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*