Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Қазақстандық қоғам идеалы – білімдар жастар

Қазақстандық қоғам идеалы – білімдар жастар

Адамзат тарихында қай қоғамда болмасын даму процесі ұдайы толастамайды. Әлемдегі алпауыт мемлекеттердің көш бастауы – сол елдегі даму саясатының оңтайлы әрі дер кезінде жүргізілгендігінің айғағы.
Тәуелсіз Қазақстан өркениеттің әлемдегі озық тәжірибелерін енгізуді және өз елімізге қолайлы жолдарды зерттеп, қазақ елінің бәсекелестігін арттыруға барлық қадамдар жасалып, қарқынды дамудың даңғыл жолы айқындалды. Президент Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік», – деп атап көрсетті.
Қоғамдағы барлық саланы ілгерілетуге, тіпті озық технологияларды жетілдіруге, әрине, білікті мамандар, яғни адами капитал қажет.
Құқық қорғау саласына қатысты Елбасы аталған Жолдауда «Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет», – деді. Заңның үстемдігін қамтамсыз етуді қалыптастыруда қоғамдағы азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетінің төмендігі кері әсерін тигізіп отыр. Осы бағытта халыққа құқықтық ақпараттар беріліп, сауаттандыру жұмыстарына, сонымен бірге, құқық қорғау органдары өкілдеріне деген халықтың сенімін нығайтуға күш салынып отыр. «Ақылды технологияларды» енгізу арқылы халыққа сапалы, ыңғайлы әрі жылдам қызмет көрсетіледі. Ал Президенттің әлеуметтік бес бастамасы, біріншіден, халықтың әл-ауқатын нығайтып, қоғамдағы құқық бұзушыларды азайтады, екіншіден, жас мамандарды сапалы даярлап, өз еліне адал қызмет етуге ынталандырар қадам.
Білімі тайыз, біліктілігі төмен халық дамушы елді дамыта алмайды. Елбасы айтқандай, «өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс». Төртінші революция жағдайына көшудің маңызды тетігі – дамыған индустрия, оны жүзеге асырушы күш – жаңа технологиялардың жетістіктерімен қаруланған мамандар. Азаматтарымыз жан-жақты сауаттанған жағдайда мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріне араласып, белсенділік танытады. Демек, білімді жастар – Қазақстанды халықаралық аренада алдыңғы қатарға шығуының, мемлекетіміздің нығайып, қанатын құлаштап самғауының кепілі. Сондықтан әрбір азамат – өз мамандығын жетік меңгеруді айнымас міндетіне айналдыруы керек. Еліміздің дамуындағы жаңа бір тарихи кезеңде тұрғанымызды, тек үздіктер ғана болашағымызды тұрғызатынын түсінуіміз керек.

Асқар ИМАНОВ, Ақтөбе қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

17 мың заң бұзушылық

Көліктегі ІІД және оның желілік бөліністері қызметкерлері қызмет көрсету аумағындағы жедел жай-күйді жақсарту мақсатында барлық …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған