Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Көші-қон қызметі ілгерілеп келеді

Көші-қон қызметі ілгерілеп келеді

Биыл ел жүрегі – Астана қаласына 20 жыл толғалы отыр. Тарих үшін бұл қас-қағым сәт. Әлемнің үлкен қалалары 100 жылда бой көтерсе, Астана небәрі 20 жыл ішінде дүниенің ең көрікті, саяси маңызды қалаларының біріне айналды. Міне, осы жиырма жыл ішінде жаңа қаланы тұрғызуға өте көп жұмыс күші қажет болды. Сол уақыттан бері Астанаға еліміздің әр өңірі мен шетелдерден мыңдаған жұмысшы келіп-кетуде. Әсіресе, шетелден келген жұмысшыларды бақылап, оларға заңды көмек көрсетіп отыру – жауапты істердің бірі.
Біз Астана қаласының Көші-қон қызметтері орталығына ат басын бұрдық. Жаңа орталықтың ішінде жұмыс қайнап тұрғанын көріп, үлкен қалаға жұмыс іздеп, қыдырып келген шетелдік азаматтарға орталықтың қызметі, үкімет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер жайында сауалнама жүргізген болатынбыз.

Ділшод, құрлысшы:
– Мен Өзбекстаннан Астанаға әр жылдың көктемінде келіп, күзге дейін құрлысшы болып жұмыс істеп, ақша тауып кетемін. Бүгін мен көші-қон орталығына тіркеліп, жұмыс істеуге рұқсат алу үшін келдім. Кезекте көп тұрған жоқпын және құжаттарды рәсімдеуде ешқандай қиындық туындаған жоқ.
Бұрын бізге Өзбекстаннан Қазақстанның шекарасына өту үшін 5-6 сағат, кейде бір күн уақыт кететін. Ал қазір 1 сағаттың ішінде өтеміз. Бұл өзбек халқы үшін қуанышты жағдай. Екі елдің достығы бұдан да жақындай түссін!

Байышбек, саудагер:
– Мен Қырғызстаннан киім әкеліп сатамын. Астанада тұрып жатқанымызға үш жылдан асты. Әйелім екеуміз бірге сауда жасаймыз. Барлық құжатым, атқарып жатқан жұмысым заң бойынша дұрыс.
Осыдан 4-5 жыл бұрын Қазақстанға тауар алып өту көп кедергі туғызатынү Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіргелі ол кедергінің бәрі артта қалды. Қазіргі уақытта өзімнің жеке көлігіммен тауар тасып, қалада емін-еркін жүре беремін. Осындай бауырлық, экономикалық одақ құруға себепші болған Елбасыларыңыз Нұрсұлтан Назарбаевқа қырғыз ағайындардың атынан алғысымды айтамын.

Гүлғайша, дәрігер:
– Қытайдан атамекенге оралғаныма 3 жылдан асты. Алматы қаласынан Астанаға көшіп келгеніме бір ай болды. Жақын арада Қазақстан Республикасының азаматтығын аламын. Көші-қон қызметтері орталығына тіркелу үшін келдім және 6 жасар баламды мектепке орналастыруым керек. Барлық сұрағыма нақты жауап берген мекеме қызметкерлеріне алғысымды айтамын. Алдағы уақытта Қытайдағы қандастарымыз еш қиындықсыз елге оралып, азаматтықтарын алса деймін.

Дәурен, кәсіпкер:
– Мен Өзбекстаннан келген азаматтарға жұмыс берушімін. ХҚКО-ғына келіп жұмысшыларымды тіркеп, олардың елімізде еңбек етуіне рұқсат алып жатырмын. Бұл орталықтың ерекшілігі – ХҚКО мен көші-қон қызметі бір ғимаратта орналасқандығы. Оған қоса, банк бөлімшесі де бар екен. Мигранттар тапқан ақшаларын осы жерден өз елдеріне аудара береді. Алдағы уақытта осындай орталықтар еліміздің барлық қаласында ашылса, құба-құп. Еңбек етуге келген азаматтарға жағдай жасасақ, олардың да жасаған жұмыстары сапалы болады.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың қаңтар айында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ІІМ-мен бірлесе отырып, Астана қаласында көші-қон жөніндегі ХҚКО ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Бұл тек Қазақстан азаматтары үшін емес, сырттан келген шетел азаматтар үшін де өте қолайлы болды. Аталмыш ғимаратқа бұрын әр жерде орналасқан қажетті қызмет түрлері шоғырланды. Соның ішінде банктер, сақтандыру компаниялары, медициналық мекемелер, салық қызметтері. Бұған дейін рұқсат алу үшін немесе мерзімін ұзарту үшін шетелден келген жұмысшылар мен саяхатшылар шамамен 5-6 орынға барып, 4 күн уақыттарын жұмсайтын еді, ал қазір осының бәріне бір сағат уақыт жеткілікті. Алдағы уақытта осындай ХҚКО-ны Алматыда және еліміздің кейбір өңірлерінде ашу жоспарланып отыр.

Рауан МАХАНОВ, Астана қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

17 мың заң бұзушылық

Көліктегі ІІД және оның желілік бөліністері қызметкерлері қызмет көрсету аумағындағы жедел жай-күйді жақсарту мақсатында барлық …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған