Ер есімі – ел есінде

Ел тыныштығы үшін бүкіл ғұмырын ат үстінде өткізіп, тақымында тер кеппеген, талай найза мен қылыш сындырған, теңдік пен бақыт үшін күресіп, әділ билеуші, қайырымды қолдаушыны армандаған аталарымызды әр уақытта келер ұрпақтың келбеті толғандырған. Олар ата жұрты үшін жан беріп, жан алысып, талай боздағынан айырылды, талай қиындықты бастан кешті. Елінің атын, жерінің даңқын шығаратын тұлғаларды ардақтап, «Адал ұл ер боп туса – ел тілегі» дегенді үнемі естен шығармады.
Ерлік пен өрліктің хас үлгісін көрсеткен батырларды мадақтау, олардың алдында бас иіп, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың да бұлжымас парызы. Бүгінгі тыныш өміріміз, тәуелсіздігіміз осындай батырлық пен ерліктің белгісіндей болған ержүрек ерлеріміздің ерен еңбегі деп білеміз және бейбіт күннің әр сәтін бағалау қажеттілігін бәріміз сезінудеміз.
Ел тыныштығы үшін аптап ыстық пен қақаған қыста алдыңғы сапта тұратын полиция қызметкерлері бүгінгі күннің батырлары іспетті. Сыртқы жаудан шекарамызды қорып, ішкі бытыраңқылықтың алдын алатын қиын мамандық иелері бейбіт заманда да өз өмірлерін қатерге тігіп жүреді.
Тәуелсізді кжылдарында өз қызметтік міндеттерін атқару барысында 800-ден аса ішкі істер органдарының қызметкері мерт болып, 3 мыңнан астамы жараланды. Көрсеткен ерлігі үшін 1100 полицей мемлекеттік наградаға ие болса, өкініштісі, оның 115-іне қаза тапқаннан кейін ғана марапаттары табыс етілді. Қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жан тәсілім еткен полиция қызметкерлерінің есімдері мәңгілік жадымызда сақталады.
Осындай хас ерліктің үлгісін 2011 жылдың қарашасында қандықол лаңкесті тоқтату барысында қаза болған, халқының тыныштығы үшін басын бәйгеге тігіп, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атағына ие болған бірегей тәртіп сақшысы Ғазиз Байтасов көрсете білді. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» екендігін тағы да дәлелдеген батыр әріптесіміздің жанқиярлығы талай жүректерге от тастап, намыс найзағайын ойнатқандығы шындық.
Шын батыр сын үстінде танылады. Батылдық, отансүйгіштік, ұстамдылық, табандылық, қайсарлық – нағыз батырлардың қасиеті. Өлім қаупі төнсе де, рухын жоғары ұстап, басына төнген қауіптен жалтармай, қоғамдық мәнді мақсаттарды негізгі борышым деп есептеген Ғазиз Байтасов басшылық тарапынан 25 рет марапатқа ие болып, қалтқысыз қызметі үшін біршама медальдармен марапатталған.
Аз ғана ғұмырында асқан ерлігімен Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің биік өлшемін көрсеткен қаһарман әріптесіміздің ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі екені даусыз. Жылдар өткен сайын батырдың бейнесі айшықталып, ұлғая түседі. Қаза болған алты жыл ішінде Ғазиз Байтасовтың есімі кең байтақ елімізге аңыз болды, өжеттіліктің, өрліктің белгісі болып тарихқа енді. Ерлігімен қазақстандық полицейлердің абыройын асқақтатып, тыныштық сақшыларына халық сенімін ұялатты.
«Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» демекші, ел абыройын бұлқынған намыспен және жұлқынған жігермен ақтық демі қалғанша қорғаған Ғазиз ағамыздай қаһарманның бейнесі жадымызда жаңғырып, оның бойындағы отаншылдық сезім қазіргі сапта тұрған барша полицейге қолдау көрсетіп тұрғандай. Бұл күндері жалпы тәртіпті, әділдікті, қоғамның тыныштық күзетінде қызмет етіп, жабырқаған жандарға медет болған, қиналғандарға қорған болған сақшылардың еңбегі зор.
Заңның жүзеге асуын, қылмыскердің құрықталып, жазаға тартылуын қамтамасыз ететін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне артылатын жауапкершілік жүгі ауыр. Қарапайым адам полиция қызметкері бола алмайды. Асқан сабырлылық пен табандылықты қажет ететін қызметке асқан жауапкершілікпен келу қажет.
Еліміздің ертеңгі үшін қоғам тыныштығын сақтайтын болашақ офицерлерді тәрбиелеуде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, үздік үрдістерді пайдаланып, рухани бай ұрпақты тәрбиелеудеміз. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен көрегенді халқымыздың озық дәстүрлерін насихаттау арқылы Отансүйгіш, нағыз патриот азаматтарды қалыптастыру – біздің басты мақсатымыз. Осы тұста Ғазиз ағамыздың ерлігі Оқу орталығымыздың тыңдаушыларына үлгі болса, қызметтік жолы үлкен сабақ.
«Отанды сүю – иманнан» демекші, рухы биік ұрпақты соққан дауыл да, шапқан жау да ала алмайды. Сондықтан болашақ офицерлердің, ең алдымен, адами қасиеттерін дамытып, әскери дағдыға үйрету, арнайы бастапқы оқыту курсынан өткізу біздер үшін үлкен жауапкершілік. Батырлардың ерлігі мен батырлығын ұлықтау арқылы қанымызға сіңген ізгі қасиеттерді қайта түлетіп, ұлттың дамуына үлес қосудамыз.
Осындай игі істердің арқасында ішкі және сыртқы тұрақтылығымыз нығаймаса, әлсіреген жоқ. Осы жолда біліміміз бен білігімізді, қайратымыз бен қабілетімізді, қажет болса қанымыз бен жанымызды аямай жұмсайтын боламыз.
Елімізде бейбітшілік болсын, ел ішіндегі бірлік пен ұйыған татулықтың баяндылығын мақсат тұтқан айбынды азаматтарымыз аман болсын. Қыран қанатын құлаштаған көк байрағымыз желбіреп, тұғырымыз биіктеп, мәртебеміз асқақтай берсін!
Елін сүйген ер есімі – мәңгілік ел есінде.

Ерболат ТОЙЛЫБАЕВ, Шымкент қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*