Халық пен заңға адал бол!

Кез келген қылмыстың ақ пен қарасын ажыратып, ақиқат пен шындығына қол жеткізу – тергеуші деген үлкен мамандық иесіне жүктеледі. Олардан біліктілік, төзімділік және үлкен ізденіс талап етіледі. Сондықтан да тергеушінің қоғамға қосар үлесі орасан зор. Осы қиын да маңызды, аса жауапкершілігі мол мамандықтың қыр-сырын үйреніп, абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтар ІІО-да аз емес.
Полиция капитаны Асқар Жұмабеков 2017 жылдың наурыз айынан бастап Астана қаласы әуежайындағы Ішкі істер желілік бөлімі тергеу бөлімшесінің бастығы болып тағайындалып, жемісті еңбек етіп келе жатқан жас басшының бірі. Жас та болса тынымсыз еңбегі мен ақыл-парасатының арқасында үздіктер тізіміне ілікті. Ұстаздар отбасында дүниеге келген ол – балалық шағынан полиция қызметкері болуды армандады.
1990 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, алғашқы білім нәрін Шар қаласындағы орта мектепте бастап, үлкен өмірге зор үмітпен қадам басқан жас өрен сол мектеп қабырғасын тәмамдаған соң, Қарағанды қаласындағы Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясына оқуға түсіп, оқу орнын үздік дипломмен бітіреді. Жастайынан спортпен айналысқан Асқар есейсе де бұл саланы серік етуден жалықпады. Асқар 2006-2007 жылдары жасөспірімдер арасында еркін және қазақша күрес түрлерінен Шығыс Қазақстан облысы мен Жарма ауданының чемпионы әрі жүлдегері, қазақша күрестен бірнеше республикалық ашық турнирдің жүлдегері және 2009-2010 жылдары студенттер арасында қазақша күрестен Қарағанды облысының әкімі жүлдесінің екі мәрте жүлдегері атанған. 2013 жылы самбо күресінен Көліктегі ІІД қызметкерлері арасында өткен біріншіліктің чемпионы. Спорт жағынан үнемі өзгелерден алда жүретін жас маман қазір самбо күресінен Көліктегі ІІД құрама командасының мүшесі.
Бүгінгі күні қызмет бабында заңнамаларды, қылмыстық кодекстерді басшылыққа ала отырып, қылмыстардың ашылуында әділдікпен шешім қабылдап, мінсіз еңбек етіп жүр. Ішкі істер органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау кезінде «өте жақсы» деген баға алып, берілген сынақтардан мүдірмей өтті. Саламатты өмір салтын ұстанып, үнемі ізденісте жүретін көлік сақшысы ауыр, аса ауыр қылмыстарды тергеген кезде әділдік, заңдылық, ақиқат және шыңдық қағидаларын ұстанады. «Заңдағы өзгерістерді қадағалап, үлкен ізденісті талап ететін салада тегеуріні мықты тергеуші болу қажет» деп түйіндеді өз сөзін.
Асқар секілді жігерлі әрі қайсарлы, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын жас маманның зор талабын көргенде «Ерлік білекте емес, жүректе» екенін түсінесің. Бүгінде қызметіне адал басшы отбасын құрып, қызын тәрбиелеуде. Ішкі істер органдарының қисыны көп шаруасы мен қызметі арасынан отбасына уақыт бөліп, отбасының адамзат үшін қасиетті алтын діңгек екенін де ұмытпайды.
Жас болғанмен болашағынан зор үміт күттіретін өз саласының білікті маманы «Егемен еліміздің жарқын болашағына ішкі істер органдарының қызметкері ретінде үлесімді қосып, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуына одан әрі еңбек етемін», – дейді. Осынау тегеуріні мықты тергеушінің сөзін Алты Алаштың айбынын асқақтатқан ата-бабамыздың ілкі арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіз елдің өренді ұрпағының өрелі ойы деп білеміз!

Б. БІРІМЖАНҚЫЗЫ, Астана қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*