Әке жолын қуған қыз

Халықтың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қадағалаудағы басты күш – құқық қорғау органдары. Солардың ішінде кадр басқармасының да жұмысы айтарлықтай маңызды. Олар полиция қызметін ұйымдастыру жұмыстарымен айналысады. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін бұл салада шыңдалып, өз мамандығының майталманы болған нәзік жанды ару – Динира Испусинова.
Динира Тұрарқызына әкесі Тұрар Құспанұлының өмір жолы әркез өнеге. Тұрар Испусинов өзінің бар саналы ғұмырын ел тыныштығын қамтамасыз етуге арнаған. «Әке – асқар тау» дегендей, әкесі қызына ақыл-кеңес беріп, полиция мамандығының қиыншылығы мен ауырлығын да түсіндірді. «Әкем жұмысқа орналасқан кезімде тәжірибесімен бөлісіп, қолдау білдіріп, жақсы маман болудың басты сыры – өз жұмысыңа адал болу керектігін ұғындырды», – дейді Динира Тұрарқызы.
Ол әкесінің өмірде жүріп өткен жолдарын іштей мақтаныш етеді. Тұрар Құспанұлы 1948 жылы Атырау (Гурьев) облысының Индер ауданының Кулагино селосында дүниеге келген. 1973 жылы Гурьев политехникалық техникумы мен 1986 жылы Гурьев педагогика институтын бітірген. Ішкі істер органдары саласында 1986 жылы еңбек жолын бастаған. 2001 жылы «Ішкі істер саласының құрметті қызметкері» атағын иеленді. Жұмысына жауапкершілікпен қарап, әркез алдына қойылған міндеттерді мүлтіксіз атқарғаны үшін Ақтөбе облыстық қылмыстық атқару жүйесі басқармасының бастығы болып қызмет атқарған. 2004 жылдың мамыр айынан бері құрметті еңбек демалысында. «Мінсіз қызметі үшін» төс белгісімен марапатталды.
Әкенің әрбір сөзін жүректен өткізген Динира бүгінде өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Еңбек жолын құқық қорғау саласында Ақтөбе қалалық Ішкі істер бөлімінің кадр және тәрбие жұмысы бөлімшесінде инспектор болып бастады. Аға инспектор болып жүріп, жұмыстағы тындырымдылығы мен іскерлігі, бастамашылдығы нәтижесінде Ақтөбе облыстық ІІД Кадр басқармасы бастығының орынбасары қызметіне дейін өсті.
«Алғаш осы салаға келгеннен бастап жұмысқа деген қызығушылығым артты. Сондықтан, «тәртіп сақшысы болам» деген жастарға айтарым – бойларында күш-жігері мол, ойлары қырағы, жүйелі болуы керек. Жұмысқа жауапкершілікпен қараулары керек», – деп өз мамандығының жауапкершілігін түсіндірді.
Полиция қызметкері болу – қай уақытта, қай кезде болса да жауапкершілігі мол қиын істердің бірі. Олар еліміздің Конституциясын негізге ала отырып, елдің тыныштығын, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал, сол қызметкерлердің жұмысын жақсы атқаруына алаңдап, әрқайсысының жағдайын жасауға ұмтылатын Кадр басқармасының атқарар шаруасы қыруар. Динира Тұрарқызы бүгінде өз саласының білікті маманы, әріптестеріне сыйлы, отбасында екі баланың ардақты анасы, сүйікті жар.
«Тәртіп сақшыларының қатары жыл сайын жас мамандармен толығып отыр, оларға жұмысты жақсы игеріп кетулеріне бар мүмкіндіктерді жасаймыз. Әрқайсына тәлімгер бекітіледі. Ұжымдағы ауызбіршілік пен өзара сыйластыққа көп көңіл бөлеміз. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетіп, түрлі меркелік шаралармен қатар тәрбиелік мәні мол кездесулерді де жиі ұйымдастырып, ұрпақтар сабақтастығын одан әрі дамытуға мейлінше атсалысып келеміз», – дейді полиция подполковнигі Динира Тұрарқызы.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

Халық пен заңға адал бол!

Кез келген қылмыстың ақ пен қарасын ажыратып, ақиқат пен шындығына қол жеткізу – тергеуші деген …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған