Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Жол қозғалысының қауіпсіздігі – баршамызға қатысты

Жол қозғалысының қауіпсіздігі – баршамызға қатысты

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Ұлт жоспарының 30 қадамын жүзеге асыру аясында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде Жергілікті полиция қызметі құрылғаны белгілі. Сол қызметтің құрамына кіретін Жол-патрульдік полициясы полкінің жұмысы жөнінде кеңірек білу мақсатында ІІД ЖПҚ Жол-патрульдік полициясы қызметін ұйымдастыру бөлімінің инспекторы, полиция майоры Жасұлан Келемсейітпен сүхбаттасқан болатынбыз.
Жасұлан Ермекұлы, Елбасымыздың Ұлт жоспарында айтылғандай, Жергілікті полиция қызметі – құқық тәртібі және заңдылық атты екінші реформаның мәні, заңдарды қатаң орындап, құқық тәртібін нығайту арқылы азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мақсатында құрылғаны белгілі. Бүгінгі таңдағы жол-патрульдік полициясы қызметін ұйымдастыру бөлімі жайлы айта кетсеңіз
– Қазіргі таңда Жергілікті полиция қызметі ұсақ құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатын ұстана отырып, жол-патрульдік полициясы, ювеналдық полиция, қоршаған ортаны қорғау полициясы, сондай-ақ, тұрмыстық қылмыстарды, соның ішінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және арнайы қабылдау бөлімдерін қамтиды. Одан өзге, Жергілікті полиция қызметіне құқық бұзушылықтардың профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша іс жүргізу, қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жатқызылады. Мен қызмет атқарып жүрген жол-патрульдік полициясы қызметін ұйымдастыру бөлімін полиция подполковнигі Рүстем Өмірбеков басқарады. Бөлімде 12 қызметкер жұмыс атқарады. Әр қызметкер халық тыныштығы үшін қызмет етіп жүр.
Өзіңіз Ішкі істер органдарына қашан келдіңіз?
– Ішкі істер органдарында 1999 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Биыл 19 жыл болмақ. Алғашқы еңбек жолымды Астана қаласы Жол полиция басқармасының Жол полициясының арнайы батальонының аға инспекторы қызметінен бастап, одан кейін Әкімшілік полиция басқармасының Әкімшілік тәжірибе бөлімінің аға инспекторы, кейіннен Жол полициясының мамандандырылған батальонының кезекші бөлімінің аға инспекторы, сол кездегі Жол полициясы комитетінің инспекторы, кейіннен қазіргі Астана қаласы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор болып, әртүрлі орындарда қызмет атқарып шыңдалдым. Содан 2016 жылы Жергілікті полиция қызметіне келдім.
Жол қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша жиі салынатын айыппұл түрлері мен көлемі қандай?
– Бүгінде жол қозғалысының қатысушылары, яғни жүргізушілер тарапынан жиі кездесетін жол ережесін бұзу фактілеріне және айыппұл түрлеріне келсек, оған көбіне көлік құралын басқару кезінде жүргізушінің телефонды не радиостанцияны пайдалануы, белгіленген жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдіктерін тақпау, жүргізушінің қарама-қарсы жол жиегіне шығу фактілері, бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушінің тыйым салатын қимылына қарамай өту және тағы басқа жол ережесін сақтамау жағдайлары кіреді.
Мысалы, жиі кездесетін ереже бұзушылықтың бірі – көлік құралын басқару кезінде жүргізушінің телефонды пайдалануына 5 АЕК көлемінде айыппұл салынса, бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушінің тыйым салатын қимылына қарамай өтуіне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Жол-патрульдік полициясы қызметі – халық сенімін арттыру үшін қандай тапсырмаларды орындау арқылы жұртшылықпен тығыз қарым-қатынас орната алады?
– Жергілікті полиция қызметінің басты мақсаты – ең алдымен халықпен тығыз қарым-катынас орнату болғандықтан, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықты оңалту арқылы халыққа жақын бола түседі. Мысалы, кез келген азамат кейбір келіспеушіліктер туған жағдайларда бейнебақылау камераларынан бейнежетон және автокөлік бейнетіркегішіне жазылған бейнетаспаға сұрау салып, керекті ақпарат алуына құқылы.
Сіздердің қызметтеріңізге қандай міндеттер жүктеледі?
– Жергілікті полиция қызметінің құрамына кіретін жол-патрульдік полициясы қызметін ұйымдастыру бөлімінің міндеттеріне ең алдымен Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Жол-патрульдік полициясы полкінің күнделікті атқарылатын жұмысын ұйымдастыру және қадағалау кіреді, соның ішінде, қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына көбірек көңіл бөлінеді. Одан басқа, әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша келіп түсетін арыздар бойынша қызметтік тексерістер өткізу және де жоғарыда айтылғандай қоғамдық орындарда өткізілетін мерекелік және күзетке алынған үкімет мүшелерінің қатысуымен өтетін іс-шараларды өткізу жүктеледі.
Жол-патрульдік полициясы қызметкері қандай болуы керек? Тәртіп сақшысы болуды бала күніңізден армандадыңыз ба?
– Менің ойымша, полиция қызметкері – ең алдымен өз елінің патриоты болуы керек. Сонымен қатар, өзіне тапсырылған жұмысты абыроймен атқара алатын білікті маман, істеген ісіне тиянақты, ұқыпты және спортпен шыңдалған болуы керек деп ойлаймын. Ал, бұл салаға келу – бала күнгі арманым болды. Кішкентайымнан ішкі істер органдарында қызмет атқарған әкемнің інісіне қарап бой түзеп өстім. Кейін Алматы қаласындағы ІІМ Академиясын аяқтадым. Қазіргі уақытта, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерімді саралай отырып, өз еліме абыроймен қызмет етіп келемін.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақжан ИБРАГИМОВА, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Халық пен заңға адал бол!

Кез келген қылмыстың ақ пен қарасын ажыратып, ақиқат пен шындығына қол жеткізу – тергеуші деген …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған