Сақшы – қаланың құрметті азаматы

Ақтөбе қалалық мәслихатының кезектен тыс 29-шы сессиясында қала әкімі Ілияс Испанов Ақтөбе облыстық ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталинге «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» куәлігін тапсырды.
Сессия жұмысына Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, қала әкімінің орынбасарлары, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Ғалым Елкейұлы ішкі істер органдарында 30 жылдан астам жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шықса да, еңбектен қол үзген жоқ. Бүгінде Ақтөбе қалалық қоғамдық кеңес комиссиясының төрағасы, облыстық ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ақтөбе облысында 2 мыңнан астам ішкі істер органдарының ардагері бар. Олар облыстағы қоғамдық шараларға белсене араласып, қоғамдық тыныштық пен тәртіпті сақтауға үлес қосып, жас сақшыларға тәлімгерлік көрсетіп келеді. Көптеген игі бастамалардың жаршысы бола білген Ғалым Дәулеталинге Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атағын қалалық мәслихаттың кезектен тыс отырысында табыс етті.
Ол еңбек жолын 1973 жылы Шалқар аудандық Ішкі істер бөлімінде медициналық айықтырғышта милиционер болып бастаған. 1974-76 жылдары Алматыдағы арнайы милиция мектебін тамадаған. Кейін еңбек жолын Мартөк аудандық Ішкі істер бөлімінде аға мемлекеттік автоинспектор болып жалғастырған. 1979 жылы Октябрь аудандық ІІБ арнайы комендатура бастығының орынбасары болып тағайындалған. 1988 жылы Комсомол аудандық ІІ бөлімінің бастығы болып еңбек атқарған. 1984-86 жылдары Мәскеу қаласындағы КСРО ІІМ Академиясында білім алған. Мұғалжар аудандық Ішкі істер бөлімін басқарды. Ақтөбеде қалалық ІІБ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болып еңбек атқарды.
Отставкадағы полиция полковнигі жұмыстағы іскерлігі мен жауапкершілігі үшін ІІМ құрмет грамотасымен, Ақтөбе облысы және қаласы әкімдерінің алғыс хаттарымен марапаталған. Сонымен қатар, «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» 1, 2 және 3-ші дәрежелі медальдарыың иегері.
«Ақтөбе қаласының құрметті азаматы атану – мен үшін үлкен мәртебе. Жыл өткен сайын қаламыз дамып, көркейіп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздің ең ірі бес агломерациясы қатарына енген үлкен қаламыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауға қосқан үлесім ескерілгені тек маған ғана емес, барлық әріптестеріме білдірілген құрмет», – деді «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» Ғалым Дәулеталин.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*