Басқы бет / «Сақшы» газеті / Аймақ айшығы / Полиция генерал-майоры Жанарбек БАҚТЫБАЕВ: Заңсыз көші-қонмен күрес – негізгі мендет

Полиция генерал-майоры Жанарбек БАҚТЫБАЕВ: Заңсыз көші-қонмен күрес – негізгі мендет

Шығыс Қазақстан облысы – екі бірдей алып мемлекетпен шектесіп жатқан еліміздің шығыс қақпасы. Бұл өңірдегі көші-қон жағдайы Қытай, Моңғолия және Ресейдің Алтай аймағындағы ірі қазақ диаспораларына жақын орналасқандығымен де ерекшеленеді. Өндірістік аймаққа шетелден келетін жұмыс күші де көп. Облыстағы көші-қон саласының күрделі мәселелерін шешуде Шығыс Қазақстан облыстық ІІД Көші-қон қызметі басқармасы қызметкерлерінің атқарып отырған жұмысы шаш-етектен. Біз өңірдегі ахуалды білу мақсатында облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаевпен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.

Жанарбек Телубекұлы, алдымен өңірдегі бүгінгі көші-қон жағдайына қысқаша шолу жасап өтсеңіз?
– Шығыс Қазақстан облысы Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясымен шектеседі, яғни, облыстың 11 ауданы шекаралық аудандар болып табылады. Нақтырақ айтар болсақ, Қытай Халық Республикасы Үржар, Зайсан, Күршім, Тарбағатай және Қатонқарағай аудандарымен жапсарлас жатса, маңызы зор шекаралас көршіміз – Ресей Федерациясы Шемонаиха, Бородулиха және Бесқарағай аудандарымен шектеседі. Оған қоса шекара аймағы Зырян, Глубокое (Қарагужиха ауылы) аудандары мен Риддер қаласына тиесілі аумақтан өтеді.
Қазіргі уақытта шекара аумағында 399 шетелдік азамат тұрады. Олардың көбі Шемонаиха ауданында – 158, Зайсан ауданында – 85, Бородулихада – 75, Үржарда – 29, Бесқарағайда – 23 адам. Шекара аумағында тұрақты тұратын бұл шетелдік азаматтарға шекара аумағы тұрғынының куәлігі берілген. 2014 жылдан бастап аталған куәліктер Қазақстан Республикасының азаматтарына да беріледі. Қазіргі кезде Қазақстан азаматтарына жеке куәліктер мен төлқұжаттар беру барысында қосымша рұқсаттама мерзімі 10 жылды құрайтын шекара аумағы тұрғынының куәлігі беріледі.
Өңірлердің көші-қон қызметінің қызметкерлері көші-қон қатынастары саласында мемлекеттік бақылауды күшейту, көші-қон заңнамасын бұзуды анықтау және жолын кесу бойынша үздіксіз жұмыс жасайтынын айтып өткім келеді.
Ағымдағы жылдың І тоқсанында шекара аумағында шекаралық режимді және тұру тәртібін бұзғаны үшін 114 шетелдік (Күршім ауданында – 13, Зайсан ауданында – 43, Шемонаихада – 10, Үржарда – 13, Тарбағатайда – 6, Бородулихада – 6, Бесқарағайда – 6 және Қатонқарағайда – 3) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өткен жылдың соңында облыс аудандарында «Заңсыз келуші» және биыл «Мигрант» акциялары өткен болатын. Жалпы облыста шетел азаматтарының көші-қон заңнамаларын бұзу жағдайлары көп пе?
– Иә, өткен жылы көші-қон қызметкерлері облыс аумағында «Заңсыз келуші-2017» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Іс-шара екі кезеңмен жүзеге асты. Бірінші кезең 22-24 мамыр аралығында өтіп, ЖПІШ нәтижесінде елімізден 109 шетелдік шығарылып, 871 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Екінші кезең 2-4 қазан аралығында 3 күн бойы өтіп, өз нәтижесін көрсетті. Атап айтқанда, көші-қон қызметінің қызметкерлері ЖПІШ өткізу барысында 1130 шетелдік азаматты анықтады. Өткен жылмен салыстырғанда шетелдік жұмыс күші саны 19-дан 25-ке көбейгенін атап өткім келеді.
Тәжірибе көрсеткендей, «Заңсыз келуші» ЖПІШ өткізу барысында шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тіркеусіз жүруі, тіркеу барысында көрсетілген мекенжайы бойынша тұрмауы және ҚР-ға келу мақсатының тіркеуден өту барысында аталған мақсатқа сәйкес келмеуі сияқты бұзушылықтар жиі болатыны анықталып отыр. Полиция қызметкерлері көші-қон бағытындағы 1658 бұзушылықты анықтады. Көп жағдайда 15-тен 100 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұл төлеу сияқты жауапқа тарту шарасы қолданылды.
Ағымдағы жылдың 20-22 ақпаны аралығында облыс аумағында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Іс-шара барысында облыста заңсыз жүрген 413 шетелдік анықталып, 39 адам ҚР аумағынан шығарылды. Елден шығару туралы сот шешімін орындамағаны үшін 4 қылмыстық теріс қылық тіркелді. Көп жағдайда олар Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы сияқты ТМД мемлекеттерінің азаматтары. Осыған ұқсас ЖПІШ жылына екі рет өтеді және арзан жұмыс күші болғандықтан көктем-жаз мезгілінде шетелдіктердің келуі екі есеге көбейетінін айта кеткен жөн.
Шығыс Қазақстан облысына көбіне қай мемлекеттерден адамдар келіп жатады және қандай мақсатпен келеді?
– Санақ бойынша Шығыс Қазақстанға ТМД мемлекеттерінің азаматтары көп келеді, олардың басым үлесі Ресей Федерациясы тиесілі (3855 азамат), екінші орында Өзбекстан азаматтары – 771, одан кейін Моңғол Халық Республикасы – 450, Қытай – 428 және Әзербайжан – 114 адам.
Шетелдіктердің келуінің негізгі мақсаты: жеке істермен – 4519, жұмысқа – 927 және оқу үшін – 535 адам.
Өскемен қаласында заманауи мамандандырылған миграциялық орталық салынады деген ақпарат бар. Ол қашан ашылады және қандай қызметтер көрсететін болады?
– Иә, Үкіметтің 2018 жылға арналған жұмыс жоспары туралы Премьер-Министрдің өкімін ескере отырып, ағымдағы жылы ІІД Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Өскемен қаласында Көші-қон қызметі орталығын құру бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дәлірек айтқанда, облыс әкімінің орынбасары атына екі мекенжайдағы ғимараттың бірін алуға көмек көрсету туралы хат жолданған болатын, яғни жалпы көлемі 947,5 шаршы метрді құрайтын Тәуелсіздік даңғылы, 41/1 немесе жалпы көлемі 1490,9 шаршы метрді құрайтын Добролюбов көшесі, 39/1 мекенжайлары. Бұлар Көші-қон қызметі орталығын құру және реадмиссияға, елден шығаруға жататын шетелдік азаматтарды уақытша ұстау талаптарына сәйкес келеді.
Аталған орталықта көші-қон қызметін көрсететін мемлекеттік қызметтер бойынша азаматтарды қабылдау, банк, сақтандыру агенттігі, нотариус, медициналық мекеме өкілдерін орналастыру жоспарлануда.
Облыстағы ішкі көші-қон жағдайы туралы айта кетсеңіз?
– Шығыс Қазақстан облысының халық саны – 1 383 449 адам. Еліміздегі халық саны жағынан да, жер көлемі жағынан да үлкен облыстардың бірі. Ағымдағы жылдың басынан 27 646 азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген. Негізгі көлемін (23 761 азамат) облыс орталығында тұрғылықты мекенжайын ауыстырғандар құрайды. 5 456 азамат есептен шығарылды, оның ішінде Қазақстан Республикасы аумағынан шығуға байланысты тұрғылықты мекенжайын ауыстырғандар – 880 адам.
Ағымдығы жылдың үш айында жеке басын анықтайтын 24 709 құжат ресімделді, оның ішінде 16 162 жеке куәлік, 9551 төлқұжат.
Ішкі көші-қон урбанизация үдерісі негізінде орын алып жатыр, яғни ауылдық жерден қалаға көшіп келіп жатқандар көп. Бұл үдеріс бұрыннан жалғасуда, шалғайда тұратын тұрғындар өндіріс орталықтары дамыған қалаларға қоныс аударуда.
Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында ішкі көші-қон соңғы жылдары 17,3%-ға артты.
Ішкі істер департаментінің көші-қон қызметі саласында қандай проблемалар бар? Не жетіспей жатыр? Қызметтің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі қандай деңгейде?
– Бүгінде көші-қон қызметінің бөліністерінде штатты жасақтау және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша проблемалар жоқ.
Оралмандар мәселесіне тоқтала кетсек. Бұл облыс Қытай, Моңғолия және Ресейдің Алтай аймағындағы үлкен қазақ диаспораларына ең жақын орналасқан өңір. Жылына облысқа қанша қандасымыз келіп қоныстанып жатыр?
– Қазіргі кезде аумағымызда 10 мыңнан астам шетелдік азамат тұрады, оның ішінде алыс шетел азаматтарының саны – 2820 адам (2578 оралман, оның ішінде ҚХР-дан келгендер – 2256, МХР – 182) және 7115 ТМД азаматы (2003 – РФ).
Екі негізгі бағытты атауға болады. Бірінші – қазақстандықтарға тиісті деңгейде мемлекеттік қызмет көрсету. Құжаттарды, ішкі және шетелдік төлқұжаттарды ресімдеу мерзімі қысқарды. Сондықтан мемлекеттік қызмет көрсету стандартын төмендетпеу өте маңызды. Екінші – шетелдік азаматтармен жұмыс жасау. Біз туған жеріне және Қазақстанға, өзі үшін жұмыс істеу ниеті бар және ойы ашық азаматтардың бәрін құшақ жая қарсы алуымыз керек. Бұл бағыт бойынша мигрантқа рұқсаттама құжаттарын беру және олардың орналасуларын бақылау кіреді.
Көші-қон қызметі қанша мемлекеттік қызмет көрсетеді?
– Қазіргі уақытта көші-қон қызметі мемлекеттік қызметтің 17 түрін көрсетеді. 2018 жылдың бірінші тоқсанында аумақтық органдар 250 000-нан аса қызмет көрсетті. Аса сұранысы көп қызметтер – мекенжай анықтамаларын беру (140 389), тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу және одан шығару (33 102), жеке басын куәландыратын құждаттарды ресімдеу (24 709). Көші-қон бағытына қатысты ақпарат ұсыну туралы 10 000 сұрау салу бойынша жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, үш ай ішінде 16 162 жеке куәлік пен 9551 төлқұжат ресімделді.
Заңсыз көші-қонмен күрес – негізгі міндеттеріміздің бірі. Қазіргі көші-қон бағытындағы полицияның барлық бөлімшесінің күшін топтастыру мүмкіндігі, иммиграциялық бақылаудың тиімділігін сөзсіз жақсартуы тиіс. Алайда, қызметкерлердің кәсіби даярлығына тиісті көңіл бөлу қажет.
Қорыта келгенде, халықпен тікелей байланыс жасау – көші-қон қызметінің басым бағыты екендігін айтқым келеді. Шығыс Қазақстан облыстық ІІД Көші-қон қызметі басқармасында сыртқы көші-қон бөлімі бар. Біреулер заңнама туралы түсінік алу үшін, кейбіреулер қабылданған шешімге шағымдану фактісі бойынша жүгінеді. Сондықтан жылдан-жылға көші-қон қызметінің жұмысын бағалау жақсарып келетінін айта кеткен жөн. Оған қоғамдық сұрау салулардың, көрсетілген мемлекеттік қызметтің сапасы бойынша пікірлер дәлел. Осы деңгейді түсірмеуге тырысамыз.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ескендір ТАСБОЛАТ

Сондай-ақ, оқыңыз

Шекаралық ынтымақтастық жолында

Жуырда Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы ішкі істер құрылымдарының шекаралық ынтымақтастығын дамытуға қатысты бірлескен кездесу …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған