Басқы бет / «Сақшы» газеті / Рейд / Заңсыз мигранттардың зардабы көп

Заңсыз мигранттардың зардабы көп

Елімізде сырт елден еңбек күшін тарту белең алып келеді. Әсіресе, күннен-күнге көркейіп, құрылысы қарқын алып келе жатқан Астанамызға нәпақа табу үшін келетін келімсектер көбейген. Екі қолға бір күрек іздеп келгендердің бәрі бірдей тәртіпке бағына бермейтіні тағы белгілі. Еңселі елордамызда заңсыз еңбек мигранттарына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарды көзімізбен көру үшін Астана қалалық ІІД Көші-қон қызметі басқармасы, заңсыз көші-қонға қарсы күрес арнайы жеке взводымен бірге жүріп, бұл саладағы жай-күймен таныстық.
Еліміздің көші-қон саясаты жұмысқа білікті мамандарды тартуды көздейді. Алайда, нақты іс көрсетіп отырғандай, елімізге келетін келімсектердің көбісінің біліктілік түгілі, бір қағаз дипломы, тіпті кейбірінің жалпы орта білімі жоқ. «Білімсіз күнің жоқ» деген сөз оларға қаратып айтылмағандай. Өйткені, олар елімізде білімі болмаса да білекті түріп жұмыс істеп, күнелтіп жүр. Еңбек мигранттарының ел аумағында емін-еркін жүргендері былай тұрсын, тәртіпке бағынбай, заңды белшеден басып, білгендерін істеп жүргендері де жоқ емес.
Заңсыз көші-қонға қарсы күрес арнайы жеке взводы ел аумағында жүріп тұру, еңбекке араласу тәртібін бұзған, ереже бұзушылыққа жол берген мигранттарды бір мезет бақылаусыз қалдырмайды. Бұл взводта 20-ға тарта адам қызмет етеді. Алайда, олардың барлығы күнделікті келімсектермен күресуге жұмылдырылмайды. Әкімшілік топқа қарайтындар, миграциялық ХҚО-да құжаттандыру қызметін көрсететіндер, сонымен қатар, сотқа баратын инспекторлар да осы арнайы взводқа жатады. Содан қалғандары екі-екіден 5-6 топқа бөлініп, күнделікті рейдке шығады. Бұдан бөлек, аудандық миграциялық полицейлер де заңсыз еңбек мигрантарының ізіне түседі.
Босқындарды анықтау операциясына бұл жолы өзіміз куә болдық. Заңсыз көші-қонға қарсы күрес арнайы взводының инспекторы Нүркен Мәденов бастаған топпен рейдке шықтық. Таңғы сағат 9-дың кезі. Абай көшесіндегі құрылыс жүріп жатқан нысанның қасынан өтіп бара жатқанда Нүркен: «Қараңыздаршы, салынып жатқан ғимараттың екінші қабатының терезелері қараңғыланған. Заңсыздыққа жол берілмеген болса, ғимарат ішіндегі тірлікті жасырып не қажеті бар екен? Құрылыс алаңы да темір қоршаумен қоршалыпты. Мұнда бір шикілік бар», – деп күдіктенді.
Оның күдігі расталды. Кіріп барсақ, ғимараттың екінші қабатында бір топ өзбек құрылыс жүргізіп жатыр екен. Тоғызы полиция уысынан тым-тырақай қаша алмайтындарын түсініп, бастарын төмен салбыратқан күйі тұрып қалды. Заң бойынша олардың құрылысқа араласуға құқықтары жоқ. Тек жеке тұлғаларда үй жұмыстарын: бала күтімі, үй тірліктері, аула сыпырушы, аспаз және т.б. тірліктер істей алады. Ал мынадай шағын кәсіпкерліктерге жалдану үшін жұмыс берушінің арнайы шақырту қағазы, білімі мен біліктілігін растайтын дипломдары болуы керек. Талап сондай. Ал бұлардың диплом дейміз-ау, жеке бастарын куәландыратын құжаттары да қолдарында болмай шықты. Полицейлердің айтуынша, олар да әбден қуланып алған. Әдейі өздерімен құжаттарын алып жүрмейді. Себебі, құжаттары қолдарында болса, айыппұл салынатынын жақсы біледі. Ал құжатсыз жүргендері үшін олар Астана қалалық ІІД ЖПҚ-нің қабылдау-тарату орнына жабылады. Қабылдау-тарату орнында жатудан жалыққанда олар құжаттарын қайдан болса да алдыртады екен. Тәртіп сақшылары бұл қалыптасқан схема екенін айтып отыр.

Мигранттар машақаты
Бір топ өзбектің ішіндегі қараушысы Нуриладан құжатын сұрағанымызда: «Құжаттарымызды Миграциялық ХҚО алып қалды. Үш ай сайын жұмыс істеуге рұқсат алуды ұзартып отыру керек. Біз сол рұқсатты алу үшін құжаттарымызды сонда қалдырдық», – деп өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қып сендірмекші болды. Бұрындары миграциялық полиция келімсектердің құжаттарын бір күнге алған болса, қазір мұндай тәртіп жоқ. Басқаларды ақымақ көре ме, әлде өздерін тым ақылды санай ма, әйтеуір жалған сөйлеуге шебер. Нурила осы жылдың наурыз айында елімізге келген, жеке басын куәландыратын құжатты Шерхан деген біреуге берген. Қазір оның қайда жүргенін білмейді.
Жұмыссыздық жайлаған Өзбекстанда біздің еліміздегідей табыс табу оларға қиынға түседі екен. «Мұнда тапқан табысымызды Өзбекстанда сумға айналдырғанда көп ақша. Ақшаны отбасыма жіберіп тұрамын. Елдеріңізде еңбек етіп жүрген он екі жылда бірінші рет мұндай жағдайға тап болып отырмын. Құқық бұзушылық жасап, назарға іліккен кезім жоқ», – деп сендірді ол. Ақшаны санағанда жаңылмайтын сабазың өзі берген мәлімдеме жазылған құжатқа қол қоятын кезде жазып, сыза алмайтынын айтып, өтірік жынды болды.
«Құжаттарын алдыртқанда біз олардың үстінен әкімшілік іс қозғап, сотқа жолдаймыз. Бұл өзбек мигранттары ӘҚБтК-нің екі бабы бойынша, яғни жеке тұлғаларда тіркеуге тұрғанымен, құрылыс алаңын пана еткендері үшін және жеке тұлғаларда жұмыс істеуге рұқсат алып, шағын кәсіпкерліктерге жалданып жүргендері үшін жауапкершілікке тартылады. Бұл екі бап бойынша олардың әрқайсысына 96 200 теңге көлемінде айыппұл салынады немесе 5 жылға елден шығарылады. Жұмыс беруші де өз жазасын алады. Бұл жағдайда мигранттарды заңсыз жұмысқа тартушы ӘҚБтК-нің 519-бабы, 1-тармағы (мигранттарды миграциялық қызметтің рұқсатысыз жұмысқа тартқаны үшін) және 518-баптың 2-тармағы бойынша (тұратын үй-жай ұсынғаны үшін) жауапкершілікке тартылатын болады», – деді Нүркен Исаұлы. Алайда, олардың нақты қандай жазаға тартылатынын сот шешеді. Сақшылардың міндеті – істі сотқа жөнелту.
Алайда, істі сотқа жолдаудың машақаты көп екен. Мәселен, құрылыс алаңынан арнайы көлік шақыртып, құжатсыз жүрген мигранттарды қабылдау-тарату орнына апару кезінде де қиындықтар туындады. Арнайы топ келіп жеткенше бәрін бір уыста ұстап, бақылап отыруға тура келді. Өйткені, полицейлердің айтуынша, олардан көз жазбай отырмасаң, қашып кетеді екен. Бұған дейін қашпақ болған бір келімсектің екінші қабаттан секіріп, аяғын сындырған кезі де болған.
Бір топ өзбекті құрылыс алаңынан қабылдау-тарату орнына апарғанда ол жерге барлығы бірдей қабылданбады. Неге дейсіз ғой?! Себебі, олардың екеуі бұрын осында жатып шыққан, жеке басы анықталған азаматтар болып шықты. Яғни, базада олар туралы мәліметтер бар. Базадан заңсыз келуші туралы мәліметтер шығып тұрса, мұнда орналастырылмайды деген сөз. Себебі, бұл қабылдау-тарату орны тек жеке тұлғасы анықталмаған адамдарға арналған.
«Оларды бұл жерге қабылдамаса, біз оларды бос қоя береміз. Ал жеке басы анықталғанымен, қолында құжаты болмаса хаттама толтыра алмаймыз. Ол үшін міндетті түрде жеке басын куәландыратын құжат керек», – деді Нүркен Мәденов. Миграциялық полицейлердің қызмет бабында бетпе-бет келіп отырған проблемасы осы. Бұл сұрақ көптен бері көтеріліп келеді екен. Дегенмен, әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Полицейлер миграция қызметінің жеке қабылдау-тарату орны болғанда мұндай мәселелер туындамас еді дейді.

Келімсектерге кедергі жоқ
Көктем мезгілінде келімсектер елімізге жаппай ағылады. Алыс шетел азаматтары ел аумағына арнайы шақыртумен кіріп, келудегі мақсаттарын көрсетеді. Ал Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан сияқты көрші елдерден келушілерге ешбір кедергі жоқ. Жыл басынан бері Астана қаласына келген 30412 шетелдік азамат тіркеуге тұрған, оның 24306-сы ТМД елдерінен, ал 6106 мыңы алыс шетелдерден келгендер. Тіркелген шетелдік азаматтардың 14868-і жеке шаруаларымен, 13755-і жұмыс істеуге, 619-ы қызмет бабымен келген. Сондай-ақ, 527 азамат білім алу мақсатымен келсе, туристік мақсатта келгендер – 86.
Жыл басынан бері 1884 шетелдік әкімшілік жауаркершілікке тартылған. Шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа тартқан 38 жұмыс беруші жазаланған. Ал қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар саны – 25. Жыл басынан бері Астананың аумағынан 430 шетелдік шығарылған.
Келімсектер елімізге келуге құлшынып-ақ тұр. Олардың басым бөлігін Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары құрайды. Олардың бір тобы Көктал деп аталатын бөлігінде заңсыз еңбек етіп жүргені туралы арыз түсті. Заңсыз көші-қонға қарсы күрес арнайы жеке взводының аға инпсекторы, полиция аға лейтенанты Мейірбек Муталиев бастаған топпен сол мекен-жайды бетке алдық. Арызданушы Көкталдың Сұлукөл көшесіндегі үйде мигранттардың тірлігі заңға сәйкестігін тексеруді сұраған.
Біз айтқан мекенжай бойынша келіп жеткенде үйдің темір қақпасы ашылып, іштен бір адам шықты. Жер үйдің ауласының іші ми батпақ. Балшықты былш-былш еткізіп біз де әлгі жігітпен ішке кірдік. Бұл азаматтың Тараздан Астанаға келгеніне екі аптадан асқан. Алайда, әлі де уақытша тіркеуге тұрмаған екен. Ол он күннің ішінде тіркеуге тұру талабы туралы білмегенін айтады. Полицейлер оған тіркеусіз жүргені үшін ескерту жазып берді. Үйдің ішіне кіргенде көргеніміз, екі қазақ пен 3 өзбек түрлі тоқаштар, хот-догтар, гамбургерлер пісірумен айналысып жатыр. Олардың жұмыстарын тоқтата тұрып, полиция қызметкерлері құжаттарын сұратты. Әдеттегідей, жұмыскерлер құжаттарын алып келуге құлшыныс танытпады. Екі сағат дегенде бір-ақ жұмыскердің құжаттарын алып қожайынның өзі де келді.
Жасы 40-тарға таяған келіншек есіктен кіре сала айғайға басып, ашуға булықты. Біразға дейін өрекпіген сезімін баса алмай, әрең дегенде сабырға келді. «Арызданушыны тауып беріңдер?! Құдай көршімнің бет-жүзін көрейін», – деген ол негізсіз шағым түсіретіндердің ісін көре алмаушылыққа жатқызды. Миграциялық полиция қызметкерлері жұмыскерлерді тартуға берілетін рұқсат қағазды, мигранттардың құжаттарын тексерді. Қожайынның оларды өзінің үйіне тіркеп, үй жұмыстарына тартуға рұқсат алғаны белгілі болды. Заңға қайшы келіп отырған жоқ. Келімсектер атқарып жүрген ас үйдің тірлігі, аспаздық үй жұмыстары категориясына жатады. Қазіргі таңда әрбір жеке тұлғаға бес мигрантты жұмысқа алуға рұқсат етілген. Яғни, тек үй жұмыстарына жалдай алады. Бірақ, жеке тұлға мигранттарды өз үйіне тіркесе, үй жөндеу жұмыстарына да тарта алады екен.

Түйін: Елбасының өзі бір жылдары келімсектер үшін Қазақстанның әлі күнге дейін ең қолайлы мемлекет болып отырғанына алаңдаушылық білдірген болатын. «Бұл ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне зор нұқсан келтіруде. Енді бұған жол бермей, мигранттарға тосқауыл қоятын уақыт жетті», – деп мәлімдеген еді. Асылында, заңсыз мигранттардың артуы ел ішіндегі тәртіпсіздік пен қылмыстың көбеюіне алып келетінін естен шығармаған абзал.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Сондай-ақ, оқыңыз

Терминал тонаған топ

Шымкент полицейлері банк терминалын тонаған қылмыстық топты қамауға алды.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған