Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Темір жолдағы түсіндіру жұмыстары

Темір жолдағы түсіндіру жұмыстары

Көлік полицейлері жыл басынан бері темір жолды белгіленбеген орындардан кесіп өткен 7806 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Көліктегі ІІД қызметкерлері тұрғындар, мектеп оқушылары мен оқу орындарының студенттері арасында темір жол нысандарында жүріп-тұру ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Сондай-ақ, темір жолдағы жарақаттанудың алдын алу мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың орын алуын ескертуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар мен рейдтік жұмыстарды үнемі өткізеді.
Жарақаттанудың алдын алу бойынша өткізілген көптеген іс-шараларға қарамастан, темір жол бойындағы жағдай әлі де алаңдаушылық туғызуда.
Ағымдағы жылдың басынан бері департаменттің Әкімшілік полиция басқармасы мен оның желілік бөліністерінің қызметкерлері темір жолды белгіленбеген орындардан кесіп өткені үшін 7806 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан. 254 шұғыл тежеу фактісі тіркелген, олардың 128-і жол үстіне адамдардың шығып кетуінің себебінен болса, 99-ы темір жол үстіне малдың шығып кету себебінен орын алған.
Мәселен, Алматы-1 стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының қызмет көрсету аумағында көлік полицейлері темір жолды белгіленбеген орындардан кесіп өткен Қарағанды облысының 20 жастағы тұрғынын ұстады. Оған қатысты ӘҚБтК 559-бабы 5-тармағы бойынша (белгiленбеген жерлерден темiр жол арқылы өту) әкімшілік хаттама толтырылды.
Еліміздің көлік сақшылары темір жол бойында тұратын тұрғындарды темір жол көлігі нысандарында жүріп-тұру ережелерін сақтауға шақырады. Әрбір азамат темір жол көлігі – аса қауіпті аймақ екенін, оның қызметтерін пайдаланған кезде жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жалпыға бірдей ережелерді сақтауға міндетті екенін есінен шығармауға тиіс.
Темір жолда келе жатқан пойыздың немесе маневрлеуші локомотивтің жоқ екендігіне көз жеткізгенде ғана жаяу жүргіншілерге арналған көпірлерді пайдаланып, тек белгіленген орындардан өту керек, сондай-ақ, темір жол маңында балаларды қараусыз қалдыруға тыйым салынады.

Көліктегі ІІД баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

17 мың заң бұзушылық

Көліктегі ІІД және оның желілік бөліністері қызметкерлері қызмет көрсету аумағындағы жедел жай-күйді жақсарту мақсатында барлық …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған