Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Мақтааралдағы мал ұрлығына тосқауыл

Мақтааралдағы мал ұрлығына тосқауыл

Мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне және ауыл дертіне айналып отыр. Әсіресе, ауыл тұрғындарының күнкөріс көзі төрт түлік мал екені мәлім. Сол себепті әрбір малдың ұрлануы олар үшін оңай емес.
Бүгінгі таңда облыс аумағында мал ұрлығы санатындағы қылмыстардың алдын алу, болдырмау мақсатында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымовтың «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» іске асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды полиция қызметкерлері басқа да сала өкілдерін тарта отырып атқаруда.
Осының негізінде Мақтаарал ауданының аумағында да қарқынды жұмыстар іске асырылып жатыр. Ауданның жергілікті полиция қызметкерлері жыл басынан бері «Мал ұрлығына – тосқауыл!» атты алдын алу іс-шарасын ұйымдастырып, өткізіп келеді. Олар аптасына бір рет істейтін мал базарларына барып, ондағы құжаттандырылмаған, ен салынбаған, сырғаланбаған малдарды анықтау жұмыстарын жүргізеді.
Мақтаарал аудандық ІІБ ЖПҚ бастығы, полиция подполковнигі Қасымхан Сатыбалдиевтің айтуынша, қазіргі уақытта малдарды заңдастыру бағытында түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Тіпті, кейбір мал иелері малдардың арнайы құжаты болатынын, мал сатқанда және сатып алғанда құжат талап етуді біле бермейтінін айтып өтті. Егер малдың құжаты болмаған жағдайда оның иесі Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша жауапқа тартылатын болады.
Полицейлер мал базарларына жүргізген іс-шаралар барысында, базар басшылығынан бастап онда келушілерге дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, базар басшылығына базарға әкелінген әрбір малдың жеке құжаты болу керектігін, қайдан келгенін, ұсақ малдардың сырғаланғанын қадағалауды қатаң тапсырады. Егер қандай да бір күдікті мал байқалып жатса, полиция қызметкерлерін шақыруды ескертеді.
Мақтааралдық полиция қызметкерлері жыл басынан бері базарларда құжатталмаған 18 малды анықтап, олардың иелерін заң шеңберінде жауапқа тартқан.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері мал базарлары жұмыс істейтін күндері ауданға кіретін және шығатын жолдардағы барлық жүк көліктеріне тексеру жұмыстарын жүргізеді. Ондағы арлы-берлі тасымалданып жатқан ірі қара және ұсақ малдардың барлығын да тіреуге алып, құжаттарын тексереді.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері ветеринария қызметімен бірлесіп, аудандағы мал соятын цехтарға бақылау жасау жұмыстарын да қолға алған.
Ал жайылымдарда жүрген малдарды қадағалауды учаскелік инспекторлар жүзеге асырады. Олар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, малдарды көзден таса етпеуді, түнгі уақытта жайылымда қалдырмауды ескертеді. Сондай-ақ учаскелік инспекторлар елді мекендердегі қараусыз жүрген малдарды анықтап, қамау орындарына жеткізіп отырады. Осылайша жан-жақты атқарылып жатқан шаралар нәтижесінде мал ұрлығы қылмыстарына барынша тосқауыл қойылуда.
Жыл басынан бері Мақтаарал ауданында былтырғы жылмен салыстырғанда, мал ұрлығы 20 пайызға төмендеген. Бұл полицейлердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Көрсеткішті одан әрі жақсарту мақсатында алдағы уақытта да жұмыстар жүргізіле бермек.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД
Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы

Сондай-ақ, оқыңыз

17 мың заң бұзушылық

Көліктегі ІІД және оның желілік бөліністері қызметкерлері қызмет көрсету аумағындағы жедел жай-күйді жақсарту мақсатында барлық …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған