Ырысын шашқан әз-Наурыз

Жуырда Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/6 мекемесінде кәмелеттік жасқа толмаған сотталғандар арасында «Ырысын шашқан әз-Наурыз!» атты мерекелік кеш өтті.
Жазалы балалардың ғана емес, мерекеге жиналған жұрттың бәріне шаттық сыйлаған әз-Наурыз мерекесіне ата-аналар комитеті, қамқоршылар кеңесі, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы абономент және құқық бөлімінің бастығы Шарайна Құмарова, «Жартас Қазақстан» қоғамдық қорының президенті Роза Қайғатырова, қоғамдық қор қызметкері Томас Томасов, «Әлеуметтік жобалар халықаралық ассоциациясының» өкілдері, Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері Ықлас Серікбайұлы және Бірлік Бекмұханбетов қатысып, салтанатты шараның сәнді де мәнді болуына атсалысты.
Көгілдір көктеммен бірге келетін Наурыз мейрамының мақсаты – ең алдымен ұлттық тәрбиеге бай салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттау арқылы балалардың санасына ізгілік пен мейірім сіңіру, мұсылман халықтарына тән әдет-ғұрыптарды жаңғырту. Сол арқылы жазасын өтеушілерді ынтымақты қарым-қатынасқа, мәдениеттілікке үйрету, әдептілік пен ізеттілікке тәрбиелеу.
Кәмелетке толмағандарды осы бір шуақты мерекемен құттықтап, ақжарма тілектерін білдірген қонақтар өз кезегінде талантты балалардың өнерін тамашалады. Мысалы, Малдыбаев Жанастың орындауындағы «Байтақ елім», Махамбетов Ридванның орындауындағы «Сүгірдің термесі», «Алға, Қазақстан!» әндері көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ, қатысушылар әр ұлттың өнеріне де шаттана қол соғып, өз ризашылықтарын білдіріп отырды. Әсіресе, оларды тамсандырған чешен халқының биі «Лезгинка» мен А. Полухиннің «Брег танец» биі болды. Сотталғандар әр ұлттың билері мен қазақ билерінен құралған флэш-моб орындағанда соғылған ду шапалақ балалардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыра түскені сөзсіз.
«Жазалы балалар тек өздері ғана өнер көрсетіп қоймай, қонақтардың да өнерін қызыға тамашалады. «МАСП» қоғамдық ұйымының өкілі Масаты Шамшатқызы домбырамен шырқаған халық әндеріне, Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері Ықылас Серікбайұлы мен Бірлік Бекмұханбетовтің өнеріне тәнті болдық», – дейді Наурыз мерекесін ұйымдастырушылардың бірі, сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің әдіскері Е. Жеңісхан.
Мереке соңында ата-аналар комитеті, қамқоршылар кеңесі, «Жартас Қазақстан» қоғамдық қорының басшылары балаларға арнап мерекелік дастарқан жайса, «Әлеуметтік жобалар халықаралық ассоциациясы» өкілдерінің қызметкерлері мекемедегі «Наубайхана» курсының сотталғандары пісірген тәтті тоқаштарын ұсынды. «Ырысын шашқан әз-Наурыз!» атты мерекелік салтанат сотталған жасөспірімдердің көңілдерін бір көтеріп, көкейде қалатын әдемі бір естелік болды.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*