Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Кемерово қасіреті: біз одан сабақ алдық па?

Кемерово қасіреті: біз одан сабақ алдық па?

Көрші Ресейдің Кемерово қаласындағы қайғы қабырғамызды қайыстырды. Өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап бермеуі себебінен сауда үйіндегі болған өрт талай адамның өмірін жалмады. Жанға бататыны да сол, тірідей өртеніп кеткендердің жартысынан көбі балғын балалар, бейкүнә періштелер. Жауапты азаматтардың сауда орталығына келетін жүз мыңдаған адамның өміріне салғырт қарағаны орны толмас қайғыға ұшыратып отыр. Көрші елде орын алған жағдай бізге сабақ болуы тиіс.
Сауда және ойын сауық орталықтарының қауіпсіздігін жаппай тексеру, тұрғындарға төтенше жағдай орын алғанда әрекет етуді үйрету, кинотеатрлардан қосалқы шығу есіктерін тексеру жұмыстары басталып кетті. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың Кемеровода болған оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызметтерге әкімдіктермен бірлесіп сауда орталықтарында тексеріс жүргізіп, тиісті шараларды қолға алуды тапсырған еді.
Кемероводағы оқиғадан кейін тұрғындар еліміздегі сауда орталықтарының қауіпсіздігіне күмән келтіре бастады. Әсіресе, көпшілікті Астана, Алматы қалаларындағы сауда орталықтарының өрт қауіпсіздігі толғандырады. Мысалы, елордалықтар Фейсбук парақшасындағы «Астана-Что? Где? Когда?» тобында ең қауіпсіз сауда орталығына анықтау үшін жүргізілген дауыс беруге қатысып, көңіл толмаушылықтарын білдірген. Көпшілік Астанадағы кейбір сауда орталықтарына кіретін есік бар да, бірақ шығатын есікті таппай сабылатындарын айтып шағымданған. «Расымен, кейбір СО-ларда төменге түсетін сатыны табу үшін миы айналған адам ұқсап ғимарат ішін бірнеше айналып шығуың керек. Төтенше жағдай туындағанда экскалаторды табамын дегенше дымың қалмайды. Төменге түсетін сатыларды әдейі аз орнататын сияқты көрінеді. Ақшаға құныққан саудагерлерге бутиктерінде біраз бөгелгеніміз керек. Ол аз десеңіз, апатты жағдайда шығу есігі де үнемі жабық тұрады», – деп Астана қаласының тұрғындары наразылықтарын жеткізіпті.
Төтенше жағдайлар комитетінің дерегінше, елімізде шамамен 1151 сауда орталығы бар екен. Соңғы 2016-2018 жылдары өрт қаупі жоғары 818 нысанға тексеру жүргізіліп, 4 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған. Күніне мыңдаған адам баратын сауда орталықтарының ашкөз қожайындары адамдардың қауіпсіздігіне қаржы аяп қалып жататыны жалған емес. «Жыланға түк біткен сайын қалтырағыш келеді» дегендей, оларға апатты шығу есігіне қосымша күзет қойғаннан гөрі құлып сала салған тиімді болып тұр. «Апатты жағдайларда шығу есігі» деп бадырайтып жазып қойғандарын қайтейік, бұл есік үнемі тарс жабық тұрады. Әдеттегідей, бұл есіктер апатты жағдайда сауда орталығынан шығу үшін жасалмағандай әсер қалдырады.
Заң бойынша апатты шығу есіктері ашық тұруы тиіс. Тіпті, көптеген кинотеатрда да кіретін есігі бар, шығатын есігі жоқ. Қосалқы шығатын есік болған күннің өзінде кино көрушілер көбіне мұны білмей жатады. Мысалы, Астанадағы Mega Silk Way сауда орталығында орналасқан Chaplin кинотеатрында апаттық жағдайда шығатын есік үлкен экранның бір бүйірінде орналасқан. Бұл есіктің маңдайшасындағы жазу дабыл қағылғанда іске қосылады екен. Кемеровода қырық баланың кинотеатрда қамалып қалуына осындай есіктің болмауы себеп болды емес пе?!
Кинозалдардың жоғары қабатта орналасуы да қауіпті болып отыр. Өткен аптада Төтенше жағдай комитетінде болған брифингте осы мәселе көтерілген болатын. «Кинотеатрлар, балаларға арналған ойын-сауық орындары, түрлі корттың жоғары қабатта орналастырылуы бойынша барлық талап бүгінгі күні қала құрылысы мен құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтермен регламенттеледі. Яғни, қай қабатта не орналастырылатыны нысанды жобалау кезінде шешіледі. Сондықтан кәсіпкер бүгін олардың барлығын бірінші қабатқа түсіре алмайды. Көрші елде орын алған қайғылы оқиғаның салдарын есепке ала отырып, біз сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі құзырлы органға мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарды, жобалаушы және құрылыс жүргізушілер қауымдастығын тартумен жұмыс тобын құру туралы бастама жолдадық. Бұл бастамада сауда және ойын-сауық орталықтарының категорияларын қатаңдату бойынша ұсыныстар бар. Сондықтан құрылыс нормалары қатаңдатылатын болса, алдағы уақытта жаңа көпқызметті сауда орталықтарын жобалау кезінде мұндай кешендердің қабаттары азайтылуы әбден мүмкін», – деді ТЖК Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бөлім басшысы Рамазан Бейсенғазин.

Кәсіпкерлерге қатаң жаза
Ресейдегі жағдай біздің елімізде де орын алмасына еш кепілдік жоқ. Тіпті, дәл осындай адам шығыны болмағанымен, Алматыда ірілі-ұсақты сауда орталықтарында өрт шығу салдарынан опат болғандар жоқ емес. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Almaty Towers бизнес орталығында болған өрт 6 адамның өмірін жалмағаны белгілі. Мұнда да жабық тұрған апаттық есік адамдардың ажал құшуына себеп болды. Бірақ, бұл оқиғадан кейін де жабулы апаттық есіктер жабулы күйінде қалды. Мұның бәрі осы күнге дейін сауда орталықтары сияқты түрлі нысан қожайындарына жүктелген жазаның жеңілдігінен болып отыр. ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің айтуынша, өрт қауіпсіздігін сақтамаған сауда орталықтарына заңмен 50 АЕК немесе 120 250 теңге айыппұл салынады. «Сауда орталығының жабық тұрған әрбір есігі үшін айыппұл салынбайды. Әкімшілік хаттама толтырылады, барлық заң бұзушылық тіркеліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер екінші тексеріс кезінде заң бұзушылық жойылмаса, материалдар сотқа жолданады. Ол кезде айыппұл мөлшері де өседі, яғни 100 АЕК-ті құрайды. Болмаса нысанның қызметі уақытша тоқтатылуы мүмкін», – деді ол.
Ай сайын ақшаны миллиардтап қалтаға басатын сауда үйлерінің иелері үшін айыппұлдың сомасы күлкілі. Айыппұл айылын жиғызбаса, бетімен кеткен бизнес өкілдері бұдан кейін де сабақ ала қоюы екіталай. Осыған байланысты төтеншеліктер де тиісті органдардың есігін қағып, тексерісті қатаңдатумен қатар, сауда нысандары қожайындарына жүктелген жауапкершілікті арттыруды ұсынып отыр. Олар сауда орталығындағы қауіпсіздік үшін мемлекеттік инспектор ғана емес, сол нысанның қожайыны қам жеуі керек дегенді айтады. Өйткені, әлеуметтік желіде «көрші Ресейдегі қайғылы оқиға болмағанда төтеншеліктер тырп етпейтін еді» деген әңгімелер желдей есті. Көпшілік қауіпсіздікке салғырт қараған СО қожайындарын сөкпей, Төтенше жағдайлар комитетінің жұмысына сын айта жөнелді. Асылында, өрт қауіпсіздігін қадағалайтын тиісті органдардың ескертпесін ескермейтін кейбір кәсіпкерлерде ес болмай тұр.

Сақтыққа салғырт қарамайық
Осы жылдың сәуірінен бастап ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті еліміздегі ірі сауда және ойын-сауық кешендері мен сауда үйлеріндегі өрт қауіпсіздігінің сақталуына жоспардан тыс тексерулер жүргізуді бастады. Бас прокурор мыңнан астам нысанның өрт қауіпсіздігін шұғыл қарап шығуды бұйырыпты. Тексеріс үш айға жалғаспақ. Алдымен адам көп жүретін сауда нүктелері басты назарда болады. Құтқарушылар кейін балабақшалар мен мектептерді де тексереді.
Миллион тұрғыны бар Астана қаласындағы ірілі-ұсақты сауда орталықтарына былтыр да тексеріс жүргізілген. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше 2017 жылы қаламыздағы 9 сауда және ойын-сауық орталығының 6-уы тексеріліп, 32 заң бұзушылық анықталып, 351 695 теңге айыппұл салынған. Сауда нысандарының қожайындары 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін бұл олқылықтардың орнын толтырып, қауіпсіздікті нығайта түскен.
Өткен жылы жүргізілген тескеріс кезінде анықталғандай «Керуен», «Азия парк», «Еуразия» сауда орталықтары ғана заң бұзушылыққа жол бермеген. Алайда, Астананың барлық ойын-сауық орталықтары өрт қауіпсіздігіне толықтай жауап бере алады деп тағы айта алмаймыз. Мәселен, осындай тескеріс кезінде Keruen City сауда орталығының жертөлесінен газ баллондары мен жаңғыш материалдар табылған. Оның үстіне өрттен қорғау автоматты жүйесі істен шыққан. Өрт тұтанған жағдайда қолданылатын жедел сатылар да тоқтан ажыратылып, жұмыс істемей тұрған. Ол уақытта Меgа Silk Way сауда орталығы пайдалануға берілмегендіктен тексеріске ілікпеген екен.
Мұндай нысандардың кейбірінде тіпті автоматты өрт дабылы орнатылмаған болып шықты. Мысалы, тексеріс кезінде халық нөпірі саябырсымайтын «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығының түтінді жою және жұртты хабардар ету жүйесі істемей тұрғаны анықталған. Оған қоса, кейбір бутиктерінде істемейтін өрт сөндіру құрылғысын орналастырылғаны өз алдына, техникалық бөлмеде бөгде заттарды ұстаған. Тізе берсең, өрт қауіпсіздігін сақтамаған сауда орталықтарының олқылықтары су бетіне қалқып шығады. Өкініштісі сол, СО-лардың бәрі бірдей қауіпсіздігімізге кепілдік бере алмай отыр. Халқы күн санап артып келе жатқан Астананың ахуалы осындай болса, басқа қалалар туралы ойлаудың өзі қорқынышты. Мәселен, елордамыздағы ел аузында «Артем» атанып кеткен орталық базары 2015 жылдан бері тексерілмепті. Мұның себебі де бар көрінеді. ТЖД бастығы Барат Дұзақбаевтың айтуынша, заңды тұлғаның шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде қайта тіркелуіне байланысты кодекспен үш жылға тексеруден босатылған. Кемероводағы жағдайдан кейін кәсіпкерлер құзырлы органдардан «Астаналық» орталық базарын өрт қауіпсіздігіне тексерулерін сұраған. Сонымен қатар, «Азия парк», «Хан Шатыр» сауда орталықтарының әкімшіліктері ТЖД-ге де тексеру туралы ұсыныстарымен шыққан. Осыған сәйкес, биыл 105 сауда нысаны мен 228 білім беру мекемесін тексеру жоспарланып отыр.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Сондай-ақ, оқыңыз

17 мың заң бұзушылық

Көліктегі ІІД және оның желілік бөліністері қызметкерлері қызмет көрсету аумағындағы жедел жай-күйді жақсарту мақсатында барлық …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған