Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Өңірлердегі жемісті жүздесулер

Өңірлердегі жемісті жүздесулер

Өңірлерде Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын түсіндіруге бағытталған депутаттардың кездесуі өтті.
Алматыда Мәжіліс депутаттары техникалық және аграрлық университеттердің студенттік жатақханаларында тұрғын үй перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, алматылық мұғалімдерге білім саласына бағытталған Президенттік басымдықтарды түсіндірді.
Сапар барысында Мәжіліс депутаттары «Даму» қорында өткен жиында шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, кеше Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы Ақжар және Көктау ауылдарында кездесуі өтті.
Кеше депутаттардың өңірлердегі сапары аясында Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдраxманов Ақмола облысының Аршалы ауданында сайлаушылармен жүздесті. Аудандық әкімдіктің актив жиналысындағы сөзінің кіріспесін: «Біздің Ата Заңымыздың 1-бабы «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп басталады», – деген оймен өрбіткен xалық қалаулысы Президент Н.Ә. Назарбаевтың бес бастамасы әлеуметтік мемлекеттің әлеуетін әлемге әйгілеген, елімізде бәрі де адам игілігіне жасалатынын келісті көрсеткен шешім болып шыққанын нақты дәлелдеп айтты.
Елбасы бастамаларының мән-маңызын жан-жақты ашқан депутат олардың іс жүзіне асырылуының тетіктері жөнінде де әсерлі әңгімелеп, жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді. С. Абдраxманов қоғамдағы саяси тұрақтылықтың тірегі әлеуметтік әділеттілік болуға тиіс екеніне тиісінше назар аударды. Кездесуде жастар тәрбиесін жақсартудың жайына, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, латын жазуына көшуге қатысты сұрақтар да қойылып, тиісті мәліметтер берілді.
Сонымен бірге, Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерсұлтан Бектұрғанов пен Жанат Жарасов С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында болды. Депутаттармен бірге облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев пен «Нұр Отан» партиясы облфилиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко да келді. Кездесу кезінде депутаттар кітапхананың жұмысы мен материалдық-техникалық қамсыздандыруымен танысты. Кітапхана басшысы Шолпан Шахметованың айтуынша, мұндағы кітаптардың жалпы саны 500 мыңнан асады. Олардың 400 мыңы электрондық форматқа көшірілген. Кітапханада «Жанашыр», «Тілтаным», «Балалар кітап оқиды!» және басқа да жобалар жүзеге асырылуда.
Осы ғимаратта депутаттар «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалар офисін аралап шықты. Офис басшысы Зәуреш Мұқашева мәжілісмендерді ұжыммен таныстырып, жұмыстарын көрсетті. Осы бағыттағы жұмыс жайлы облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттандыру басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков те айтып өтті.
– Өткен жылы 468 млн. теңгеге облыс бойынша 17 мәдени ошақ күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыс жалғасады. Биыл Баянауыл мен Кенжекөлде 2 мәдениет үйдің құрылысы жоспарлануда, – деді ол.
Мәжіліс депутаттары атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Депутат Е. Бектұрғанов өз сөзінде «Рухани жаңғырудың» басым бағыттары бойынша үлкен жұмыстардың атқарылып жатқандығын атап өтті. Сонымен бірге, мәжілісмен жастардың діни тәрбиесіне үлкен назар аудару керектігі жөнінде ұсыныс білдірді.

Сондай-ақ, оқыңыз

Жас қызметкерлер ант қабылдады

Астана қаласы МКҚБ-да жеке құрамды жазғы киім нысанына көшіру, саптық дағдыларды жетілдіру, сондай-ақ, қызметкерлердің патриоттық …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған