Есірткімен күрес – ортақ майдан

Жақында Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінде әскери саладағы өзара әріптестік аясында АҚШ елшілігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы бас комитетінің ұйымдасыруымен кинолог мамандарды даярлауға арналған оқыту курсының жабылу рәсімі өтті.
Есірткімен күрес – бүгінгі күнде өзекті әрі аянбай күш салатын сала. Еліміздің өзге де күштік құрылымдарымен қатар Ұлттық ұланның жауынгерлері бұл қоғамды жауыр еткен жағымсыз құбылыспен қызметтік иттер көмегімен күресіп бағуда. Иттерді арнайы есірткі іздеуге үйрету ісін Ұлттық ұланның қолбасшылығы 2012 жылдан бастап қолға алды. Бір ғана 2017 жылы кинолог мамандар қызметтік иттердің көмегімен 104 келі есірткі затын тәркілеген. Бұл көрсеткіштер иттің иіс сезгіш қабілетін ешбір құрал алмастыра алмайтындығын айғақтаса керек. Осы себепті кинолог мамандардың және қызметтік мақсатта пайдаланылатын иттердің бабында болуы да күн тәртібіндегі мәселе.
Сонымен қатар, есірткімен күрес – шетел мамандарын тартып, әскери салада әріптестік орната отырып, тәжірибе алмасуға, сөйтіп, күрес алаңының ауқымын кеңейтуге болатын сала. Сондай-ақ, әлемдік тәжірибені және жаңа технологияны меңгерген маман ел шебіне есірткі жолатпайтыны анық.
Осы себепті, Ұлттық ұланның бас комитеті және АҚШ елшілігі өзара әрпітестік орнатқан. Қазақстандағы АҚШ елшілігінің консулы Майкл Сноуден әскери саладағы әріптестік аясындағы, есірткімен күрес жөніндегі бағдарлама басшысы, майор Кристофер Кент, нұсқаушы кинолог мамандар Брюс Гудейл, Скот Зайтнер ат басын арнайы 6654 әскери бөлімге бұрған. Олар бір ай бойы таңдаулы ел мамандарымен итті баптау тәсілдерін өзара пысықтады.
Жиыннның ашылу салтанатында сөз сөйлеген 6654 әскери бөлімнің командирі, полковник Бағдәулет Оспанбеков: «Есірткі – әсіресе, жас буынның, ел келешегінің еркін өсіп-жетілуіне кедергі болатын кесел. Ел шебіне енген сәттен үлкен қасірет арқалай келетіні баршамызға аян. Демек, біз, әскери сала мамандары, Отан қорғаушылар ретінде есірткімен, оның таралу жолдарымен аяусыз күрес жүргізуміз қажет. Аталған оқыту курсы да өзара әріптестік аясында қызметтік иттер мен кинолог мамандардың біліктілігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осы орайда, қызметтік иттер – бабына сәйкес ешбір құрылғы теңесе алмайтын, есірткімен күресуде алғы шептің жауынгерлері. Оларды барынша бабында ұстау ұландықтарға жүктелген міндет», – деді.
АҚШ мамандары алғысөзді қазақ тілінде бастап: «Ұландық жауынгерлер көздерінде от ойнаған «сен тұр, мен атайын» дейтін алғыр әрі қайсар жандар. Бұған көзіміз әбден жетті. Есірткімен күрес – ортақ майдан. Ұландық жауынгерлермен өзара тәжірибе алмасу есірткі айналымын бүгінгі таңда ең тиімді күрес құралы – қызметтік иттер көмегімен бірігіп жеңуге болатындығын айғақтап отыр» – деп, Ұлттық ұланның қолбасшылығына және әскери бөлім командиріне алғыс білдіріп, арнайы алғыс хаттарын табыс етті.
Осыдан кейін, әскери бөлімнің кинолог мамандары өз өнерлерін ортаға салды. Иттер жауынгерлік қызметтің барлық саласына қатысатындығы осы бір көріністен анық аңғарылады. Патруль жасағы бейтаныс күдікті көлікті тоқтатты. Осы сәтте қызметтік ит көлікті айнала тұмсығымен тінтіп, жасырынған есірткіні сезген бойда тыпыршып үре жөнелді. Қылмысы әшкереленген көлік жүргізушісі қаша жөнеліп еді, неміс овчаркасы дереу қуып жетіп құлатып, талай жөнелді. Артынша, көліктің артқы есігінен шыққан қаруланған тағы бір қылмыскер қаша жөнеледі. Қашып бара жатып қаруын жасақ мүшесіне көздеп атып үлгереді. Бірақ, жасақ мүшесі жата қалып қарсы қимыл жасамақ болған сәтте әлгі неміс овчаркасы қылмыскерді сұлатып салды. Әсерлі әрі әдемі көріністер көпшілікті тәнті етумен қатар, кинология қызметінің мәні мен маңызын аша түсті.
Жиын соңында АҚШ мамандары ұландық кинологтарға қызметтік иттерге керекті бұйымдар мен заттар сыйлады. Арнайы оқу бағдарламасын бітіргендігі жөнінде сертификаттармен марапаттады. Ал АҚШ мамандарын Ұлттық ұлан бас комитетінің жауынгерлік қызмет басқармасының басшысы, полковник Баатыр Бамбуков марапаттап, қолбасшылық атынан алғысын білдірді.

Әділет САРЫБАЙ, Алматы облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*