Жеңімпаз балуандар марапатталды

Жуырда Қостанай қаласындағы «Динамо» ДСҚ спорт кешенінде қазақша күрестен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында облыстық чемпионат өтті.
Бір күнге созылған додада балуандар үш салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 3-орынға Қостанай Академиясының 3-курс курсанты Бахтияр Болатов ие болса, дәл осы салмақ дәрежесінде барша балуанның мысын басып, көпшілікті таңқалдырған 3-курс курсанты Бексұлтан Оразымбет жеңімпаз атанды. Ал 90 келіден жоғары аса ауыр салмақ дәрежесінде тағы бір мықты балуан, 3-курс курсанты Болат Күдірбек күш-жігерінің арқасында баршадан басым түсіп, жеңіске жетті.
Жарыс аяқталған соң, дәстүр бойынша Қостанай облысының құқық қорғау органдары арасында Қостанай облыстық ІІД-нің 2018 жылғы «Полиция барысы» түйе балуанын анықтау сыны өтті. Бұл сынға Қостанай Академиясының да курсанттары қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Соның ішінде 3-курс курсанты Бахтияр Болатов ақтық сынға дейін жетіп, нәтижесінде Қостанай облыстық ІІД қызметкеріне есе жіберіп алды. Сөйтіп күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ал, алдыңғы жылы аталмыш доданың түйе балуаны болып ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясы ЖжДД кафедрасының аға оқытушысы, полиция майоры Ержан Кабидуллинов танылған болатын. Бірақ, бұл жолы Ержан Айтбайұлы өз жолын шәкірттеріне берді. Күміске қол жеткізген балуан Бахтияр Болатов қазіргі уақытта ЖжДД кафедрасының жаттықтырушылары қоластында жаттығады.
– Осындай жетістіктерге жетуге өз үлестерін қосып, аянбай тер төгіп жүрген жаттықтырушыларымызға және курсанттарға көңіл бөліп, жоғары нәтиже көрсетуімізге негіз болған Қостанай Академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Қызылов Мирлан Ахмедияұлына үлкен алғысымызды білдіреміз, – деді жарысқа қатысқан Академия курсанттары.
Сонымен аталмыш дода нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Академия курсанттары 2-орынды иеленді. Бұл қазіргі уақытта жақсы нәтиже болып табылады. Балуандар сәуір айында ҚҚО арасында самбо күресінен болатын чемпионатқа дайындық жұмыстарын жүргізу үстінде.
Академияның беделін жақсы жағынан асырып, ел намысын қорғап жүрген балуандарымызды 26 наурыз күні Академияның саптық алаңында Академия бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ербол Қаппасов жеке құрам алдында құттықтап, жеңімпаздарға грамота табыс етті.
Балуандарды құттықтап болған соң, Ербол Төлегенұлы мерзімі келген, еңбегі сіңген қызметкерлерге 3 дәрежелі және ардагер деген медальдарды тарту етті.

Академияның баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*