Ардагерлер – біздің мақтанышымыз

Ішкі істер органдарының құрметті ардагері, оставкадағы милиция полковнигі, Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Диденко 92 жасқа толды.
Михаил Диденконы Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары Андрей Хайрулин мен Ақтөбе облыстық ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Даулеталин және әріптесі, ардагер Төлеубай Сарбаев үйіне барып құттықтады. Олар гүл шоғы мен естелік сыйлықтар тарту етті.
Михаил Диденко 1943 жылы соғысқа аттанып, пулеметшілерді дайындайтын Ирбит мектебінде оқыған. Үшінші Беларусь майданына 1944 жылы араласты. Кейін Литва, Шығыс Пруссияны жүріп өтіп, жеңіс туралы қуанышты хабарды Балтық теңізіндегі Пиллау портында естіген. Ол «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.
Михаил Диденко соғыстан аман оралып, Қостанайда, сосын Ақтөбеде еңбек жолын жалғастырып, 40 жылдан астам уақыт ішкі істер органдары саласында жемісті еңбек атқарған.
Бүгінде жұбайы Тамара Афанасьевнамен отау құрғандарына 67 жылдан асты. Екеуі 3 бала тәрбиелеп өсірді. 3 баладан 4 немере, 4 шөбере сүйіп отыр.
«Жеңіс жолында табандылық пен ерлік танытқан ардагерімізге алғысымыз шексіз. Михаил Диденко құқық қорғау саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, білікті мамандар даярлауға үлкен үлес қосты. Біздің парызымыз – ардагерлеріміздің өнегелі өмір жолын, ерліктерін келер ұрпаққа жеткізіп, насихаттау. Ардагерлер – біздің мақтанышымыз. Біз сіздерді үлгі етеміз», – деді Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Андрей Хайрулин.
«Ардагерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Сұрапыл соғыста кеудесін оққа тосып, ел қорғаған, бейбіт күнде ел тыныштығы үшін адал еңбек еткен аға ұрпақтың өнегелі жолын дәріптеу, әсіресе, қазіргі жастарымызды отансүйгіштікке, адалдыққа тәрбиелеуде маңызды. Сізге зор денсаулық пен отбасыңызға амандық тілеймін», – деді Ақтөбе облыстық ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Даулеталин.
Михаил Диденко 92-ге келсе де әлі тың. Осы кезге дейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас тәртіп сақшыларымен кездесіп, тәлімгерлік көрсеуден жалыққан емес. Биыл Ұлы Жеңіске 73 жыл толады. Ардагерлеріміздің ерлік өнегесі қай кезде де патриотизмнің жарқын көрінісі болып қала бермек.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*