Курсанттар тігін фабрикасында

Ішкі істер органдары қызметкерлеріне әдептілік нормалары мен мінез-құлық қағидаларын сақтауына, моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар өте жоғары. Болашақ офицерлерді тәрбиелеуші Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының профессорлық- оқытушы құрамының міндеті – осы аталған қағидаларды әр курсанттың бойына сіңіре білу.
Жоғарыда аталғандардың бірі, әрине, киім кию үлгісі. Академияның оқытушылары полиция майоры Жанар Базарбаева мен полиция аға лейтенанты Аманат Мұрат курсанттарды әдептілік пен ұқыптылыққа, жинақылыққа, киім кию үлгісінің дұрыс нысанын таңдауды үйрету мақсатында елімізге белгілі киім тігетін фабрикалардың бірі – Қостанай қаласындағы «Большевичка» фабрикасына саяхат ұйымдастырды.
Кеңес Одағы Жеңіл өнеркәсіп халық комиссарының 1941 жылғы 4 шілдедегі бұйрығымен Украинаның Херсон қаласындағы «Большевичка» тігін фабрикасы Қостанай қаласына көшіріледі. Мұрағат құжаттарының материалында жазылғандай, ашық вагондарға мінген 154 адам кәсіпорынмен бірге Қостанайға дейін 33 күн жүреді. Олар негізінен жастар еді. Қазақ даласына жеткенше жолда жаудың бомбасына тап болады, жұмысшылар ашығады. Фабрика директоры Адольф Рябой жұмысшыларымен бірге фабриканың құрал-жабдығынан ешнәрсе қалдырмай ала келген екен. Міне, сол көштің 1941 жылы 21 қыркүйектегі Қостанайға жеткен күнін қазіргі уақытта фабрика ұжымы фабриканың туған күні деп атап жүр. 77 жылдай тарихы бар Қостанайдағы тігін фабрикасы бұған дейін де талай қиындықты еңсерген. Бүгінгі таңда да тұралап қалмай, әлемдік көшке ілесіп, тұрақты жұмыс істеуде. Тек мұнан әрі өркендеп, дамудың жаңа кезеңіне көшу үшін мемлекеттің қолдауы қажет.
Саяхат барысында фабрика қызметкерлері курсанттарға жұмыс цехтарын көрсетіп, қызмет барысымен таныстырды. Сонымен қатар, фабриканың шеберлерінің қолынан шыққан арнайы киім түрлерін мен үлгілерін көрсетті. Курсанттар аты әйгілі фабриканың атын естігендерімен, бүгін өз көздерімен көргендері үшін және осындай қажетті де танымды саяхатты ұйымдастыра білген ұстаздарына алғыс білдірді.

М. ОСПАНОВ, Академияның баспасөз хатшысы
А. МҰРАТ, Кураторлар кеңесі төрағасының орынбасары,
полиция аға лейтенанты

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*