Адам өміріне атүсті қарау – қылмыс

Кез келген мемлекеттің басты байлығы – адам және оның өмірі. Сондықтан болар, әлем елдері дамуды демографиялық ахуалдан бастап, халық денсаулығының қамына қарай қарекет етеді. Жер көлемімізді айтып көсіле мақтанатын біздің, өкінішке қарай, демографиямыз дімкәс екені тағы ақиқат. Ашығы сол, ана мен бала денсаулығы алдыңғы кезектегі мәселе болып отыр.
Соңғы жылдары ана мен бала өлімінің азайғанын алға тартып, статистиканы сөйлеткенімізбен, күн сайын көріп жүрген көрініс көкейге түрлі күдік ұялатып келеді. Өйткені, қазір елімізде ең көп айтылатыны – сырқат аналар мен балалардың жағдайы. Көптің көкейіндегі сан сауалға жауап алу үшін жуырда Астанадағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы Рефералл орталығының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Жұпар Кәрібекқызын әңгімеге тарттық.
Денсаулыққа жауаптылар елдегі ана мен балалар арасындағы ауру түрлерінің асқынып бара жатқанын айтып жатады. Себебі неде?
– Бүгінгі күні ана мен бала денсаулығы – басты мәселе болып отыр. Қазіргі әйелдердің денсаулық индексі өте төмен. Себебі, болашақ ананың өмір сүріп отырған ортасының экологиялық жағдайы нашар. Екіншіден, ішіп-жегені химиялық қоспа болса, тұрмыстық жағдайы жақсы болмаса, ондай әйелдің денсаулығы қайдан оңалсын? Ал әйелдің денсаулығында қандай да бір кінәрат болса, ол ішіндегі ұрыққа да әсер етеді. Жасыратыны жоқ, қазір туабітті ауытқулармен дүние есігін ашатын балалардың саны көбейген. Әсіресе, Атырау мен Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарында даму ақаулары бар балалар жиі дүниеге келеді. Одан кейін жұқпалы аурулар болашақ нәрестенің өміріне өмір бойы балта шабуы мүмкін.
Бүгінгі таңда ана мен бала ауруларының себебін алдын ала анықтауға болады. Технологиясы оқ бойы озық дамыған елдерде әйелдердің бойында қандай кінәрат бар екендігі генетикалық түрде алдын ала анықталып, жүзден аса инфекцияға тексеріледі. Тұқым қуалайтын ауруларының бар-жоғы тексерістен өткізіледі. Оны анықтайтын сан алуан медициналық аппараттар шыққан. Бірақ, бұл біздің елге әлі жеткен жоқ. Алла бұйырса, алдағы жылдары бізге де жетіп қалар. Ол жетеді деп арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Меніңше, әйел денсаулығының жоқтығына байланысты мемлекеттік деңгейде бағдарлама жасалып, кешенді түрде жұмыс жүргізілгені жөн.
Іштегі шарананың бойында ауытқушылық барын тексеретін сан алуан аппараттар бізде де қолданыста бар емес пе?
– Бар, бірақ қазір олардың өзі көненің көзіндей болып кетті. Себебі, заман ағымына қарай, технология да бір орында тұрмайтыны белгілі. Күн сайын өзгеріске ұшырап, дамып жатады. Иә, бізде скрининг деген бар. Он екі аптаға дейін, екіншісі 20-24 аптаға дейін, сосын 30-34 аптада әйелдер ультрадыбыстық тексерістен өтеді. Биохимиялық тексеру жасалады. Қан аламыз, генетиктер қарайды. Осы он екі аптаға дейін тексерілгенде іштегі ұрықтан қандай да бір ауытқушылықтар байқалса, жүктілікті үзу туралы кеңес айтылады. Кейбір жағдайда әйелдердің өзі келісім бермейді. Жиырма екі аптаға дейін жүктілікті үзуге мүмкіндік бар. Маман ретінде шарананың бойынан қандай да бір ауытқушылықтар анықталып жатса, жүктілікті үзу керек деп кеңес береміз. Жарайды, біз рұқсат бердік, әйел босанды, мүгедек бала дүниеге келеді. Амал жоқ, әйел бала үшін бәріне де барады. Басын тауға да, тасқа да ұрады. Бірақ, іште өксік, өкініш қалады. Әйел де – адам баласы. Іштей жеп таусылады, депрессияға ұшырайды. Ал дүниеге келген баланың болашағы туралы айтудың өзі артық. Ол анасынан бетер қиналады. Екіншіден, сол туылған балаға мемлекеттен қаржы бөлінеді. Ол балаға мемлекет өмір бойы жәрдемақы төлейді. Оның өзі қыруар қаржы.
Тағы бір айтарым, қазір әйелдердің арасында қан аздық ауруы көп тараған. Бір кездері аяғы ауыр әйелдерге қан аздыққа қарсы тегін дәрі-дәрмектер берілетін жап-жақсы бағдарлама болып еді. Кейінгі кезде сол бағдарлама тоқтап қалды. Меніңше, соны қайта енгізген дұрыс. Содан кейін әйелдер арасында бүйрек пен жұқпалы аурулар өте көп тараған. Соның ішінде уреаплазма, хламидоз, микоплазмоз, трихомониаз деген жыныстық жолмен жұғатын аурулар жиі кездеседі. Бұлар жеке бас гигиенасы сақталмайтын ортада, сауналар мен моншаларда таралады. Сақтанбаудың соңы осындай орны толмас өкінішке әкеліп соғады.
«Бесігіміз бос қалмасын» дейтін қазақтың арасында ұрпақ сүюге зар болып отырғандардың көбейіп кетуі неліктен деп ойлайсыз?
– Қазір бедеулік те, белсіздік те өте өзекті мәселеге айналып отыр. Бұрын ұрпақ сүюдегі қабілетсіздікті 80 пайыз әйелден көріп, 20 пайыз еркектен деп айтатын едік. Қазір – 50-50. «Ауруын жасырған өледі» демекші, ер адамдар дәрігерлерге дер кезінде қаралмайды. Әйелдер де уақыт жоғалтып жатады. Көптеген жастар тұрмыс құрған соң бала көтере алмай жүреді. Біраз жыл өткізіп алған соң ғана бармағын шайнап, дәрігерлерді жағалайды. Маман ретінде айтамын, белсіздік пен бедеуліктің 80 пайызы емделеді. Екеуінің де себептері өте көп.
Қазір жастар арасында жұқпалы аурулар көп таралған. Әйелдер арасындағы жатыр мойны, аталық ұрық бөлу мүшелерінің дұрыс дамымауы – бедеулік пен белсіздікке алып келеді. Бұл екеуі де жастайынан денсаулықты күтпеудің салдары. Себебі, бойжеткендеріміз бабымен бой түзей алмайды. Кіндігі мен кеудесі ашық-шашық, сақырлаған сары аязда тізеден жоғары белдемше киетін қыздардан ертең дені сау ұрпақ дүниеге келеді дегенге сену қиын. Темекі мен сыраны суша сіміретін жастардың көп жағдайда денсаулығы сын көтермейді. Осылай ойнақтап жүріп от басып, балалы болу бақытынан айырылып қалатынымыз өзекті өртейді. Мәселен, ерте жастан жыныстық қатынасқа түсу, жасанды түсік жасату да – бедеулік пен белсіздіктің басты себебі. Тағы бір себеп, күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз табиғи құрамынан баяғыда алыстап кетуінен де болып отыр. Сосын күнделікті қолданатын компьютер, ұялы телефондар да бедеулікті асқындырып отыр. Ал еркектің белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі қабынулар, атап айтсақ, аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары, жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді. Сондықтан нәпсіқұмарлықты тыйып, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстаса, ұрпақ сүю бақыты барлығына берілер еді.
Қазір айы-күні жетпей, мерзімінен бұрын босанып қоятын әйелдердің қарасы да аз емес секілді…
– Ерте босану қаупі де – қазіргі күні басты мәселеге айналғаны рас. Негізі әйел 37 аптадан кейін ғана босану қажет. Қазір бұл мерзімнен ерте босанатындар көп. Оның да негізгі себебі – жұқпалы аурулар. Сосын жатыр мойны ашық болады, салдарынан баланы ұстап тұра алмайды. Оның соңы баланы түсік тастаумен аяқталса, кейде мерзімінен бұрын босануға әкеліп соғады. Дегенмен, қазір медицинаға инновациялық технологиялар еніп жатыр, оның барлығының алдын алуға болады. Мәселен, пессари деген бар. Ол өлшеміне қарай әйелдің жатыр мойнына салынып, жүктілікті сақтап қалуға болады. Бұрын біз тігіс салатын едік, қазір оның орнына осындай жаңа заманға сай пессариді пайдаланып жүрміз.
Кейбір шала туған балалар жақсы болып өседі, тіпті, әдеттегі балалардан қарағанда дамуы ерекше болып жатады. Мысалы, Наполеон секілді мерзімінен бұрын туған әлемге әйгілі тұлғалар өте көп. Дегенмен, мерзімінен бұрын босану дұрыс емес. Өйткені, шарана ол уақытта толықтай дамып бітпейді. Мәселен, көздің дамуы 26 аптада толық қалыптасады. Жалпы, ерте босану қаупі экологиялық ахуалға да байланысты. Қазір шалабайлардың көпшілігі сары ауру, тыныс және аллергиялық аурулармен көп ауырады. Сондықтан болашақ аналар саламатты өмір салтын ұстануы керек. Дені сау анадан денсаулығы мықты ұрпақ дүниеге келеді. Анасы дұрыс тамақтанып, ұйқысы тыныш болса, баласының да денсаулығы жақсы болады. Бұдан кейін түсік тастау немесе мерзімінен ерте босанудың артында күйзеліс, жүйке жүйесінің шаршауы да септігін тигізіп жатады.
Бас ауырып, балтыр сыздаса, білікті дәрігерлерді шекара асып іздейтініміз рас. Жыл сайын миллиондап ақша бөлініп, шетелдің білдей университеттерінде біліктілігін арттырып, оқып келген ақ халаттыларымыз неге өзге елдің деңгейіне жете алмай жатыр? Қатерлі аурулардың алдын алуда неге қауқарсызбыз?
– Сөзіңіздің жаны бар. Ем іздеп мына тұрған Өзбекстанға, Ресейге кетіп жатқандар жетерлік. Осыдан он жыл бұрын бұл жайында мақала жазған едім. Мәселен, көрші өзбек елінде бізбен салыстырғанда халықтың тұрмыс жағдайы төмен болғанымен, медицинасы мықты дамығанын мойындауға тура келеді. Себебі, Ташкентте кезінде медицинаны өз тілдерінде оқытты. Ал біз орыс тілінде оқыдық. Бізде қазақ сыныбын бітірген бала орыс тілін меңгерудің өзіне біраз уақытын жіберіп алады. Одан кейін медицинаны меңгеруге тура келеді. Оны он жылға жуық уақытта меңгеріп шығу мүмкін емес.
Дегенмен, еліміздегі дәрігер мамандардың барлығына бірдей күйе жағуға болмайды. Қазір шетелде біліп алып, озық тәжірибесімен бөлісіп жатқан білікті дәрігерлер бар. Сондай-ақ, шетелдің заманауи технологиялары да іске асуда. Екіншіден, технология мықты болса, дәрігердің диагноз қоюы да дәлдірек болады.
Әрине, кадрлардың біліктілігі бірінші орында. Мысалы, біздің ғылыми орталығымыздың көптеген дәрігері шетел асып оқып келді. Олар сол жақта үйренгендерін, көргендерін тәжірибеде қолданып жүр. Диагностикамыз да жоғары деңгейде. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінен ем іздеп, ауруынан айығып жатқандар бар. Өзім де Американың Чикаго университетінде тағылымдамадан өттім. Ол жердегі көргендерімді біздің елмен салыстыра алмаймын. Себебі, олардың медицинасы да, технологиясы да оқ бойы озық. Жеке өзім он бес жылымды оқуға арнаппын, тіпті, қазір де оқып жатырмын. Бес жылдың ішінде емдеу жолы да, медициналық технология, тіпті дәрі-дәрмектің өзі де өзгеріске ұшырайды. Өйткені, ғылым мен білім тоқтаусыз алға жылжып барады. Сол себепті заманның көшінен қалмау үшін оқи беру керек.
Екіншіден, біз айтып отырған Америкада жәй ғана медбикелер 7-8 мың доллар алады. Олардың медбикелерінің өзі 5 жылдан аса оқиды. Бізде 2 жыл оқиды. Екі мен бес жылды салыстыруға келмейді. Оны да ескеру керек. Ал дәрігерлері 10-15 мың доллар айлық алады. Ал бізде медицина ғылымдарының кандидаты секілді атақ-даңқы аспандаған жоғары білікті дәрігердің айлығы 500 долларға жетпейді. Сосын АҚШ-та медицина мамандығына оқуға түсу өте қиын. Ол жақта дәрігердің оқуына түскен адам бақытты.
Мемлекеттік медициналық мекемелерге қарағанда жекеменшік емханалардың есігін қағатындардың қатары көбейген секілді…
– Мен онымен толықтай келісе алмаймын. Себебі, қазір мемлекеттік медициналық мекемелердің де деңгейі жоғары. Тұрғындар арасында «ақшасы төленгеннен кейін бізге жақсы қарайды» деген түсінік қалыптасқан. Жекеменшікке жүгінудің себебі, ол жерде ұзынсонар кезек болмайды, дәрігерлер мен медбикелер науқастың бүкіл жағдайын тәптіштеп сұрап, көңілін аулайды. Өйткені, уақыттары бар. Әлбетте аппаратуралары да жақсы. Мемлекеттік емханаларда жоқ аппараттар жекеменшік клиникаларда болады. Ал мемлекеттік мекемелерде бір есікке 50-60 адам кезекке тұрады, олардың барлығын бір күнде қарап біту мүмкін емес. Күні бойы кезекте тұрған науқастар дәрігерге неше түрлі сөздер айтады. Олардың науқасын қараумен бірге, сын-ескертпелерін де естіп жүрген дәрігерлердің жүйкесі де сыр беретін кездері жоқ емес.
Менің жұмыс өтілім – 35 жыл. Бұрын дәрігерлерді 25 жылдан кейін зейнеткерлікке шығаратын. Оларды бекерден бекер 25 жылдан кейін зейнеткерлікке шығармаған ғой. Кейде жұмыстан кейін үйге жеткенше қалжырап қаламын. Демек, дәрігерлер де қажиды. Қазір дәрігерлердің арасында денсаулығына қарамайтындардың қатары көп. Жасыратыны жоқ, олардың өзіне дәрігерлік көмек қажет.
Жуырда «дәрігерлердің қателесуіне болады» деген пікір айтылды. Алып-қосарыңыз бар ма?
– Меніңше, дәрігерлердің қателесуіне болмайды. Өйткені, адамның өміріне жауаптысың. Оның ішінде, менің мамандығым, акушер-гинекологқа әсте қателесу түгілі, өз мамандығыңа немқұрайлы қарауға жол жоқ. Ешбір шатасуға болмайды. Себебі, біз бір емес, екі адамның өміріне жауаптымыз. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам және оның өмірі. Сондықтан біреудің өміріне немқұрайлы қарау – қылмыс. Тіпті, кішкентай ғана білместіктің соңы үлкен себеп-салдарға айналып, қателікке апарады.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра МҮСІЛІМ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*