Мерекелік тарту

Халықаралық әйелдер мерекесіне орай еліміз бойынша жүргізіліп жатқан шаралардың қатарында ұжымдық құттықтаулардан бөлек, қайырымдылық шаралар да өтуде. Соның бірі – ІІМ Кадр жұмысы департаментінің министрліктің «Ішкі істер органдары қызметкерлеріне әлеуметтік көмек көрсету қорымен» біріге отырып қызмет бабында қаза болған қызметкерлердің әйелдерін мерекемен құттықтап баруы.
Астана гарнизоны бойынша қызмет бабында қаза болған 5 қызметкер бар. Олар – милиция кіші лейтенанты Жирентаев Жанайдар Асқарбекұлы, полиция капитаны Қонаев Марғұлан Амангелдинұлы, полиция аға сержанты Юсупов Бауыржан Сәрсенәлиұлы, полиция аға сержанты Өмірбеков Асылбек Сағындықұлы, учаскелік полиция инспекторы Данышбеков Нұрбол Құралұлы. Департамент қызметкерлері Серік Бұланбай мен Рүстем Сәдуақасов және «Ішкі істер органдары қызметкерлеріне әлеуметтік көмек көрсету қоры» төрағасы Кемел Жұмашев бастаған министрлік өкілдері аталған қызметкерлердің бірінің үйіне, бірінің жұбайларының жұмысына барып, мерекемен құттықтады. Министрлік пен қор атынан бағалы сыйлықтар мен әлеуметтік кәрзеңке табыс етті.
«Тәртіп сақшылары күн-түн демей желдің өтінде, қауіптің бетінде жүреді. Сондықтан да қандықол қылмыскермен бетпе-бет келген сәттерде асыл азаматтарымыздан айырылып қалып жататынымыз өзекті өртейді. Жол апатында көз жұматындары қаншама. Отан үшін опат болған асыл әріптестерімізді біз ешқашан ұмытпаймыз. Олардың отбасы да біздің қамқорлығымыздан қалыс қалмайды. Оларға көмек көрсетіп отыруды әріптестік парызымыз деп білеміз», – дейді милиция полковнигі Кемел Айтқалиұлы.
Марқұм әріптестердің келіншектерінің кейбірі ішкі істер саласында қызмет етеді. Осы күні полиция капитаны Марғұлан Амангелдинұлының жұбайы, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Астана халықаралық әуежайының қауіпсіздік қызметінде еңбек ететін Зәуре Есенованы ауысымдық кезекшілік кезінде барып құттықтадық.
«Тағдырдың жазуына не шара?! Жолдасымның ұжымдастары бізді әрдайым ескеріп, көмектесіп тұрады. Министрлік тарапынан да, департамент тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Ең үлкен көмек – мені бала-шағаммен далада қалдырмай пәтер алып бергені деп білемін. Сондықтан да айтар алғысым шексіз», – дейді ол көзіне жас алып.
Министрлік тарапынан жасалып жатқан мұндай қайырымдылық шарасы өзге салаларға да үлгі болғандай бастама. Әріптестерге әлеуметтік көмек алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*