Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Ғибратты ғұмыр қуанышы

Ғибратты ғұмыр қуанышы

Аналар мейрамы – ілтипат пен ізгіліктің мерекесі. Бұл күні еңбектеген баладан бастап еңкейген кәріге дейін анаға бас иуі тиіс. Осы мерекелі кеште ІІМ Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызметкерлері бірауыздан ақ жаулығын жамылған анаға құрмет көрсетеміз деп шешімге келген. Осылайша олардың қалауы – әріптестерінің әжесі, тыл ардагері, бүгінде жасы тоқсаннан асқан Маркеш әжеге түсіпті.
Жұмаділдина Маркеш Байбосынқызы 1927 жылы 12 наурызда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Қараағаш ауылында дүниеге келген. 5 жасында анасы қайтып, балалық шағы Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келген бойжеткен осы зұлматты жылдары әкеден де айырылған. Сонда да болса қиындыққа мойымай, тылда еңбек етіп, Ұлы жеңісті жақындатуға қал-қадірінше үлес қосыпты. Алла тағала да жетімнің көз жасын көрсе керек, болашақ жары қорғалжындық Оралтай есімді жігітті жолықтырып, өмірінің қиын күндері артта қалып, бақытты ғұмыр кешіпті. Дүниеге 12 бала әкелген кейуана бүгінде 80-ге жақын шөбере-шөпшек сүйіп отыр. Солардың бірі – бүгінде ішкі істер саласында істейтін взвод командирінің орынбасары, полиция капитаны Саят Дүзбанбетов. Кейуананы құттықтауға ІІМ Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінің Кадр бөлімі бастығы Бауман Алмағанбетов және батальон командирінің орынбасары, полиция капитаны Айдар Сейітов келді.
«Халықаралық әйелдер күні – аналардың, асыл жар, аяулы қарындастардың мейрамы. Ұжым болып ақылдаса келе, әріптестерден бөлек неге өзге әйел адамдарға, соның ішінде үлкен әжелерге құрмет көрсетпеске деп ойладық. Осылайша, бір қызметкеріміздің үйінде жасы тоқсанға келген, соғыс жылдары тылда қажырлы еңбек еткен әжесі бар екенін білдік. Бірден осы аяулы анамызды қуантып қайтуға тиіспіз деп шешім қабылдадық. Енді бүгінде өте орынды бастама екендігіне көзіміз әбден жеткен соң, бұл шараны дәстүрге айналдыруды көздеп отырмыз», – дейді ІІМ Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінің Кадр жұмысы бөлімшесі бастығы, полиция майоры Бауман Зейноллаұлы.
Ақ жаулықты анаға арнап бағалы сыйлық пен көктемнің көрікті гүлін ала келген полиция қызметкерлері асыл жанның өмір жолынан естеліктер тыңдап, кешегі күннің көріністеріне қанығып қайтты. Соғыс аяқталған соң бухгалтер мамандығы бойынша кешкі мектепті тәмамдаған Маркеш әже ұзақ жылдар Целиноград қалалық білім бөлімінде қызмет етіпті. Осылайша, тек тылда ғана емес, майданнан кейінгі жылдары ел экономикасын түзеуге үлес қосып, одан кейінгі тың көтеру дәуірінде де еңбек көрігін қыздырған. «Алтын алқа», «Еңбек ері» иегері әзиз әжеміз 4 ұлын ұяға, 5 қызын қияға қондырып, бүгінде 10 немере-шөбересінің ортасында Ақмола облысы, Қараөткел ауылында тұрып жатыр. Ғасырға таяу ғұмырлы ғибратты жанға Алла қуат берсін!

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Әлеуметтік бастамалардың әлеуеті зор

Маңғыстау облысының тәртіп сақшылары Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев және Ержан Құдайбергенмен кездесті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған