Ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді

Полиция майоры Өмірсерік Шотанбаев – тергеу саласына кездейсоқ келген жоқ. Ол бала күнінен-ақ әкесіне еліктеді. Оның арнайы үлгідегі киім кигеніне қызығып, мен де әкемдей алып тұлға боламын деген бала қиялмен өсті. Ал бүгінде Өмірсерік Жамбыл стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінің тергеушісі.
Шотанбаевтар әулетінде Отан алдында адал қызмет ету дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Асқар таудай әкесі Бекмұрат – прокуратура тергеушісі болған. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігінің құрметті зейнеткері. Ағасы Жұмағұл – ішкі істер органдарында басшылық қызметтерде болған, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған білікті маман. Қазір құрметті демалыста.
Өмірсерік еңбек жолын Алматы облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында полиция лейтенанты болып бастады. Сол кездегі алғашқы тәлімгері Самат Басқанбайұлының үйреткені аз емес еді.
Тергеуші мамандығы қызметте білімділікті, ұшқыр ойды, төзімділікті, үлкен ізденісті талап ететіні анық. Ұлы жазушы М. Әуезов: «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт негіз болады. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек», – деген екен. Қызметін жаңа ғана бастаған Өмірсерік процессуалдық шешімдерді бұған дейін алған білім-білігімен ұштастыра отырып, қателіктерге жол бермеуге тырысты. Арманы алдамады. Әке жолын қуған жас жігіт бүгінде ішкі істер саласының нағыз кәсіби маманына айналды. Өзінің алдындағы аға буыннан үйреніп, өз қалауымен таңдаған мамандығының қыр-сырын барынша зерделей түсті. Заңдылықты қорғап, қылмыстың алдын алуда аянбай тер төгіп жүрген азаматтың алар асуы әлі де алда деп есептейміз.
Өмірсерік Бекмұратұлы қызметте іскер маман болса, отбасында қамқор әке. Аяулы жары Мәдина екеуі Болат, Аяжан есімді ұл-қызын тәрбиелеп отыр.
Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жылдан асты. Осы жылдар ішінде мемлекет қауіпсіздігін нығайту жолында Отанға қалтқысыз қызмет етіп жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлері еліміздің кемел келешегі үшін сүбелі үлес қосып келеді. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өз Жолдауларында айтып өткендей, «Полиция қоғамның өзіне деген сенімін арттыратындай етіп жұмыс істеуі керек».
Иә, ақиқаттың ақ-қарасына жету үшін не әділдік қажет болғанда құқық қорғау қызметкерлеріне көмекке жүгінеріміз хақ. Олай болса, полиция қызметкерлері арасында халықтың сенімінен шығып, өз қызметін адал атқарып жүрген осындай азаматтар көбейе берсін демекпіз.

Жамбыл стансасындағы ІІЖБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*