Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / «Қоғам тыныштығын күзету – борышымыз!»

«Қоғам тыныштығын күзету – борышымыз!»

Полицейлер династиясы – Отанға қызмет жасау дәстүрін жалғастырушы отбасылар. Бұлар әрқашан әулеттің абыройы мен жаңа ұрпақты тәрбиелеудегі ата-бабаларының өмірлік ұстанымдарын жадында берік сақтаған және осы құндылықтар арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеген отбасылар.
Әр қадамы қауіп-қатерге толы құқық қорғау саласының қызметкері үшін өз бауырларына, балалары мен немере-шөберелеріне осы саланың майталман маманы болуға рұқсат беруінің өзі – ерлік деп саналады. Осы кәсіпті әкеден балаға мирас етіп келе жатқан династиялық отбасылардың бірі – Құдайбергеновтер әулеті.
Олар 8 ағайынды: 4 ұл және 4 қыз. Үйдің үлкен екі қызы Тазагүл мен Аманкүл Әбеуқыздарынан кейінгі ағалы-інілі төрт бірдей ұл және екі қыз өз өмірлерін ішкі істер органдары саласына арнаған. Олар ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек ету арқылы қызметтік парыздарын мүлтіксіз өтеп, мамандықтарының абыройын асқақтатып келеді. Осы уақытқа дейін кез келген сәтте бір-біріне қолдау көрсетіп, қиын қызметтің қисынын қиюластырудан жалыққан емес.
Бұл династия бастауын осы үйдің үлкен ұлы Қайрат Құдайбергеновтен алады. Қайрат Әбеуұлы өзінің ішкі істер органдарындағы қызметін 1991 жылдың қыркүйек айынан сол уақыттағы Жезқазған облыстық ІІБ КД-173/2 мекемесінде техникалық бөлімнің инженері болып бастаған. ІІМ Қылмыстық атқару жүйесінде түрлі қызметте болып, қазіргі уақытта әділет полковнигі Қайрат Әбеуұлы Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД АК-159/22 мекемесінің бастығы болып еңбек етуде.
Қайрат Әбеуұлының ізін үш бірдей інісі жалғастырады. Қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтауда үлгі бола білген інілері өздерінің Отан алдындағы борышын адал атқарып, қазіргі уақытта зейнет демалысында. Олар: Қадыр Құдайбергенов – Қаражал қаласының өртке қарсы қызмет күзетінің бастығы лауазымын атқарған. 2011 жылы капитан шенінде зейнет демалысына шықты. Мейір Құдайбергенов – Мемлекет меншігіндегі аса маңызды объектілерді күзету бойынша №13 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары лауазымынан 2014 жылы зейнет демалысына шықты. Жанат Құдайбергенов – зейнеткерлікке Қарағанды қаласының 6505 әскери бөлімі 4-батальонының аға бақылаушысы қызметінде жүрген кезінде 2015 жылы старшина шенімен шықты.
Бұл әулетте тек ер азаматтар ғана емес, сонымен қатар олардың қарындастары да ішкі істер органдары саласында қызмет атқаруда. Олар: Назгүл Құдайбергенова – шені сержант, Қарағанды қаласының 6505 әскери бөлімінің бас маманы лауазымында қызмет етіп келеді. Құндыз Құдайбергенова – әділет капитаны, Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД Теміртау қаласы пробация қызметінің аға инспекторы.
Бүгінде олардың жолын қуған ұл-қыздары да Құдайбергеновтер династиясын жалғастыруда. Мәселен, ағайындылардың үлкені – Қайрат Құдайбергеновтің ұлы Сәлімжан Қайратұлы да ішкі істер органдарында қызметте. Полиция аға лейтенанты Сәлімжан Қайратұлы Қарағанды қалалық Ішкі істер басқармасы Орталық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесі бастығының орынбасары. Әкеге қарап бой түзеп өскен Сәлімжан Қайратұлы: «Мектепте жүргенде мұғалім «Өскенде кім боласыңдар?» деп сұрағанда, мен еш ойланбастан «Полиция қызметкері боламын» деп жауап беретінмін. Енді бүгін, міне, осы арманым орындалды деуге негіз бар!», – дейді.
Сәлімжан мектепті бітіре сала өз арманына жету мақсатында ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясына оқуға түседі. Оқуын 2014 жылы үздік аяқтап, алғаш еңбек жолын қазір қызмет атқарып жүрген Орталық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің тергеушісі лауазымында бастады. Айтулы оқу ордасынан алған білімін тәжірибемен сәтті ұштастыра білген Сәлімжан өзі таңдаған мамандыққа адалдық танытып, қоғам тыныштығы жолында еселі еңбек етіп келеді. «Жас келсе іске» демекші, ол еңбекқорлығының арқасында басшылықтың назарына бірден ілікті. Қатардағы тергеуші лауазымында болса да, тергеу бөлімшесі бастығы орынбасарының міндетін атқарушы болып бірнеше жыл қызмет атқарды, 2017 жылдың мамыр айында тергеу бөлімшесі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. Ол өз міндетін атқаруда еш жалықпайды, қызметіне бар ынта-жігермен кірісіп, ісіне толығымен берілген. Бүгінде тәрбиелі ұл әке жолын, полиция әулетін жалғастырушы болып отыр.
Сонымен қатар, Назгүл Құдайбергенованың қызы Әйгерім Есенгелді де нағашыларының және анасының жолын жалғастырып, биыл мектепті бітірісімен, ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясына оқуға түсті. 1-курстың тыңдаушысы оқуын жақсы оқып, үздіктердің қатарынан көрінуде.
«Қоғам тыныштығын күзету – борышымыз» деп санайтын Құдайбергеновтер әулетінде туыстық қарым-қатынас, бір-біріне деген көмек пен қамқорлық өте жоғары бағаланады. Бұл әулетте үлкені де, кішісі де темірдей тәртіпке бағынады. Соның арқасында ағайынды Құдайбергеновтердің әрқайсысы өз мамандығында үлкен жетістіктерге жеткен. Былайша айтқанда, олар – әке жолы мен аға ізін лайықты жалғастырушылар. Бүгінде әрқайсысы отбасылы, балалы-шағалы. Өмір жолында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүрген бұл әулет әлі де талай биік белестерді бағындырып, кейінгі жас ұрпаққа үлгі болатынына сеніміміз мол.

Айман ИСАБЕК, Қарағанды облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

«Сандық ұрпақ» сақтықты біле ме?

Жуырда Ақтөбе қаласының №5 жалпы білім беретін орта мектебінде ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Актөбе заң …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған