Оттан да ыстық Отан үшін!

Отан үшін от кешкенге не жетсін, шіркін! Бұл түсінік әркімнің-ақ көкірегіне берік ұяласа, онда ел шебіне жау шаппасы анық. Айтпағым, ғұмырын әскери салаға арнаған жандар аз емес. Ал ата жолын қуып оқ жонған жандар сирек. Бүгінгі сөз – дәл осы әскери салада өзі, өзінен кейінгі ұрпақтары қызмет еткен жандар туралы.
Эрик Абдуллаев Ұлттық ұланның Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімінде 26 жыл бойы, яғни 1996 жылдан бастап сардарлар сапында абыройлы қызмет атқарған. Оқу батальоны, арнайы мақсаттағы бөлінісінің физикалық дайындығы бойынша нұсқаушысы, рота старшинасы сынды түрлі қызметтерге білек сыбана кіріскен. Сарбаздарға сапалы білім, саналы тәрбие бере білген жан. Бір ғажабы, дәл осы қызмет атқару барысында Эрик аға өз ұлы Дастанды да әскери бөлімге ертіп келетін болған. Рота сарбаздарымен бірге дене шынықтырып, солармен бірге әскери ғұмырдың ыстығы мен суығын сезіне білген. Кішкентай Дастанның болашақ мамандық таңдауына да дәл осы әке жолы, әскери сала мұрындық болған. «Әке көрген оқ жонар» деген, Дастан 11-сыныпты аяқтаған бойда ойланбастан Қызылжар қаласындағы Ұлттық ұланның әскери училищесіне тартқан. Сынақ алаңында сүрінбестен емтиханды емін-еркін тапсырған. Тіпті, оның құлшынысы мен жетістігі туралы естігенде әкесі бала жасынан Дастанды дәл осы күнгі сынаққа дайындағандай әсерде қаласың. Сондай-ақ, бала Дастан әкесі Эрикке 11-сыныпты бітірген жылы: «Әке, мен сіздің үмітіңізді ақтап, әскери училищені кілең беске бітіремін», – деп ант бергені бар-тын. Уәде – Құдай сөзі. Сөйткен бала Дастан бүгінде 6654 әскери бөлімнің жедел мақсаттағы батальоны, 2-жедел мақсаттағы ротасының взвод командирі. Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың қолынан Астана төрінде қызыл диплом алды.
Бала Дастан көбіне әжесі Нұрбүбі Айдарбекқызының қолында өсті. 43 жыл мектепте ұстаздық еткен Нұрбүбі әжеміздің тегеурінді тәрбиесі оны парасаттылыққа баулыды. Бабалардың батырлық дастандары, ертегі жырлары ағыл-тегіл бойына құйылды. Немере соның арқасында ұлттық тәрбиені сіңіріп өсті, саналы әрі тәртіпті болып ержетті. Әскери саланың қиындығы әркімге де аян. Емін-еркін жүріс-тұрыстың жоқтығы, бұйрық пен жарғы, тәртіп пен жауапкершілік кейбіреуге тұсау болса, ал кейбіреуге ұстаным.
Дастанның анасы Гүлбану Абдуллаева 6654 әскери бөлімде аға медбике қызметінде. Бұл салаға ол 2003 жылдан бастап бет бұрған. Бүгінде баласы Дастанмен бірге сарбаздардың саулығы үшін күн демей, түн демей қызмет атқаруда.
Эрик аға әскери салаға бет бұрғаны үшін еш өкінген емес. Ұлы Дастанның да бұл салаға келгенін марқая құптаған. Ендігі Эрик ағамыздың, әжеміз Нұрбүбінің, анамыз Гүлбанудың Дастанға жүктеген міндеті – текті жерден келін түсіріп, немеремен қауыштыру.
Бұл Эрик ағамыздың үйінде дастарқан басында отырып толғана сөз еткен арманы. Ойындағы жоспарын қалайда іске асыратын мықты әскери тегеурін айбарлы ағамыздың бойынан көрініп тұрды. Талай-талай сарбазға анасы мен әкесі бере алмаған тәрбиені кезінде кеңінен дарытып, соның арқасында азаматтық ортада Эрик ағамыздың мол алғыс арқалап жүргенін аңғарғандай болдым.

Әділет САРЫБАЙ, Алматы облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*