Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаршы / Арулар мейрамының айшықтары

Арулар мейрамының айшықтары

Ішкі істер органдары сырттай қарағанда тәртібі қатал, үлкен қажыр-қайратты, күш-қуатты талап ететін сала болып көрінгенімен, ол жерде ер азаматтармен қатар нәзік жанды қыз-келіншектер де қоғам тыныштығы жолында аянбай қызмет етуде. Сондықтан да жыл сайын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі тәртіп сақшылары ортасында елеусіз қалмайтын мейрам. Биыл да көктемнің шуақты күні еліміздің барлық аймағындағы ішкі істер бөліністері өз қатарларындағы ару полицейлерді мейрамдарымен құттықтап, атаулы күнді кең көлемде атап өтті.

Астана қалалық ІІД
Астана қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Қожаев ішкі істер органдарының әйел ардагерлері мен астаналық департаментінің ару қыздарын төл мерекелерімен құттықтап, марапаттады.
«Бүгінгі таңда кең байтақ тәуелсіз еліміздің әйел азаматшалары, Отанымыздың жарқын болашағы үшін бар күш-жігерлерін салып, аянбай еңбек етуде. Ішкі істер органдарындағы қызметте ерлермен қатар, Сіздер аянбай үлес қосып отырсыздар. Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!», – деп лебізін білдірді.
Сонымен қатар, шарада Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың және Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің құттықтау хаттары оқылды.
Мерекелік шара ЭКСПО аумағындағы «Энергия холлы» концерттік залында өтті. 220 полиция қызметкері марапатқа ие болды. Оның ішінде 40 қызметкер Ішкі істер министрінің бұйрығымен марапатталды.
Концерттік бағдарламада Қазақстан эстардасының жұлдыздары, Ұлттық ұлан сарбаздары тамаша әндерімен көтеріңкі көңіл сыйлады.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД
Солтүстікқазақстандық сақшылар нәзік жанды әріптестерін Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Мерекеге арналған салтанатты жиынға Солтүстік Қазақстан облысының құқықтық тәртіп органдарында қызмет етіп жүрген офицерлер, сержанттар, мемлекеттік қызметшілер мен барлық әйелдер, ІІО ардагерлері, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің әйелдері жиналды. Жалпы, солтүстікқазақстандық полиция қатарында 536 әйел қызмет өткеруде. Оның ішінде 393-і офицер мен сержант шендерін тағып жүргендер. Полиция полковнигі шеніндегі үш әйел басшылық лауазымдарда қызмет атқаруда. Ішкі істер органдарында полиция подполковнигі шенінде – 28, майор шенінде – 103 нәзік жанды бар. Басшылық лауазымда 13 әйел қызмет етуде.
Мерекелік марапаттау бұйрығына 100-ге тарта әйел енген. Олардың 15-і Ішкі істер министрінің бұйрығымен марапатталды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамотасымен ІІД Жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы, полиция майоры Эльмира Абушова марапатталды. Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләловтің бұйрығымен 60-тан астам нәзік жанды полиция қызметкері көтермеленді. 19 әйел қызметкер кезекті офицерлік шендерін алды. Сондай-ақ, Ішкі істер департаментінің барлық әйелдер қауымы мерекеге орай сыйақы алды.
Қазақстан эстрадасының кішкентай жұлдызы, «Балалар Жаңа толқыны» атты халықаралық ән байқауына қатысып, көрермендер көзайымы болған Әмина Жапардың ән шырқауы көрермендер үшін ерекше сый болды. Тайынша аудандық ІІБ қызметкерінің өнерлі қызы аналар туралы ән орындады.
Сахнада «Көктем аруы-2018» байқауына қатысқан арулар мерекелік көңіл күйді еселей түсті. Оларға таныстыру және шығармашылық кезеңдерінде ішкі істер органдарында қызмет етіп жүрген жарлары көмектесті. Әйелдер мерекелік сәнді киімдерін киіп қана қоймай, ән мен биден шашу шашты. Өздерінің дайындап алып келген тағамдарын таныстырды. Олардың әрқайсысына түрлі аталымдар бойынша орындар берілді.
Салтанатты іс-шара Ішкі істер департаментінің ерлерден құралған шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды.
Осы күні Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов зейнеткер Мария Буржинскасқа барды. Қаланың түрлі ұйымдарында қызмет істеген еңбек ардагерінің 40 жылға тарта еңбек өтілі бар. Әлеуметтік қорғау органдарының бекітуі бойынша соңғы жылдары полиция ведомствосы зейнеткер әжейге материалдық және медициналық көмек көрсетіп келеді.
Өңірдің бас полицейі оған ұзақ ғұмыр мен мықты денсаулық тілеп, мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ, Петропавл қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері еңбек ардагерлері, 90 жастағы Кристина Горлова мен 82 жастағы Надежда Симоноваға барып қайтты. Оларға да мерекеге орай гүлдер мен азық-түлік себеттері табысталды.
Ал, ІІД Әйелдер кеңесінің өкілдері Ұлы Отан соғысы қатысушыларының жесірлері Галина Қалибаеваға, Анна Плешаковаға, Прасковья Кочневаға барды. «Мен де бір кездері құқық қорғау саласында қызмет атқардым. Күйеуім Жұманғали Қалибаев милиция подполковнигі, паспорт бөлімінің бастығы болған. Ішкі істер органдарындағы қызметтің қаншалықты қиын екендігін, үлкен жауапкершілікті талап ететіндігін жақсы білемін. Барлық әйелдерді мерекемен құттықтап, оларға мықты денсаулық, отбасы бақытын тілеймін», – деп Галина Есләмқызы барлық ардагерлердің атынан өз лебізін айтты.
Ішкі істер департаменті Штабының қызметкерлері 8 наурыз мерекесіне орай «Бақытты балалық шақты қорғау» акциясы аясында қолдарына тарту-таралғыларын алып «Ана үйі» қайырымдылық қорына арнайы барды.
Бүгінде «Ана үйінде» өмірде түрлі жағдайға тап болған солтүстікқазақстандық 10 әйел тұрып жатыр. Олардың сегізі балаларымен бірге болса, екеуі сәбилерінің дүниеге келуін күтіп жүр. Жас аналар тәртіп сақшыларының бұл көмектеріне риза болып қалды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД
Ішкі істер органдарының қызметкерлері 8 наурыз мерекесіне орай 500-ден астам әйел полицейлерді құттықтады.
Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шараға қалалық Ішкі істер басқармасы мен облыстық департамент аппаратының жеке құрамында қызмет ететін әйел полицейлер және ІІО әйел ардагерлері арнайы шақырылды.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков шараны салтанатты түрде ашып, Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың нәзік жанды әріптестеріне арнаған құттықтауын жеткізді. Департамент бастығы өз құттықтауында текті де қайсар қазақ әйелдерінің ерлерден кем түспейтін ерлік әрекеттерін айтып, тарихқа шолу жасай келе, бүгінгі қоғамдағы нәзік жандылардың жауапты қызметтер атқарып отырғанын баяндады. Бүгінгі таңда облыстық ІІД-нің жеке құрамында 4 полковник және 7 подполковик шеніндегі әйел сақшы қызмет етеді, олар басшылық тізгінін ұстап отыр. Әсіресе, департамент бастығы ішкі істер органдарында ерлермен иық тіресе қызмет атқарып жүрген әйел полицейлердің темірдей төзіміне құрметін білдірді. Оларға мықты денсаулық, отбасыларына амандық және жұмыстарына сәттілік тіледі.
Шарада ІІО мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Сержан Тұрсынбеков сөз сөйлеп, әйел полицейлерді үйде қарапайым әйел, ал жұмыста жауапты қызметкер ретінде танитынын айтып, оларға шынайы әйел бақытын тіледі.
Шара барысында Ішкі істер министрінің бұйрығымен 18 қызметкер марапатталды. Сондай-ақ, департамент бастығының бұйрығымен 500-ден астам әйел қызметкер бағалы сыйлықтар иеленді.
Салтанатты шара соңы облыстық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бақдарламаға ұласты.

Қызылорда облыстық ІІД
Облыстық Ішкі істер департаментінде Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, жаны нәзік болса да, рухы мықты ақ жаулықты аналардың, ардақты апалар мен қаракөз қарындастардың құрметіне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шара барысында полиция қызметінің ауырлығына қарамастан, азаматтық борышын өтеу жолында қажымай еңбек етіп, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген нәзік жандылар үшін Ішкі істер министрінің құттықтау жеделхаты ресми түрде оқылып, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығымен өз қызметтерінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген департаменттің қыз-келіншектері марапатқа ие болды.
Жалпы айтулы күнге орай, департаменттің 41 зейнеткеріне және 100-ден аса қызметкеріне құрмет көрсетіліп, оның ішінде 21-і департамент бастығының Құрмет грамотасымен, 23-і Грамотамен, 21-і Алғыс хатпен марапатталып, 13-іне Алғыс жарияланды. Ал, «Қазақстан полициясына – 25 жыл» естелік төсбелгісімен ішкі істер органдарының 24 ардагері және 29 департамент қызметкері марапатталды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, отбасының ұйытқысына, татулық пен келісімнің тірегіне айналған, сұлулықтың символы саналатын құрметті ақ жаулықты аналардың, ардақты әйелдердің құрметіне әндер шырқалып, билер биленіп, ақ тілектер мен мадақтар айтылды.
Сонымен қатар, шара барысында жоғары кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, ішкі істер органдарында халықтың мүддесі үшін көп жылдар бойы қажымай еңбек етіп келген ішкі істер органдарынан құрметті еңбек демалысына шыққан зейнеткер апалардың құттықтауы, естеліктері, кейінгі буын өкілдеріне айтар ақыл-кеңестері тыңдалды.

Алматы-1 стансасындағы ІІЖБ
Көгілдір көктемнің шуағымен бірге ай жүзді арулардың жүрегін шаттыққа толтыратын 8 наурыз мерекесін Алматы-1 стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының ұжымы да ерекше көтеріңкі көңілмен атап өтті.
Басқармадағы қыз-келіншектерді құттықтаған басқарма бастығы, полиция полковнигі Е. Аршабаев аталған мерекенің мән-маңызына тоқтала келіп: «Ішкі істер органдарының қиын да жауапты жұмысын ер-азаматтармен бірдей атқарып жүрген қыз-келіншектер жұмыстағы міндеттерін абыроймен атқарумен қатар, асыл жар, аяулы ана деген қасиетті де қастерлеп жүрген жандар. Сіздердің осындай табанды да жігерлі еңбектеріңізге табыс тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын!», – деді.
Мерейлі мерекеге жиналғандар алдында баяндама жасаған басқарма бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Д. Дәрібаев Халықаралық әйелдер мерекесінің шығу тарихына кеңінен тоқталып, оның бүгінгі жаңаша сипат алған мән-мазмұнынан мысалдар келтірді.
«Өткен ғасырдың басынан бері тойланып келе жатқан 8 наурыз мерекесі – тәуелсіз еліміздің экономикасын көтеруге аянбай атсалысып жүрген арулар мен алтын құрсақты аналарға деген зор құрметтің белгісі. Біздің Алматы-1 стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасындағы сақшы арулардың еңбегінің жемісті болуына ардагерлердің де қосып жүрген үлесі мол. Олардың Отанға адал қызмет етуге деген патриоттық сезімін арттыру үшін жастармен кездесулер ұйымдастырып, өзіміздің еңбек жолымызды үлгі етеміз. Бүгінгі шуақты мереке күні де ұжымның қыз-келіншектерін ардагерлер атынан шын жүректен құттықтап, еңбектеріне табыс тілеймін», – деді Алматы-1 стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бәтима Нұрова.
Салтанатты жиын барысында басқарма бастығы, полиция полковнигі Е. Аршабаев Жедел-криминалистикалық бөлімшесінің криминалисі, полиция капитаны Салтанат Ермекбаева мен Ақпараттық-аналитикалық тобының инспекторы, полиция подполковнигі Найля Алишеваға Мақтау грамотасын табыстады.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА,
суретті түсірген автор

Сондай-ақ, оқыңыз

«Бағдаршам-2018» – балалар байқауы

Биыл 20-29 тамыз күндері Қызылорда облысында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы жас инспекторлар қозғалысының 18-ші …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған