Сақшылық қызметтің сәні

Полиция қатарында ерлермен иық тірестіріп қызмет етіп жүрген әйелдер мыңдап саналады. Ішкі істер органдарында нәзік жандылардың үлес салмағы да жыл сайын артып келеді. Осы салада он жылдан артық қызмет етіп жүрген Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі штабының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Гүлмира Төлебаеваның тәлім-тәжірибесі мол.
Гүлмираның бұл салаға келуіне себепші болған ағасы екен. Ішкі істер органдарында қызмет ететін ағасының нысанды форма киіп, тыныштық тірегі болып жүретіне қызыға қараған. Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіргесін, бұл салаға келмес бұрын мектепте жұмыс істеген. Ағасының жол сілтеуімен ішкі істер органдарында жұмыс істейтін болып бекінгенде, талабы мен тәртібі қатаң болатынын түсінгенін айтады.
«Ішкі істер органдарындағы жұмысымды 2004-2005 жылдары кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі инспектор болып бастадым. Ол қызметте демалыс деген мүлдем болмайтын. Өйткені, сен ішкі істер органдарының есебінде тұрған тәртібі нашар балаларға бекітілесің. Олардың қайда жүргені, не істеп жүргені жайлы жауап сенен алынады», – дейді Гүлмира Әлімқызы. Оның қарым-қабілетін, табандылығы мен талапшылдығын басшылық жоғары бағалап, Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасына, содан соң Штабына ауыстырған. Облыстан тәжірибе жинап, кәсібилігін шындай түскен ол 2016 жылы Астанаға ауысып келген. Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі штабында қызмет етіп келе жатқанына биыл үшінші жыл.
«Штаб статистика жүргізумен айналысады, барлық бөлімдердегі ақпаратты бір жиынтыққа әкеледі, бақылау жасайды, құқық бұзушылықтар бойынша қызметтік тергеу жүргізеді», – деді Гүлмира Төлебаева. – Мен енді облыста да жұмыс істеген адам ретінде салыстырмалы түрде қараймын. Облысқа қарағанда Астанада жұмыс істеу қиынырақ. Елордамыздың миллион халқы барын былай қойғанда, мұнда күнделікті ауқымды түрлі іс-шаралар өтеді, өзге өңірлерден келіп-кетушілер көп. Шетелдік қонақтар үзілмейді. Сәйкесінше қылмыс саны да көбірек. Ал облыста мұндай абыр-сабыр жоқ. Бірақ, Астана мен облыстың полиция қызметкерлерінің штаттық саны бірдей. Сондықтан да Астана полицейлерінің әрқайсына жүктелетін жүктеме екі есе болады. Екі адамның жұмысын бір өзің арқалауға тура келіп жатады. Бұған да үйренесің».
Жұмысының уақытпен санаспайтынына қарамастан Гүлмираның мамандығына деген махаббаты ерекше. Айтуынша, құқық қорғау органдарында қатып қалған жұмыс кестесі деген болмайды. Аптаның бес күні жұмыс істеп, екі күн демалу деген түсінік жоқ мұнда. Жексенбі күні де аяқтарынан тік тұрып, тәртіпке бекітілетін кездері болады. Соған қарамастан сүйіп айналысатын ісі Гүлмираға ләззат сыйлайды. «Еркек ат басында, әйел ошақ қасында» деген дана халқымыз, Гүлмира қызмет пен ошақ қасындағы тірлікті қатар алып жүруді еш қиынсынбайды. Погон тағып, ер азаматтармен бір сапта тұрып қызмет ету ол үшін үлкен мәртебе. Көктемдей құлпырып, гүлдей жайнап жүретін Гүлмирадай қыз-келіншектер ішкі істер органдарының көркі десек, артық айтқандық емес.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, Сурет Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*