Сенаторлар цифрландыру үрдісімен танысты

Өткен аптада Ішкі істер министрлігінде Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологияны енгізу бойынша көшпелі отырысы өтті.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының 9-тапсырмасын орындау аясында Ішкі істер министрлігіне ат басын бұрған Парламент Сенатының депутаттары полиция қызметкерлері қолданатын заманауи техникалық құрылғылармен және цифрлық технологиялармен таныс болды. Сондай-ақ, сенаторлар көшпелі отырыс аясында жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолданылатын бейнебақылау мониторларының жұмысымен және интеллектуалды бейнебақылау жүйесін іс жүзінде пайдалану барысымен танысты. Ішкі істер органдарына цифрлық технологияның енгізілу барысымен танысқан депутаттар осы мәселені көшпелі отырыстың талқылауына шығарды.
Ішкі істер министрлігі қызметтерінің басшылары, Бас прокуратураның, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілдері қатысқан отырыста комитет төрағасы Георгий Ким: «ІІМ-де көшпелі отырыс өткізудегі мақсатымыз – азаматтарымыздың қауіпсіздігін қорғау деңгейімен, халықтың ішкі істер органдарына сенімін арттыру тапсырмасының орындалу барысымен танысу. Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік қызмет көрсетуін жақсарта түсу үшін қор табу талабы туындап отыр. Бүгінде ІІМ халыққа 39 мемлекеттік қызмет түрін көрсетіп келеді. Біз бұл қызметтердің халықаралық стандарттарға сәйкес келгенін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоғары деңгейде болғанын қалаймыз», – деді. Одан әрі Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаев көшпелі отырысқа қатысушыларды қоғамдық тәртіпті қорғаудың жай-күйі, қылмыспен күресті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алуда атқарылып жатқан істер, сондай-ақ, ІІО қызметін цифрландыру барысы туралы хабардар етті.
«Елбасының Жолдауында қоғамдық және жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру үшін ішкі істер органдарын зияткерлік бейнебақылау жүйесін енгізу міндеті қойылды. Ішкі істер органдарын техникалық жарақтандыру кезең-кезеңмен жүргізілуде. Елбасы тапсырмасын ескере отырып, Ішкі істер министрлігі әкімдермен бірлесіп қолданыстағы бейнебақылау жүйесін жаңартып, интеллектуалдық қамтамасыз ету бағдарламасы бар заманауи цифрлық камералар алуды жоспарлап отыр. Екінші мәселе – жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін автоматты бейнетіркеу жүйесін кеңейту. Мұндай камералар елімізде 2006 жылдан бері қолданылып келеді. Қазір жолдарда осындай 2 мыңға жуық камера орнатылған. Бұл камералар өздерін толық ақтап шықты. Айтар болсақ, жылына осы камералардың көмегімен миллиондаған ереже бұзушылық анықталады», – деді Ерлан Заманбекұлы.
Оның айтуынша, автоматты бейнетіркеу жүйесін кеңейту жолдағы тәртіпті инспектордың қатысуынсыз бақылауға кезең-кезеңмен өту мүмкіндігін береді. Үшінші мәселе – ІІО құрылымдық бөлімшелерін заманауи техникалық құрылғылармен қамту. Соңғы 4 жылда жол-патрульдік полициясы қызметкерлері 90 пайыз бейнетіркеумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, өткен жылдан бері электронды хаттама толтыру үшін ЖПП қызметкерлерін планшеттермен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Министр орынбасарының айтуынша, полицейлерді бейнежетон, планшет, алкотестерлермен қамтамасыз ету олардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, азаматтардың құқықтарының сақталуына айтарлықтай септігін тигізеді. Алайда, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Игорь Лепеха полиция қызметкерлері қолданып жүрген барлық құрылғылардың тиімділігі жоғары болғанымен, олардың саны жеткіліксіз екенін айтады. Мысалы, толыққанды цифрлық форматта жұмыс істеу үшін жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолданылатын 23 мың планшет керек. Ал бүгінде олардың саны бар-жоғы 870.
«Былтырдан бері қолданысқа енгізілген бұл планшеттер тиімділігін көрсетті. Айталық, бұған дейін ЖПП қызметкерлері хаттама толтыруға 20-30 минут уақытын жоғалтқан болса, планшет қолданысқа енгізілгеннен бері бұған 5 минут қана уақыт кететін болған. Оған қоса, көлікті тоқтатқан кезде полиция қызметкерлері жүргізушіден құжат сұрамай-ақ, көліктің мемлекеттік нөмірін базаға енгізу арқылы барлық мәліметті біле алады. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігі, техникалық куәлігі, сақтандыру құжатын және т.б. мәліметтер базадан шығып тұрады. Әрине, бұл планшеттердің тиімділігіне ешқандай күмән келтіре алмаймыз», – деді Игорь Лепеха.
Айта кетсек, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ішкі істер министрлігінде 3 инвестициялық жоба қолға алынбақ. Олар – әрбір учаскелік инспектор үшін ІІМ-нің орталықтандырылған мәліметтер базасына қол жетімділікті қамтамасыз етуге арналған «Полицияның учаскелік инспекторы» ақпараттық жүйесі. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеудің бүкіл үдерісін автоматты түрде атқаратын, мәліметтерді жинау және қорыту жөніндегі «Тергеуші» ақпараттық жүйесі және көшелерде, қоғамдық орындарда жасалған кез келген тәртіп бұзушылыққа жедел әрекет етуге бағытталған «Шағын қалаларда жедел басқару орталықтарын құру» жобасы. Қызметті цифрландырудағы басты мақсат – қоғамдық тәртіпті сақтауды арттыру және ішкі істер органдарының міндетін іске асыруда бақылау, айқындық және жеделдікті қамтамасыз ету болып отыр.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, сурет Бек ИМЕКЕШОВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*