180 СПОРТ ҮЙІРМЕСІ балалар үшін тегін

Өткен сенбіде елордамыздағы «Алатау» спорт кешенінде Ішкі істер министрлігінің 2018 жылды «Бақытты балалық шақты қорғау жылы» деп жариялауына байланысты кәмелетке толмаған балалар үшін тегін спорт үйірмелерінің ашылуына арналған салтанатты іс-шара болып өтті.
«Дені сау ұрпақ қана бәсекеге қабілетті мемлекет құра алады» деп Елбасымыз айтқандай, бүгінде Ішкі істер министрлігі мен оның аймақтық бөліністері жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін көптеген игі шаралардың ұйытқысы болуда. «Бақытты балалық шақты қорғау жылының» жариялануы да осының анық айғағы.
«Алатау» спорт кешенінде өткен шараға Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов, министрліктің комитеттері мен департаменттерінің басшылары және қызметкерлері, елімізге танымал спортшылар – ауыр атлетикадан Лондон олимпиадасының чемпионы Светлана Подобедова, грек-рим күресінен Азия чемпионы Досжан Қартықов, белгілі конькимен жүгіруші Екатерина Аидова және Азия чемпионы, қысқы Азия ойындарының жүлдегері, конькимен жүгіруші Дмитрий Бабенко, сондай-ақ, 300-ге тарта мектеп оқушысы қатысты.
«Бала – біздің байлығымыз. Сондықтан олардың өмірі әрқашан бақытты әрі қауіпсіз болуы керек, – деді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы айтулы шараның ашылу салтанатында. – Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі нақты және маңызды шаралар қабылдауда. Оған айқын дәлел – біз 2018 жылды «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы деп жарияладық. Осы атаулы жыл аясында біз еліміздің барлық балалары үшін «Динамо» қоғамының спорт үйірмелерін тегін өткізетін боламыз. Сол арқылы дені сау, бәсекеге қабілетті ұрпақ дайындауға үлес қоспақпыз. Осы орайда, мен аталған шараны қолдауға келген барлық қатысушыға алғыс айтамын».
Ішкі істер министрінің кіріспе сөзінен кейін Азия чемпионы Досжан Қартықов сөз алып, Қазақстанның барша балаларын спортпен айналысуға шақырып, олимпиада шыңын бағындыруға тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, «Динамо» – Ішкі істер министрлігінің құрамындағы іргелі спорт қоғамы. Қазақ елінің талай майталман спортшысын тәрбиелеп шығарған басты ұйым. Тәуелсіздік жылдарында динамолық спортшылар барлығы 56 олимпиада медалін ел қоржынына салып, еліміздің абыройын әлемдік деңгейде асқақтатты. Осы жүлделердің 11-і алтын, 18-і күміс және 27-сі қола медальдар. Күні кеше Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен қысқы олимпиада ойындарында қоржынымызға жалғыз қола медальды салған фристайлшы Юлия Галышева да «Динамо» қоғамының мүшесі екенін еске сала кетейік.
Еліміздің барлық аймағында «Динамо» спорт қоғамының 18 филиалы жұмыс істейді. Олардың барлығында 180 үйірме бар. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Бақытты балалық шақты қорғау жылына» орай биыл осы үйірмелердің барлығы кәмелетке толмаған балаларды тегін қабылдайтын болады. Яғни бір жыл бойына жеткіншектеріміз «Динамо» үйірмелерінде ақысыз түрде қалаған спорт түрімен шұғылданбақ.
Іс-шара барысында балалар спорт үйірмелерінің тәрбиеленушілері, Ұлттық ұланның карабиншілер взводы, цирк өнерпаздары, қызметтік иттер өнер көрсетті, сондай-ақ, даңқты спортшыларымыздың қатысуымен ойын-викториналар ұйымдастырылды. Елордамыздағы «SOS Астана балалар ауылының» тәрбиеленушісі, 11 жасар Әмір Асқар Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовқа бүгінгі жобаға ұйытқы болғандығы үшін Алғыс хат табыс етті.

Өмірзақ БОЛСАМБЕКОВ, ІІО және ҰҰ ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры:
– Ішкі істер министрлігінің 2018 жылды «Бақытты балалық шақты қорғау жылы» деп жариялауы елімізде балалар құқының тапталмауына, оларға қарсы зорлық-зомбылық пен қылмыстарды болдырмауға, балалар өмірі мен бостандықтарын қорғауға бағытталып отыр. Сол сияқты жас жеткіншектердің саламатты өмір салтын ұстанып, теріс қылықтардан ада, дендері сау ұрпақ болуы үшін жағдай жасау да осы үлкен жобаның басты мақсаттарының бірі. Ішкі істер министрлігіне қарайтын «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамы мен оның филиалдары еліміздің барлық облыс орталықтарында жұмыс істейді. Осы жыл бойына кәмелет жасына жетпеген балаларымыз аталған үйірмелерде тегін спортпен шұғылдана алады. Бұл Ішкі істер министрлігі мен «Динамо» спорт қоғамының халыққа жасап отырған үлкен пайдасы әрі көмегі. Жақсы іс жалғасын тапсын деп тілейміз!

Досжан ҚАРТЫҚОВ, Азия чемпионы:
– Бүгінгі шара біздің жас жеткіншектерімізге де, олардың ата-аналарына да үлкен қуаныш сыйлайды деп ойлаймын. «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамының балалар спортының дамуына қосып отырған үлесі мол. Бұл жерден талай дарабоздар түлеп ұшты. Солардың бірі мен өзіммін. Бүгінгі күнге дейін «Динамо» спорт қоғамының қатарында еңбек етіп келеміз. «бақытты балалық шақты қорғау жылының» жариялануына орай, еліміздің барлық балаларын спортпен шұғылдануға шақырамын.

Дмитрий БАБЕНКО, Азия чемпионы:
– Осындай кезде мен өзімнің балалық шағымды еске түсіремін. Біз спортпен шұғылдануды бастаған кезде мұндай керемет, заманауи ғимараттар, бүгінгідей мүмкіншіліктер болмаған еді. Соның өзінде біз спортты жанымызға серік етіп, қол үзбей, осындай биік белестерді бағындыра алдық.
Ал, Ішкі істер министрлігі биылғы жылды «Бақыттты балалық шақты қорғау жылы» деп жариялау арқылы жас жеткіншектерімізге керемет мүмкіндік ұсынып отыр. Бұл бастама арқылы елімізде спортпен шұғылданушы балалар қатары артатынына сенімдімін. Олардың арасынан спортта жолдары ашылып, әлем, олимпиада шыңдарын бағындыратын, еліміздің көк туын биіктен желбірететін саңлақтар шығатынына толық сенімдімін. «Динамо» үйірмелерінде әрбір бала үшін өз бағын сынап көру мүмкіндігі туып отыр. Сондықтан жастарға айтарым, спортпен шұғылданыңыздар, саламатты өмір салтын ұстануға талпыныңыздар. Алға, Қазақстан!

Ескендір ТАСБОЛАТ, суреттерді түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*