Есепте тұрғандар тексерілді

Солтүстік Қазақстан облысында «Қадағалау» жедел алдын алу іс-шарасы аясында учаскелік полиция инспекторлары есепте тұрған тұлғаларға тұрғылықты мекенжайлары бойынша барып қайтты. Бес күн ішінде осындай санаттағы 4 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тексерілді.
Сақшылардың бақылауында – бұрын сотталғандар, бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандар, спирттік ішімдікке әуес адамдар және отбасында ұрыс шығаратын жанжалқойлар. Сотпен әкімшілік қадағалау орнатылғандар да құқықтық тәртіп қызметкерлерінің ерекше назарында. Өңірде мұндай 20 адам бар. Олар – бұрын ауыр, аса ауыр қылмыс жасағандар мен босап шыққан соң әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағандар.
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Арыстан Сұлтанғазиев: «Аталған іс-шараның мақсаты – бұрын істі болған және ішкі істер органдарында есепте тұрған басқа да тұлғалардың отбасылық-тұрмыстық салада қылмыс жасауына жол бермеу. Іс-шара аясында есепте тұрған тұлғалар тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріледі», – деді.
Жалпы саны есепте тұрған 4 мыңнан астам адам тексерілді. Оның ішінде 300-ден астамы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандар және 400-ден астамы жақында жазаларын толық өтеп шыққандар. Олардың арасында қойылған шектеулерді бұзған 50 адам анықталды. Атап айтқанда, сағат 22:00-ден кейін үйде болу, көңіл көтеру орындарына бармау, елді мекендердің аумағынан шықпау секілді шектеулерді бұзғандар бар. Ережелерді қасақана бұзғандарға қатысты қосымша шаралар, тіпті бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Уәлиханов ауданының тұрғыны жаза өтеу орындарына қайта оралатын болады. Ол мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққанымен, ережелерді бұзған. Бір жыл ішінде бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтар жасап үлгерген. Оның бұл әрекеті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы қаулының күшін жоюға алып келді. Жылдың басынан мұндай шаралар сотталған 5 азаматқа қатысты қолданылды.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*