Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / «Ақырзаманның ауруына» шалдыққан азғындар қашан азаяды?

«Ақырзаманның ауруына» шалдыққан азғындар қашан азаяды?

Балалардың болашағына балта шауып, келешегін қараңғы түнекке айналдырған азғындардың әрекетін естісең естен танасың. Өгей емес, өз әкесінен қиянат көріп жатқандардың қатары көбейген қоғамда өлім жазасының жоқтығына өкінесің. Өрімдей балаға озбырлық көрсетіп, өзгенің өмірін қиып жатса да, азғындарға аяушылық жасайтынымыз күйіндіреді, әрине. «Адам құқығы» дейміз ғой. Алайда, олар да біреудің ғұмырын қиып, құқын аяққа таптайды емес пе?
Жақында ғана халық қалаулылары балалардың болашағына балта шауып жүрген азғындар елді түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырып отырғанын айтып алаңдаушылық білдірді. Өйткені, «Бақытты балалық шақты қорғау жылы» деп жарияласақ та, балаларға тізесін батырғандармен күресте қауқарсыздық танытып жатқанымыз жасырын емес. Мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың бір жарым айында кәмелетке толмағандарға қарсы 267 қылмыстық құқық бұзушылық жасалса, олардың 71-і ауыр, 21-і аса ауыр қылмыспен аяқталған.
Кісі өлтіру бойынша – 3, денсаулыққа ауыр және орташа ауыр зақым келтіру бойынша – 24, зорлау бойынша – 12, сексуалдық шабуыл бойынша – 7, он алты жасқа толмай ересектермен жыныстық қатынаста болу ісі бойынша – 57, жас балаларды азғыру ісі бойынша – 17, сондай-ақ, 2 бала жезөкшелікке тартудың құрбаны болған. Бұдан бөлек, жасөспірімдерге қатысты азаптау, жәбірлеу, қауіп-қатерге ұшырату, тәрбие беру жауапкершілігін орындамау, оларды күтіп-бағуға қаражат төлемеу бойынша да мәселелер тағы бар. Жыл басынан бері 14 бала өз-өзіне қол салса, 100-ден аса заң бұзушылық тіркелген. 2015-2017 жылдар ішінде елімізде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 8439 қылмыстық құқық бұзушылық орын алса, оның ішінде 2820-ы жыныстық құқық бұзушылыққа қатысты болып отыр.
Кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық қылмысының өскенін калькулятордың көмегінсіз-ақ көріп жүрміз. Мәселен, 2015 жылы – 182, 2016 жылы – 267, өткен жылы осындай 395 қылмыс тіркелген. Өкініштісі, өткен іске өкініп, опық жеген сотталушыларды кездестіру қиын. Бүгінгі күні балаларға зорлық көрсететіндердің әрекеті рухани құлдырау мен моральдық тозудың көрсеткішін дәлелдеп отыр. Бұл қоғам үшін қауіп тудырып, алдын алу жұмыстарын үдетудің маңыздылығын көрсетеді.
Осылай деген сенаторлар «Бүгінгі ұрпақ – болашақ Қазақстанның иелері. Бұл біздің адами капитал, болашағымыз, әлеуметтік жаңғыртудың объективті және алдыңғы кезектегі маңызды шарты. Балалардың тағдыры – адамгершілік қана емес, мемлекеттік деңгейдегі қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Қазіргі кезде елімізде 5 миллионнан астам бала бар, қазақстандық балалар дарындылық көрсеткіші бойынша 100 елдің арасында 12-орында. Олар да бақытты отбасында туылып, денсаулықтарының мықты, болашақтары жарқын болғанын армандайды. Олар осы арман-мұраттарына мемлекеттің, қоғамдық институттар мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауынсыз жетуі мүмкін емес» дейді халық қалаулылары.
«Балалар қауіпсіздігі мен қорғалуы бойынша көп шаруаның тындырылғанын айтып жатамыз. Ана мен бала өлімін азайту жөніндегі мыңжылдық даму мақсаттарына қол жеткізілді. Балалар заңды түрде әлеуметтік қорғау нысаны ретінде бекітілді. Соңғы жылдары балалардың құқығын қорғау бойынша Қылмыстық кодекс, Қылмыстық атқару кодекстеріне де өзгерістер енгізілді. Қылмыстық кодексе сай, зорлық және зомбылық көрсеткендерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына дейін кесіледі. Сондай-ақ, енді кәмелеттік жасқа толмаған бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді зорлағандарға қандай жағдай болса да, шартты түрде жазалау, рақымшылық қолдану, ауыр жазасын жеңілдету, мерзімінен бұрын босату, олармен процессуалды келісімдер жасау сынды жеңілдіктер болмайды. Бұдан бөлек, баласы бар жанұялардағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізудегі жергілікті полиция қызметіне қатысты арнайы заң қабылданды. Дағдарыс орталықтары, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, сенім телефондары жұмыс істейді. Бас прокуратура кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық құқық бұзушылық үшін сотталған адамдардың мәліметтер базасын жасақтады. Тіпті, мұндай азғындардың бостандықта жүріп тағы бір жас өскіннің ертеңіне балта шаппауы үшін сақтық ретінде олар туралы ақпарат жалпыға қолжетімді қоғамдық ресурсқа жарияланды. Алайда, атқарылып жатқан шаралардың өзі азғындардың әрекетіне тоқтау сала алмай келеді. Мұның бәрі себептерге емес, салдарға қарсы күресті еске түсіреді.
Күнделікті көріп жүргеніміздей, ең қорқыныштысы, қазір балалар осындай азғындармен бір шаңырақ астында тұрып келеді. Көп жағдайда балаларға зорлық-зомбылық көрсететіндер туыстары, не болмаса сенімге кірген адамдар. Статистикаға сүйенсек, осындай қылмыстардың 60 пайызында қылмыскер ол баланы бұрыннан танитын болып шыққан, яғни педофил отбасының жақын дос-жарандары, көрші-қолаңдары. Ал 30% – туыстары, қалған 7-10% қылмысты бөтен адамдар жасайды екен. Көптеген қылмыс жасырын сипатта болады, себебі, балаларға қатысты тақырыптың жабық сипаты мен отбасылық қарым-қатынастарға араласу мүмкіндігі белгіленбеген.
Жақында ғана 34 жастағы әйелдің әңгімесі жұрттың жағасын ұстатты, ол өзінің туған анасының 7 жасынан бастап мәжбүрлеп жезөкшелікпен айналыстырғанын айтты. Мұндай сұмдықтардың ашылғаны қаншама, ал ашылмай, әлі күнге дейін зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып отырған балаларды ойласаң өзегің өртенеді» дей келе, сенаторлар балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін қажетті шараның әлі де болса қатаңдатылу қажеттілігін жеткізді.
Осындай озбырлық пен тағылыққа тоқтам болмай келе жатқаны бұдан бұрын да талай жиындарда талқыланып, біраз депутат сауал да жолдаған. Экс-сенатор Мұхтар Алтынбаев кезекті отырыстың бірінде педофилдерді піштіру керектігін, тіпті, өлім жазасына кессе де аздық етпейтінін, өйткені, оларды адам санатына жатқыза алмайтынын айтып ашынған еді. Бесіктен белі шықпаған балаларды зорлау қалыпты үрдіске айналып кеткенін депутат Зағипа Балиева да барынша жеткізді. Одан бері де әріптестерінің айтқанын әлі күнге күн тәртібінен түсірмей, ардан безген азғындарға ешқандай аяушылық болмауын айтудай айтып жатқандар жетерлік.
Расында, қазір зорланған бала, жоғалған жеткіншек, кісі қолынан қаза тапқан кәмелетке толмағандар жайлы күн сайын естисің. Қоғамда кезекті күңкіл басталады. Жағамызды ұстаймыз. Артынша ақырзаманның ауруына айналған педофилдердің әрекетіне тосқауыл тақырыбына арналған жиындар өтеді. Дабыралап неше түрлі шаралардың өткізілетіні тізіледі, баяндама жасалады. Бірақ, дауасы жоқ. Себеппен емес, салдарымен күресу керектігін құзырлы орындар бірінен соң бірі қарастырып жатқаны жазылды. Жазалау шараларын күшейту қажет деп жүріп, биылдан бастап педофилдерді піштіру туралы заң күшіне енді. Алайда, бүгінгі күні піштіру жазасынан кейін педофилдердің саны азайып кетеріне күмәнмен қарайтындар көбейген.
Сонымен енді елімізде балаларға азғындық көрсеткендерді химиялық жолмен піштіру (химиялық кастрация жасау – ер адамды еркектік қабілетінен айыру) қолданысқа енді. Әлемде мұндай жазаға жүгінген ел көп. Жалпы дүниежүзінде балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендерге өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап осындай химиялық піштіру қолданылады. Кейіннен Еуропа елдерінің біразында осындай жаза түрі таңдалған. Бүгінгі күні педофилдер туралы мәліметті қамтитын электрондық база бірқатар мемлекетте қолданыста бар. АҚШ пен Ұлыбританияда электронды карталардан бөлек, жаза мерзімін өтеп шыққандар туралы оларға жақын тұратын халықты хабардар ету шарасы да енгізілген. Сондай-ақ, қылмыскерлердің қайда жүргенін бақылап отыру үшін электронды білезіктер де кигізіледі. Мұсылман елдері, Оңтүстік Корея мен Қытайда мұндай азғындар өлім жазасына кесіледі.
Жазаны күшейтіп, химиялық кастрация жасалғанымен, уыты кеткенде уланған санасы қайта жұмыс істейтін азғындардың қатары қайта көбейе ме қорқасың. Өйткені, криминологтардың өздері мұндай қылмыскерлердің 80 пайызы қайта қылмыс жасайтынын мойындайды. Ал, осындай озбырлықтың қыр-сырына қанық ресейлік мамандар темір торда отырған педофилдердің 97-99 пайызы алдыңғы қылмысын қайталайтынын айтады. Өйткені, оларды түрмемен де, химиялық піштірумен де түзеу мүмкін емес екен. Ал психологтар педофилдердің емі жоқтығын жасырмайды. Мінеки, мәжбүрліктің салдарынан қолданысқа енген жаза туралы да жан-жақты айтыла бастады қазір. Сот шешімімен ғана жүзеге асатын әдістің әсері бірнеше айға ғана созылатынын айтатын дәрігерлер медикаментоз жүз пайыз жұмыс істемейтінін, дәрі-дәрмектің белгілі бір мерзімнен кейін күші қайтатынын, тіпті педофилдердің оның уытын қайтару үшін түрлі препарат ішіп, емделу мүмкіндігі бар екенін жоққа шығармайды. Қарапайым ғана ішімдіктің өзі медикаменттің мүмкіншілігін жоятын көрінеді. Бір сотталушыға жыл бойы 26 екпе салынса, оны әр 10-14 күн сайын салып отыру қажет. Ал дәрінің бір ампуласы 4000 теңгедей тұрады. Яғни, бір адамға арналған химиялық піштіру курсына мемлекет 127 мың теңге шығындайды. Қоғам үшін қауіптілігі жоғары азғындардың темір тордағы жатыпішерлігінен бөлек, піштірілгеніне де қыруар қаржы кетеді деген сөз. Дегенмен, осы жазаны қолданып келе жатқан кейбір елдерде бала көрсе бас салатын азғындардың азайғаны туралы мәліметтерді де кездестіруге болады.
Түйін: Жылдар бойы жырлап жүріп қол жеткізген жазаның қайырын бергенін қалаймыз. Ал педофилдердің құрбаны болған баланың психикасын қанша қаражат жұмсасаң да қалпына келтіре алмайтынымыз ақиқат. Бесіктен белі шықпай жатып өміріне балта шабылып, талқандалған тағдырларды қалай түзей алмақпыз?
«Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және оны мемлекет қамқорлығына алуға тиіс. Ана мен балаға қарсы бағытталған қылмыс үшін, сондай-ақ, осы саладағы ең ұсақ деген заң бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуді қамтитын шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Жолдауында. Сол секілді қазір кез келгеніміз азғындарға аяушылықтың артық екенін айтып, арсыздарға қарсы жұмыстың әлі де күшейтіле түскенін қалайтынымыз рас.

Жадыра МҮСІЛІМ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жүргізуші куәлігінен айыру құқығы полицейлерге берілгені дұрыс па?

Жуырда жүргізуші куәлігінен айыру құқығын полицейлерге беру ұсынылды. Мұндай өзгерістер Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған