Инновациялық экономиканың драйвері

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановты қабылдады.
Кездесу барысында университеттің ғылыми әлеуетін дамыту мәселелері және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаудың басым бағыттарына сәйкес кадрлар даярлаудың барысы талқыланды.
Мемлекет басшысы университет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін атап өтіп, жаһандық экономикалық және технологиялық өзгерістер жағдайына бейімделген жас мамандарды оқыту ісіндегі жоғары оқу орындарының рөліне баса назар аударды.
– Сіз көп жылдан бері еліміздегі ең ірі және басты университеттердің бірін басқарып келесіз. Мұнда шетелден келіп оқитын студенттер бар. Университет еліміздің жоғары оқу орындары арасында жоғары рейтингке ие болып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Ғалымқайыр Мұтанов Нұрсұлтан Назарбаевқа университетті трансформациялау және оқу үдерісін заманауи талаптарға бейімдеу нәтижелері жөнінде баяндады.
– Біздің негізгі мақсатымыз – оқу орнын әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру. Соған орай жетекші мамандар даярланып қана қоймай, ғылым мен инновацияны дамыту мәселесі де қамтылатын болады. Жалпы, университеттер инновациялық экономиканың драйвері болуға тиіс, – деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры.
Ғ. Мұтанов Мемлекет басшысына ІТ және жаңа технологиялар саласындағы жобалардың іске асырылу барысы жөнінде мәлімдеп, оқу орнының базасында құрылған IT-технопаркі аясында университетаралық өзара ықпалдастықтың орнағанын айтты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының мәліметіне сәйкес, бүгінде осы оқу орнындағы студенттердің 60 пайыздан астамы жаратылыстану ғылымдары бойынша білім алуда.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*