Білікті кадр – қызметтің тірегі

Ішкі істер органдарына кәсіби кадр дайындау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Полиция қызметкерлерінің кәсібиліктерін арттыру, білікті мамандар даярлау – бүгінгі күннің талабы. Ішкі істер органдарына мамандар дайындайтын ІІМ Академиялары, Оқу орталықтары осы жауапты міндетті атқаруда қандай қиындықтарға кезігіп отыр? Осы және өзге де мәселелер ІІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаралды.
Ішкі істер органдары жұмысы бойынша Қоғамдық кеңестің қабылдау кеңесіне Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов, Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамов, Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков және ІІМ Академиялары мен Оқу орталықтарының бастықтары, олардың бірінші орынбасарлары қатысты. Қоғамдық қабылдауды алғысөзімен ашқан Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы өткен жыл қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңестің жұмысына жоғары баға берді. Министр Қоғамдық кеңестің былтыр атқарған жұмысына қысқаша шолу жасай отырып, кеңес жұмысын ұйымдастыруда жемісті еңбек еткен бірқатар азаматты ІІМ-нің «Құрмет» және ІІМ грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ, ведомство басшысы 2018 жыл Қоғамдық кеңес үшін былтырғыдай жемісті болатынына сенім білдірді. Әрі қарай Қоғамдық кеңес отырысы тізгінін Марат Шекішұлы өз қолына алды.
«Біз былтыр осы уақытта «Ішкі істер органдарына халықтың сенімі» тақырыбында отырыс өткізген болатынбыз. Бүгінгі кеңеске шығарылып отырған ІІМ жүйесіндегі жоғары оқу орындары басшыларының баяндамасын тыңдау – өткен жылы талқыланған ауқымды тақырыптың жалғасы. Сіз бен біз қолданыстағы ішкі істер органдары жүйесі үшін кәсіби кадр мәселесі қаншалықты маңызды екенін жақсы түсініп отырмыз. Білікті маман – баға жетпес кадр!», – дей келе төраға жиналысқа қатысып отырған ІІМ Академиялары бастықтарын, олардың орынбасарларын тыңдау мүмкіндігі туып отырғанын айтты. Төрағаның сөзіне қарағанда, ол былтыр Қоғамдық кеңестің жұмысы бойынша еліміздегі ІІМ жүйесіне кіретін барлық оқу орындарында болып, материалдық-техникалық базасымен танысып, жеке құрамымен кездесіп, барлығын өз көзімен көрген. Марат Қоғамов бүгінде ішкі істер органдарында қызмет ететіндердің басым бөлігі осы оқу орындарының түлегі екенін алға тарта келе, Қоғамдық кеңес мүшелерінен ІІМ бастықтарын қолдауларын сұрады.
Одан әрі қарай ІІМ Кадр жұмысы департаментінің бастығы полиция полковнигі Алтынғали Әбдіғалиев ІІМ жүйесіндегі Академиялар мен Оқу орталықтарының әлеуеті жөнінде жалпылама мағлұмат берді. «Бүгінде ІІМ-нің 6 жоғары оқу орны бар. Бұл Академиялар жылына 1200 маман шығарады. Сонымен қатар, ІІМ жүйесінің Астана, Алматы, Қостанай, Ақтау, Павлодар, Семей, Теміртау, Шымкент қалаларында 8 оқу орталығы жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы орталықтарда 4846 үміткер алғашқы даярлық, 1004 қызметкер біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Халықаралық келісімдер шеңберінде және халықаралық ұйымдардың шақыртуымен ІІМ қызметкерлері мен оқу орындарының оқытушылары ІІМ құқық қорғау органдарының өзекті мәселелері бойынша оқытудан өтеді. Бүгінде РФ ІІМ-нің оқу орындарында 69 курсант, 9 адъюнкт, 2 магистрант білім алып жүр. Өткен жылы шетелде 48 қызметкер біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Венгрияда – 28, АҚШ-та – 10, Ұлыбританияда – 6, Қытай мен Германияда 1 қызметкер кәсібилігін шыңдады», – деді Алтынғали Үсенұлы. Ол, сондай-ақ, өз сөзінде атқарылып жатқан істерге қарамастан ІІМ жоғары оқу орындарының жұмысын ұйымдастыруда бірқатар проблемалар бар екенін тілге тиек етті. Айтуынша, ІІМ оқу орындарының материалдық-техникалық базасы аз жарақтандырылған. Айталық, Астана, Семей қалаларындағы Оқу орталықтарында ату тирлері, ал Қостанай Академиясында типография жоқ. Сонымен бірге, ІІМ жоғары оқу орындары әлі де электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесіне қосылмаған. Осы сияқты мәселелер көлденең тұр. Бұл мәселелердің шешімі ретінде Алтынғали Үсенұлы бірқатар ұсынысын жасады. «ІІМ-нің Оқу орталықтарында қағаз айналымын қысқартып, электронды құжат айналымына өтуді, ғылыми-оқытушылық құрамның кәсіби шеберліктерін арттыру үшін шетелге іссапарларды жиі ұйымдастыруды, ғылыми-оқытушылық құрамның кәсібиліктерін арттыру орталығын құруды ұсынамын», – деп қайырды сөзін.
Содан соң, ІІМ Академияларының басшылары баяндама жасап, ішкі істер органдарына кадр дайындауда қандай мәселелермен бетпе-бет келіп отырғандарын айтты. Қостанай Академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов өз баяндамасында: «Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының алдында тұрған басты міндет – мемлекет пен қоғам ішкі істер органдары алдына қойып отырған міндетті мінсіз атқаратын біліктілігі жоғары маман даярлау. Айта кету керек, ең заманауи білімнің маңызды элементтерінің бірі – ашық кітапхана интерфейсі болып отыр. Алайда, Академияда әдебиеттердің жеткіліксіздігі байқалады. Оған қоса, Академия курсанттары электронды оқулықтарды пайдалана алмайды. Өйткені, интернетке қолжетімділік жоқ. Талап сондай», – деген Академия бастығы бұдан басқа да бірқатар мәселені тізіп шықты.
Оның баяндамасынан кейін Қоғамдық кеңес мүшелері сұрақты қарша боратты. Мәселен, PRI халықаралық түрме реформасының аймақтағы директоры Азамат Шомбылов ҚАЖ жүйесі ІІМ-ге қосылғалы бері Қостанай Академиясы аймақтық ІІД-не мамандар даярлай бастағанын айтып: «Академия пенитенциарлық жүйе үшін тек тергеу изоляторына, колонияға, пробацияға ғана қызметкерлер дайындауға көңіл бөлу керек пе?», – деген сұрақ қойды. ІІМ Кадр жұмысы  департаменті бастығы қайтадан ҚАЖД жүйесіне ғана қызметкерлер даярлау талабы туындап отырмағанын айтты.
Қоғамдық кеңестің отырысында ІІМ Академиялары бастықтарының баяндамалары тыңдалды. Олардың сөздеріне қарағанда, барлығына ортақ мәселелер: материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, оқыту ісінде компьютер құралдарының жетіспеушілігі, қолданылатын әдебиеттердің аздығы, Академия ғимаратының ескіруі және т.б.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суреттерді түсірген БЕК ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*