Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Мигранттарға талап күшеюі тиіс

Мигранттарға талап күшеюі тиіс

Дүниежүзіндегі елдердің бәрі де көші-қон туралы заңға мұқият қарайды, қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар енгізген жағдайда өзінің қауіпсіздігін және экономикасына тиімділігін, қаржы тұрақтылығын бірінші орынға қояды. Егер еңбек миграциясын бақылауға алмаса, бұл ертең, болмаса бес-он жылдан соң сол ел экономикасының тұрақты дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін жағдай. Экономикасы нашар елде еңбек күшіне сұраныс болмайды. Сол секілді экономикасы серпінді дамыған елде жұмыс күшіне деген сұраныс жоғары болмақ.
Өткен жылы Мәжiлiс депутаты Тұрғын Сыздықов елiмiзде заңсыз мигранттар мен құлдықта жүрген шетелдiк жұмысшылардың көптiгiн айтып, осы салада сыбайлас жемқорлықпен күресу керек деп мәселе көтерген болатын. Біздің елде көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты елдерден жұмыс іздеп келуші көп. Шетелден келетіндерге осы елде тұруға, азаматтық алуға қатысты заңдық шаралар ұзақ процестен тұрады, сонымен бірге шетел азаматтары мемлекеттік қызметке тұра алмайды, сайлауға қатысуға не сайлауға түсуге заң бойынша рұқсат жоқ. Соның өзінде жоғарыда аталған көршілес мемлекеттерден келушілер саны жыл өткен сайын артып келеді. Бұл біздің елде әлі де болса күнкөрістің жақсы екенін байқатса керек.
Бір ғана мысал, осы Астанада пәтерге жөндеу жасайтын, не үй салатындар – негізінен өзге елдің азаматтары. Олардың көбі маусымдық жұмыста жасайды, көбінің нақты мамандығы жоқ деуге болады. Бірақ, ақшалы фирмалар не ауқатты адамдар өзіміздің қаракөздерден гөрі соларды жұмысқа алуға бейім. Шекаралас елдерден мигранттардың заңсыз кіруіне біздің өз адамдарымыз ықпал етіп жататыны да шындық. Арзан жұмыс күшіне деген қызығушылықтың артуы, мемлекетіміздің ішкі капиталының сыртқа кетуі салдары елдегі жұмыссыздықтың көбеюіне әкеледі деген қауіпті әзірге ойламаймыз. Жеке бас пайдасы жолында мемлекет қауіпсіздігін естен шығарып жатамыз. Яғни бұл жерде заң бұзылатын кездер аз емес. ІІМ баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, таяуда ІІМ жүргізген заңсыз көші-қонның жолын кесуге бағытталған «Мигрант» жедел-профилактикалық шара барысында үш күннің ішінде заңды бұзған 1000 шетелдік елден шығарылған. «Полиция қызметінің жедел тобының арқасында біздің елімізде болу ережесін бұзған 7 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін пайдалауда заң бұзушылыққа жол берген 269 жұмыс беруші құқық қорғау орындары алдында жауап беретін болды. Миграциялық қызмет, әкімшілік және криминалдық полициясының тиянақты қызметінің арқасында сотқа дейінгі тергеу бірыңғай реестрінде 78 заң бұзушылық тіркелген. Осының нәтижесінде іздеуде жүрген 14 қылмыскер қолға түсті, олардың төртеуі ТМД елдерінің азаматтары», – дейді ІІМ миграциялық қызмет комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.

«Мигрант» заңсыз келушілерді анықтады
Қазақстанның Еуропа елдерін Орталық Азия мемлекеттерімен жалғастыратын геосаяси жағдайы, экономикалық және ішкі саяси жағдайының тұрақтылығы оның аумағына келетін көші-қон легінің жиі әрі қарқынды жүруіне ықпал етеді. ІІМ жүйесінде құрылған Көші-қон қызметі комитетіне көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, оның ішінде заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша міндеттер жүктелген. Көші-қонды реттеу және заңсыз көшіп-қонғандарды қайтару бойынша әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, 16 елмен реадмиссия бойынша келісім жасалған. Тағы 10 ел кезегін күтіп тұр, олар негізінен Батыс Еуропа мен ТМД елдері.
Ал, 2015 жылдың қарашасынан бастап Ресей мен Қазақстан арасында біздің елде заңсыз жүргендерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тұрақты түрде жүргізіліп отыратын жедел-профилактикалық және рейдтік шаралар көші-қон туралы заңның бұзылғандығын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе, «заңсыз келуші» операциясының орны ерекше. Оған полицейлерден бөлек шекара қызметі бөлімшелері, сонымен бірге, өзге де мүдделілік танытқан мемлекеттік органдар қатысады.
Сонымен қатар, ІІМ әлеуетті инвесторлар мен шетелдік туристерді де назардан тыс қалдырмайды. Мұндай шаралар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде жүргізілді. Осы жылдан бастап экономикасы дамыған және саяси ахуалы тұрақты 45 елдің азаматы Қазақстанға 30 күнге визасыз келе алатын болды. (Анықтама үшін: тағы 18 елдің, сонымен бірге ТМД елдерінің (Түрікменстанды есептемегенде) азаматтары үшін халықаралық келісімге сәйкес визасыз режим енгізілген). Біздің елдегі шетелдіктердің келу тәртібіне қатысты заң бұзушылықтарды тексеретін, мақсаты маңызды, бағыты айқын миграциялық бақылау жүйесінің жұмысын нәтижелі деуге болады. Қазақстан Республикасының аумағында тұру ережесін бұзған 320 шетел азаматы әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімімен 80 азамат ел аумағынан шығарылды. Заңсыз көші-қон деректерін анықтау мақсатында 20-22 ақпан аралығында облыс бойынша республикалық «Мигрант» шұғыл профилактикалық шарасы өтті. Әкімшілік жазаға тартылғандар арасында еліміздің 28 азаматы да бар. Олар шетелдіктерді тіркеудің ережесін сақтамаған. Шетел азаматтарының осындай әкімшілік құқық бұзушылықтары мемлекет тарапынан бақылауға алынып, құқық қорғау органдары саласынан тиісті шаралар жасалып жатады.

Біздің несібеміз шетел аспай ма?
Мигрант мәселесін бірнеше қырынан қарастыруға болады. Әрине, бәрімізге белгілі, мемлекет шетелден жұмыс күшін тарту үшін арнайы квота бөлді, осы квота арқылы шетелдіктер келіп жатыр. Есілдің сол жағалауындағы өзге ұлыстардың өзі бір қалашықтың халқын құрайтындай. Ал, олардың барлығы бірдей қолға түспейтін қат мамандықты меңгергендер ме? Олардың қолынан келген кәсіпті біздің қазақтың жігіттері жасай алмай ма? Мысалы, бізде табысы жоғары мұнай-газ саласында көбіне шетелдік мамандар жұмыс істейді. Өзара келісімшарт жобасының жүргізіліп жатқанына да біраз уақыт болды. Осы жылдар аралығында олардың орнын біздің біліктілік талаптары сәйкес келетін мамандармен ауыстыруға болатын кез келді. Бұл үшін арнайы заң керек шығар. Айталық, шетелдік компания біздің нарыққа кіріп, кезінде бізде жоқ мамандарды өздерімен әкелсе де, белгілі бір уақыт өткеннен кейін олардың орнына жергілікті кадрларды алуы тиіс. Демек, олар жергілікті маманның кадр ретінде өсіп, дамуына мүдделілік танытуы тиіс. Яғни оларға осындай міндеттеме қою керек. Тағы бір айта кететін жайт – қалай болғанда да біздің жергілікті халықтың құқығын жоғары қоюға үйренсек, өзгелерді де соған үйретсек. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі сияқты. Ол елде өздері жұмыс істемей шетелдіктерді жұмысқа алса да, ондағы шетелдік азаматтық алмайды, ал егер бір бизнес бастаса, оның табысына жергілікті жердің азаматы ортақ болады. Осындай елдерден үлгі алсақ қана өзіміздің азаматтардың айлығы мен құқығын жоғары көтере аламыз.
Арнайы мәліметтерге қарағанда, жыл сайын көші-қон қызметі біздің елімізге жұмыс, оқу үшін, жеке және қызметтік істер бойынша келетін миллионнан астам шетелдікті тіркейді, олардың 80%-дан астамын ТМД елдерінің азаматтары, оның ішінде 60%-ын Орта Азиядан келетін азаматтар құрайды. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде тіркелген шетелдіктердің саны 45% артып, 1 миллион адамнан асты (2016 жылдың сәйкес мерзімінде – 694 мың). Олардың 92%-ы – ТМД елдерінің азаматтары. Сонымен қатар, тіркеуге жатпайтын 5 миллионнан астам шетелдік елімізге келіп кетті (90 тәуліктен кем мерзімге келген 45 елдің азаматтары). Сондықтан көші-қон процестерін бақылау, шет елдермен өзара іс-қимыл жасаудың біз үшін маңызы зор.
Өткен 2017 жылы шетелдіктерді қабылдау ережесін бұзғаны үшін 883 Қазақстан азаматы жауапкершілікке тартылған, оның 162-сі жұмыс беруші. Соттың шешімін орындамағаны үшін 213 шетелдік азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, елордамызда шетелдіктердің қатысуымен 314 қылмыс тіркелсе, шетелдіктерге қарсы 270 қылмыс орын алды. 2017 жылдың есебі бойынша 104 млн 252 мың теңге айыппұл салынып, оның 96 млн 292 мыңы өндірілген. Өндіру өнімділігі – 92,3 пайыз. Әрине, заңды мигранттық ел қазынасына пайда әкелетінін жоққа шығара алмаймыз, мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, өткен 2017 жылы шетелдік мигранттар еліміздің қазынасына миллиардтап салық төлеген. Тек үй шаруашылығындағы жұмыстарға тартылған заңды 320 мың шетелдік 6,5 миллиард салық төлеген.

Пікір

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Мигранттар мәселесінің жалпы алғанда екі қыры бар, оларды қарастырсақ, біріншіден дамыған елдерден жаңа технологияны бізге әкелетін, оны үйрететін шетелдік мамандардың пайдасы мол. Олар өзі көп емес деуге болады. Оларды алдырғанымыз өзімізге пайда. Ал, біліктілігі мен кәсіби жағынан дайындығы біздің мамандардан төмен шетелдік ортанқол мамандарды әкелуден біз тек ұтыламыз. Бұл жұмыс орындарының тапшылығына әкелетіні өз алдына, оның қауіпті жағы мынада – ондай біліктілігі төмен шетелдіктер бізге келіп астыртын цехтарда жұмыс істейді, мұның бәрі заңсыздыққа әкеледі. Олардың өнімі де қауіпті. Сонымен бірге, оларда ассимиляция, интеграция болмайды.
Біз шетелден білім-білігі төмен, кәсіби дайындығы жоқ адамдарды тартқаннан гөрі сыртта жүрген өз қандастарымызды қатарымызға тартсақ жақсы болар еді. Тағы бір айта кететіні – сырттан жұмыс іздеп келетіндер біздің мемлекеттік тілді білуге тырыспайды, олар орыс тілін үйренсе де жағдайы жаман болмайтынын біледі. Ал, біз шетелдіктерден біздің тілді үйренуді талап етпейміз. Оларға біздің елдің заңын сыйлату, мемлекеттік тілді меңгеруді талап ету – біздің басты идеологиямыздың негізгі тармақтарының біріне айналуы тиіс.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Жүргізуші куәлігінен айыру құқығы полицейлерге берілгені дұрыс па?

Жуырда жүргізуші куәлігінен айыру құқығын полицейлерге беру ұсынылды. Мұндай өзгерістер Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған