Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Бап қатаймай, барымташы азаймайды

Бап қатаймай, барымташы азаймайды

Осыдан төрт жыл бұрын экс-сенатор Қуаныш Айтаханұлы мал ұрлығына қатысты жазаны ауырлатып, қылмыскердің мүлкін тәркілеу керектігін айтқан еді. «Қазіргі таңда республика жұртшылығының 45 пайызы ауылда тұрса, соның басым бөлігінің күнкөрісі – төрт түлік мал. Дегенмен, барған сайын елімізде мал ұрлығы өршіп барады. Жыл он екі ай күтіп бағып отырған малынан бір күнде айырылып қалу – ауыл тұрғындары үшін үлкен трагедия», – деп дабыл қаққан болатын депутат.
Содан бері төрт жыл өтсе де, төрт түлігін тапа-тал түсте ұрлатқандар азаймаған. Мал шаруашылығы – екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ауыл халқының басты табыс көзі. Ал барымташылар сол малмен ғана күнін көріп жүрген жандардың бар тапқанын қолды қылып, қалтасын қалыңдатудан тайынар емес. «Сондықтан да жаңа Қылмыстық кодекстің ұрлыққа қатысты 188-бабындағы жазаны ауырлатып, жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды еселеп қайтару үшін айыппұл мөлшерін арттырып, олардың мүлкін тәркілеу керек деп есептеймін», – деген еді Қуаныш Айтаханұлы сол кезде. Қолданыстағы заңға сәйкес, қазіргі күні ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқырғандардың мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осы заңға сәйкес, ірi мөлшерде ұрлық жасағандар мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Алайда, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп ұрлықтың арқасында қалтасын қаржыға толтырып отырған барымташыларға бұл тым жеңіл жаза секілді. Өйткені, өткеннен сабақ алмайтын кейбір ұрылар жазадан сытылып, ұрланған малдың жарты ақшасына жетпейтін айыппұлды төлеп, аяғын алшаң басуда.
Күні кеше бір топ әріптестерінің атынан Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған сенатор Сәрсенбай Еңсегенов осылай дей келе, қоғамда қылмыстың кейбір түрлеріне қатысты алаңдаушылық күшейіп, заңның әділдігіне деген сенімнің азайып бара жатқанын жеткізді. Соның ішінде, ең көп көтерілетін мәселе – мал ұрлығы. «Соңғы 2015-2017 жылдарда 65 мыңнан астам мал ұрланған. Осы мерзімде мал ұрлығын жасағаны үшін ұсталған 50 мыңнан астам адамның жартысына жуығы (43,3 пайызы) бұрын ұрлық жасағандар. Осыған қарамастан, қылмыстық істі қарау кезінде ақталмайтын негіздер және тараптардың татуласуы бойынша 20158 қылмыстық іс немесе 40 пайызға жуығы тоқтатылған. Адамдар қылмыстың бұл түріне қатысты құқық қорғау органдарының іс-әрекеттері мен сот актілерінің тиімділігі, пәрменділігі төмен дейді. Олардың пікірінше, бұндай жағдай қолданыстағы қылымыстық заңнаманың әлсіздігінде. Сондықтан ҚР Қылмыстық кодексінің ұрлыққа қатысты 188-бабының мал ұрлығына байланысты бөлігін саралап, жазаны күшейту бағытында өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек», – деді депутат. Сондай-ақ, халық қалаулысы қоғамда мал ұрлығын жасағандардың тергеу кезінде бостандықта жүруі, оларға бас бостандығынан айырудан өзге жеңіл жазаның тағайындалуы мал ұрлығына тосқауыл бола алмайтынын айтады. «Қылмыскердің жәбірленушіге келтірген залалды өтеу арқылы жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтату нормасының көлеңкелі тұстары бар. Түгелдей болмағанымен көп жағдайда татуласу тікелей немесе жанама түрдегі қорқытып-үркіту, жәбірленуші үшін маңызды факторлаға қысым жасау арқылы жүреді. Малмен күн көріп отырған ауыл адамына әңгіме арасындағы «шапқан пішенің немесе мал қораң өртеніп кетуі мүмкін» деген немесе осы сияқты сөз шаруалардың басым көпшілігін келісімге баруға мәжбүрлейді», – дейді Сәрсенбай Құрманұлы. Бұл құқық қорғау қызметкерлерінің де біраз жылдан бергі базынасы. Полицейлердің айтуынша, қылмыскерлерді құрықтауда жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылып, оған полицияның бірқатар күш-құралы жұмсалып, қылмыстың ашылуына қол жеткізгенде жәбірленушілер кешірім арыз жазып немесе келтірілген шығын жөнінде алдыңғы көрсеткендерін өзгертіп, бүкіл тергеу жұмысын жоққа шығарады. Ал жекеменшік және ұжымдық малдарға ен салу және сырғалау жұмыстары жылдан-жылға төмен дәрежеде жүргізілу салдарынан ұрланған малдар емін-еркін сатылады екен. Сондай-ақ, бүгінгі күні мал базарларына және мал сойылатын орындарға бейнебақылау орнату керектігі де жиі айтылады. Бұл өз кезегінде сатылатын немесе сойылатын малдарды және олардың иелерін толық және жан-жақты түсіріп, қажет болған жағдайда бейнежазбаларды жәбірленушілерге көрсету арқылы қылмыскерлерді анықтауға, бейнежазбаларды қылмыстық істерді жүргізу барысында және сот процесінде дәлел ретінде қолдануға таптырмас дәлел болар еді.
Осындай заңның солқылдақтығы мен істегі олқылықтар мал ұрлығының ұдайы өсуіне жол беріп келеді. Депутат аудан орталықтарынан шет, шалғайда орналасқан ауылдардағы адамдар тергеу және сот процесіне бірнеше рет келіп кету қиындығынан қашып бірер бас мал ұрлығы туралы арыз бермейтіндіктерін айтқандардың көптігін де тілге тиек етті. «Олар бұл әрекеттері қылмысты жасыруға себепкер болатынын біле тұрса да, қылмыскер жеңіл жазамен бостандыққа шығатын болғандықтан арыз беру машақаты көп, уақытты босқа жіберу деп ойлайды. Ауыл, әсіресе шалғайда орналасқан елдімекендер тұрғындары үшін мал – дәулет пен байлықтың белгісі емес. Бұл адамдар үшін мал – өмір сүрудің, күн көрістің, тіршілік жасаудың жалғыз көзі. Бұл бүгінгі күннің ақиқаты. Сондықтан түйе, жылқы, сиыр сияқты ірі қара малын айтпағанның өзінде бір-екі бас қойының қолды болуы адамдар үшін үлкен материалдық шығын және зор психологиялық салмақ» – дейді Сәрсенбай Еңсегенов. Әрі-беріден соң ұрыларға тағайындалған жеңіл жаза мал шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың толық жүруіне зиян келтіретін қасақана әрекет. Осы тұрғыдан алғанда мал ұрлығы әлдеқашан қоғамдық қауіптілігі жоғары ауыр қылмыс санатына жатқызылып, барымташылардың ісіне балта шабылуы керек еді. Сөзінің соңында сенатор мал ұрлығы бойынша таяу және алыс шет елдердегі қылмыстық заңнаманы зерделеп, олардың тәжірибелерін ескеру оң нәтиже береді деген ойымен бөлісті. Тіпті, алысты айтпай-ақ, көрші Қырғызстан елінің Қылмыстық кодексінде мал ұрлығы жеке бап ретінде қаралған.
Халық қалаулылары бұған дейін де мал ұрлауға қарсы жұмыстар белсенді жүргізілу керектігін айтқан болатын. Сол кезде депутаттар ішкі істер органдары алдына мал ұрлығының жолын кесуде бірқатар амалдарды атап көрсеткен болатын. Жергілікті полиция қызметі мемлекеттік кіріс және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттерімен бірлесе отырып, мал өнімдерін заңсыз өткізетін және сататын орындарды анықтау үшін тұрақты рейдтер жүргізу қажет. Екіншіден, тасымалдау бағыттары бойынша республикалық және ауданаралық жолдар бойында, мал айдап өтетін трассаларда, аумақтық жайылымдарда түнгі қадағалау-патрульдеу жұмыстарын ұйымдастыру аса маңызды. Үшіншіден, аумақтық ішкі істер органдарының ақпараттық порталдарында осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы және мал ұрлауға, оны өткізуге қатысы болуы мүмкін тұлғалар жөнінде халықты ақпараттандыру бөлімін ашып, заңсыз орындарда сауда жасаған кінәлі тұлғаларға да жаза қолдану керек. Төртіншіден, мал ұрлығымен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топты және соған қатысы бар мемлекеттік органдардың лауазым иелерін анықтап, осы қылмыспен күрестің тиімділігін арттыруға арналған бірлескен кешенді іс-шаралар әзірлеу маңызды.
Дегенмен, тұрғындар тарапынан да төрт түлігі үшін сақтық шарасын санадан шығармау қажет. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мал ұрлығының дені тұрғындардың өз бейқамдығынан орын жатады. Малды қараусыз қалдыру, ен тақпау сынды сақтық шараларының өзіне салғырт қарағанның салдары соңында сан соғып қалумен аяқталады. Тіпті, төрт түлігі жоғалған күннің өзінде тәртіп сақшыларына хабар бермей өз беттерімен іздеуге кірісетіндер көп. Осылайша, малдарын таппаған соң, біраз уақыт өткізіп ішкі істер органдарына арызданады. Бұл жағдай қылмыстың ізін суытпай ашуға кері әсерін тигізіп, қылмыскерлердің басқа да қылмысқа қатысуына жол беріп жататын көрінеді.
Түйін. «Ұрлық түбі – қорлық» дейді дана халқымыз. Шариғатта ұрлық жасау – үлкен күнәлар қатарына кіреді. Өйткені, ұрлық жасағанның ақыреттік жазасы ауыр болмақ. Себебі, бұл жерде құлдың ақысы араласады. Қасиетті Құран Кәрімнің өзінде ұрлық жасағанның қолы шабылу керектігі туралы жазылған. Бүгінгі күні ұрлық жасаған адамның қолын кесу Ислам мемлекеттерінде ғана жүзеге асады. Онда да ұрлық жасаған адамның күнәсі толық дәлелденген жағдайда. Алда-жалда кінәсіз біреудің қолын кескен адам 50 түйе өтемақы төлейді. Ал, басқа елдерде бас бостандығынан бірнеше жылға айыру жазасы кесіледі. Қол кесіп жазалау арқылы әділдік орнату мүмкін болмағанымен, әлемдік тәжірибе дәлелдегендей бұл қылмыс түрі осы жаза арқылы азайғаны белгілі болып отыр. Мәселен, АҚШ-тағы Йел университетінің психологтары ұрлық жасап ұсталған жағдайда қолының кесілетінін ойлаған адамның бөтеннің мүлкін жымқыруға жүрексініп, кері шегінетінін дәлелдеген. Сондықтан қол кеспесек те, жалғанды жалпағынан басып үйренген барымташыларды барынша қатаң жазалаудан басқа амал жоқ.

Жадыра МҮСІЛІМ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жүргізуші куәлігінен айыру құқығы полицейлерге берілгені дұрыс па?

Жуырда жүргізуші куәлігінен айыру құқығын полицейлерге беру ұсынылды. Мұндай өзгерістер Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған