«Алтыншы бекет» – батырлық хикаясы

«Алтыншы бекет». Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында осы тақырыпқа Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі мен қайсарлығын арқау еткен фильмнің тұсаукесері өтті.
Фильм желісі 2010 жылдың 22 маусымында Ақтау қаласындағы түзеу мекемесінен қашпақ болған жиырмаға жуық қылмыскерге тосқауыл болған Ұлттық ұлан жауынгері Ербол Отарбаевтың ерлігіне негізделген. Осыдан 8 жыл бұрын болған оқиға кезінде Ербол Отарбаев қашпақ болған сотталғандардың жолына тұрып, өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, қашқындармен қан-жоса болғанша атысып, нағыз жауынгерге тән жанқиярлық танытқан болатын. Сол кезде жас жауынгер жиырмадан астам жазасын өтеушінің үшеуінің көзін жойып, бір өзі қоғам үшін қауіпті қашқындарға тосқауыл бола білді. Өзі де қаруланған сотталғандармен атысып жүріп, бірнеше жерінен жарақат алады.
Фильмнің тұсаукесеріне Ұлттық ұланның бүгінгі қаһармандары, «Айбын» орденінің иегерлері Ербол Отарбаев, полковник Қайрат Үмбетов, лейтенант Ақылбек Қоңыров, прапорщик Салауат Үмбетқалиев, қатардағы жауынгер Бақтияр Қайырбеков және Павел Кавальенко қатысты. Фильм тұсаукесері алдында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың, «Хабар» агенттігі» АҚ төрайымы Алмагүл Ахметжанованың, сондай-ақ, фильм режиссері, бас продюсері және кейіпкерлерді сомдаған актерлардың қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
«Отанына адал қызмет етіп жүрген біздің батыр ұландарымыздың әрқайсысы жайлы кино түсіруге болады. Міне, олар бүгін осы залда алдарыңызда отыр. Отанды қорғау кезінде көзсіз ерлікке барған офицерлер мен болашақ офицерлеріміз – тәуелсіздігіміздің құрдастары. Айталық, 2010 жылы Ақтауда болған оқиға кезінде ерлік танытқан Ербол небары 19 жаста еді. Жас ұрпақты осындай жауынгерлерді үлгі ете отырып тәрбиелеуіміз керек. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Бүгінде әскер қатарында жауға қасқайып қарсы тұратын нағыз ерлер борыштарын өтеп жүр деп сеніммен айта аламын. Фильм де осы жайлы», – дей келе, генерал-лейтенант Руслан Фатихұлы фильмді түсіруге атсалысқан «Хабар» агенттігіне, «АЮ CINEMA» кинокомпаниясының жетекшілеріне алғысын білдірді. Ұлттық ұланның жауынгерлік қызметі туралы көркем фильмді Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша қазақстандық «АЮ CINEMA» компаниясы «Хабар» агенттігімен бірлесіп түсірген. Баспасөз мәслихаты кезінде «Хабар» агенттігі акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Алмагүл Ахметжанова фильм түсіру идеясы қалай бастау алғанын айтып берді.
«Осыдан бір жыл бұрын Ұлттық ұлан «Хабар» телеарнасы үшін телесериал түсіру ұсынысымен шықты. Негізі, экранға шығаруға Ұлттық ұлан жауынгерлерінің бірнеше ерлік жасаған оқиғасы ұсынылды. Қысылтаяң шақта қылмыскерлерге қасқая қарсы тұрған өр тұлғалы жауынгерлеріміз бастан өткерген оқиғалардың әрқайсысы бойынша жеке фильм түсіруге болады. Біз соның ішінен Ербол Отарбаевқа тоқталдық. Себебі, бұл көрерменге көрсетуге тұрарлық дүние. Біз мемлекеттік БАҚ ретінде Ерболдың ерлігін паш етуді борыш санадық», – дей келе, басқарма төрайымы «Алтыншы бекет» фильмі «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген, үлкен прокатқа шығатын алғашқы кинолента екенін атап өтті. Сондай-ақ, басқарма төрайымы фильм көрерменге жол тартып, прокаттан алынып тасталғаннан кейін «Хабар» телеарнасынан 5 сериялы кішігірім сериал көрсетілетінін айтты. Онда кинокартинаға енбей қалған сюжеттер толық қамтылмақ.
Конференция барысында журналистердің сұрақтарына жауап берген генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов фильмде Бас қолбасшының рөлін сомдаған театр және кино актері Ғани Құлжановтың кәсібилігіне жоғары баға берді. Актер әскери адамның рөлін сомдамас бұрын үш күн Бас қолбасшының қасында жүріп, оның арнайы операцияларды қалай басқаратынын көріп, зерттеп, болмысын ашуға барынша тырысқан. Сонымен қатар, басты рөлдерді сомдаған Санұржан Сүлейменов, Жасұлан Өмірбек те әскери рөлді сәтті алып шығу үшін әскерде бірнеше күн болып, әскери өмірді көздерімен көріп, сезінген. Олардан бөлек, Серік Салқыбаев, Саят Исембаев, Ерболат Тоғызақов, Гүлнар Байбосынова, Жандос Жұмағұлов сынды елімізге белгілі актерлар да фильмге түскен. Айта кетсек, бұл кинокартина наурыздың 15-інде кинотеатрлар арқылы көрерменге жол тартады.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*