Жемқорлықпен күрес мәдениеті мектептен басталуы тиіс

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының 9-кезеңі жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігіне бағытталған.
«Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Көп жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді», – деді Елбасы.

Күрес жалғаса береді
Жемқорлықты әлдебір алып атом стансасының жарылуынан уы ауаға таралып, бүкіл табиғатқа, барша халыққа қатер төндіретін апатқа теңеуге болар еді. Өйткені, бүгін бұл дерттің алдын алмаса, ертең ол ұлттық мүддеге, экономикалық дамуға зор кесапатын тигізеді, оның салдары өте ауыр болмақ. Сыбайлас жемқорлық дүниежүзінде бүкіл елде бар да, оны ешкім толық жеңді деген дерек жоқ. Бірақ, көреген саясат пен зайырлы басқару тетіктерін тиімді пайдалану арқылы күресті күшейтіп, біраз нәтижеге жеткен мемлекеттер баршылық.
Ал біздегі ахуал шынымен алаңдатарлық. Сотталған қызметкерлер арасында бұрынғы премьер-министр, қорғаныс министрі бар, вице-министрлер, шенеуніктер, фармациямен айналысқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осындай қадамға бару арқылы Елбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бар екенін және оның тоқтамайтындығын көрсетті. Күрес жалпыхалықтық сипат алғанда ғана зор нәтиже көруге болады. Мемлекет ретінде дамып, ел ретінде еңсе көтеріп, ұлт ретінде асқақтаймыз десек, осы жемқорлықпен күресе білген елдерден үлгі алмаймыз ба? Бізде де Сингапурдағыдай тәртіп орнатылса, біртіндеп мемлекеттік қызмет қоғамға есеп беруді үйреніп, адалдық, жемқорлыққа қарсы тәртіптілік негізде қызмет етіп, халықтың әр арызына мұқият көңіл бөлер еді. Біз де біртіндеп осыған келе жатырмыз. Оны күнделікті өмірден де байқауға болады. Мысалы, жұмыс сапасын арттыру мақсаттарының бірі – қызмет көрсету тұтынушыларын 15-20 минуттан артық күттірмеу болса, бүгінгі таңдағы «Бір терезе» жүйесі осылай халыққа тиімді қызмет көрсете бастады. Мұны Елбасы да өз Жолдауында мысалға алып, тиімділігін атап көрсетті. Біздің елде де Сингапурдағыдай жұмысына мұқият, іскер, қабілетті мемлекеттік қызметшілермен қамтамасыз ету үшін шетелдерде лайықты білім алуына жағдай жасалып, мемлекеттен осы үшін қыруар қаражат бөлінуде. Арада біраз уақыт өткенде біздің елде де мемлекет қызметіне ең мықты, білікті жастар келетініне сенім бар. Ендігі мәселе – сол дамыған елдердегідей ақша саясатына қатаң бақылау қою қажет. Осылай сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл бола алсақ қана экономикалық өсуге қол жеткізуге болады. Малайзияның тәжірибесі де көңілге қонымды. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын енгізу арқылы, мемлекеттік қызметшілерге қатысты этикалық нормаларды қатаң сақтай алсақ, сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын өсірсе ғана біз Малайзия сияқты сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шапқан елге айнала алар едік.
Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Асқар Рахматуллиннің айтуынша, сыбайлас жемқорлық мәселесінің түпкілікті шешілмеуіне әсер етіп отырған жағдайлар баршылық. Бірінші, жалақы деңгейінің төмендігі. Екінші, кейбір заңдардың шикілігі. Осылай дей келе, басқарма басшысы алдағы жасалар жұмыстарға маңыз береді. «Мысалы, Қазақстанда жол ережесінің бұзылуына байланысты төленетін айыппұлдардың көлемі өте жоғары. Кейбір айыппұлдар көлемі – орташа табыс табатын азаматтардың жалақысынан жоғары. Осы жағдайды ескеріп, Парламент айыппұлдар көлемін азайтты. Алайда, заңдарда осындай шикіліктер өте көп. Бұл жағдай жемқорлық деректерінің туындауына алып келеді. Үшінші мәселе – мемлекеттік қызмет көрсету саласының ашық еместігі. 2017 жылы мемлекет халыққа 8 млн түрлі қызмет көрсетті. Бұл – денсаулық сақтау, білім беру және т.б. салалар. Ашығын айтқанда, азаматтар емделу үшін тегін квота бөлу, балабақшаға кезекке тұру, ЖОО-да тегін оқуға түсу кезінде жемқорлық қаупі туындауы мүмкін. Халық аталған қызметтердің ашық және заңды түрде жүргенін қалайды. Біз жақында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің алдында «Астана – адалдық алаңы» атты жаңа жобаны таныстырдық. Онда біз 7 бағыт бойы жұмыс істейтін боламыз. Халық мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істемек. Аталған жоба аясында азаматтар мен бизнеске кедергісіз жайлы жағдай жасау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту сынды мәселелерді шешу көзделген», – дейді Асқар Рахматуллин.

Дамыған елдер тәжірибесінен
Біз сияқты жас мемлекет өркениеті дамып, кең өріс алған алпауыт елдердің тәжірибесінен үйренсе, ол – сын емес. Әсіресе, осы сыбайлас жемқорлық мәселесінде. Өйткені, соңғы жылдардың өзінде қаншама адам парамен ұсталып, сотталып жатыр, олардың арасында ел таныған тұлғалар да бар. Бірақ, тек әшкере болу, ұстау мен қамау бұл асқынған дертті тоқтата алмай тұр. Осы кеселді тоқтатуға қоғамның әрбір азаматы атсалысуы тиіс.
Әлемдегі сыбайлас жемқорлық туралы толық әрі дұрыс мағлұмат беретін және әр мемлекеттің дамуына кедергі болып отырған жемқорлық факторларын анықтап, оған сараптама жасайтын Трансперенси Интернэшнл (Transparency International) деген халықаралық зерттеу ұйымы бар. Оның о бастағы мағынасы «халықаралық айқындық» дегенді білдіретін, жекелеген елдердегі сыбайлас жемқорлықпен күрестің қалай жүргізіліп жатқанын, жалпы даму бағытын зерттеп-зерделейтін тәуелсіз коммерциялық емес ұйымның жариялаған мәліметтеріне қарағанда, сыбайлас жемқорлық индексі бойынша Азия құрлығында көш басында Сингапур тұрғанын көреміз. Ал егер бұл мемлекеттің даму кезеңіне көз салсаңыз, оның да сыбайлас жемқорлыққа қатысты ең «таза» мемлекеттердің қатарынан табылуы үшін аса іргелі, жүйелі жұмыстар жасағанын байқауға болады. Сингапур басшылары жемқорлықпен күрестің тиімді механизмін жасап, күресті үнемі және үздіксіз жалғастыра отырып, нәтижеге қол жеткізген.
«Жаңару» РҚБ төрағасының орынбасары Боран Рахымбековтің айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, 2016 жылы 2 800-ге жуық адам сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал 2017 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 3 мыңнан асып кеткен. «Сондықтан сыбайлас жемқорлықты жою үшін қоғамды тәрбиелеу керек. Тұрғындар мемлекеттік және құқықтық органдарға көмектесуі керек», – деді Боран Рахымбеков.
Кейде күн сайын жемқорлықпен, ашкөздікпен қазынаның қаржысын өз қалтасына құйып, шетел асқандарды қандай заң тоқтата алады, әлде Қытайдың қазынаны тонағандарды аямайтын өлім жазасы ғана тоғышарлық, мешкейліктің тамырын біржола қия ма деп ойлайсың. Бірақ, біз олар сияқты көп емеспіз. Қытай – жемқорларға қарсы өте қатал шаралар қолданатын ел. Тіпті, осыдан 30 жылдай бұрын, яғни 1989 жылдың өзінде ғана сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін 30 адамды өлім жазасына кескен, ал 30 мың адамды әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырған. Осылайша, сыбайлас жемқорлықпен күресте зор нәтижеге қол жеткізіп, 180 елдің ішінде 72-орынға тұрақтаған. Ал Америкаға келсек, сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнамалық бастамаларды тек өз елінің шегінде ғана қабылдап қоймайды, сонымен қатар, халықаралық тәжірибеге де сүйенеді, осындай қадамдарымен 20 көшбасшы елдің қатарында тұр. Біз КСРО құрамында болғанда, яғни жемқорлықты мәселе ретінде танымаған кездің өзінде АҚШ шетелдік шенеуніктерге пара беруге тыйым салатын «Сыбайлас жемқорлықтың шетелдік тәжірибесі туралы» атты Заңды (1977 ж.) тұңғыш қабылдаған. «Жеке тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекет жасауға мүмкіндіктерін, жағдайларын болдырмауға мейлінше тырысу» дегенді сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатының басты тұғыры етіп алған елдің бізден біраз жерге озып кеткені содан шығар. Өз тәуелсіздігін 1957 жылы ғана алған Малайзия елі де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресе отырып, аграрлық елден экономикасы қарыштап дамыған елге айнала алды. Ал, біз кімнен кембіз?..
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне қарағанда, өткен жылы жемқорлық сипаттағы 1835 заң бұзушылық тіркелген. Бұл – 2016 жылмен салыстырғанда, 18 пайызға аз. Заң бұзушылықтың 18 пайызға азаюына ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері мен жүйелі жемқорлыққа баса назар аудару септігін тигізген. Бұл жұмыста аталмыш агенттік пен азаматтық қоғамның атқарған рөлі өте зор. Жүйелі жүргізілген нақты жұмыстың нәтижесінде 108 жемқорлық фактісінің жолы кесіліп, 320 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Өңірлер арасында мұндай фактілер Алматы, Қызылорда, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында көп тіркелген.
Жемқорлық қылмысының ең көп таралған түрі – парақорлық, ақша жымқыру және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану. Республикалық деңгейдегі 19, облыстық деңгейдегі 98, қалалық және аудандық деңгейдегі 152 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. «Қылмыстың денін әкімдіктер, ішкі істер органдары мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған. Жемқорлықтың жоғары деңгейі білім, ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау саласында сақталып тұр. Мұның бәрі мемлекеттік органдар мен мекемелер басшыларының көп жағдайда жемқорлық тәуекелдерін жоюға немқұрайлылық танытуынан немесе жағдайды өзгертуге қауқарсыздығынан болады. Сондықтан біз Премьер-министрдің және Президент әкімшілігі басшысының атына жүйелі жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты шаралар қабылдамаған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыным енгізу туралы шешім қабылдадық», – деген болатын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жақында өткен алқа отырысында. Бұл келтірілген мәлімет біздің әрқайсысымызды ойландыруы тиіс.

Сіз не дейсіз?
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер бойынша азаматтық қауымдастықпен өзара іс-қимылды нығайту жөнінде мәселе талқыланатыны туралы шешім қабылданғаннан кейін мен көптеген кітаптар мен әдебиеттерді, мақалаларды ақтардым. Бірақ, ештеңе таппадым. Өкінішке қарай, барлық жерде «алға», «алақай», «жұмыс жасау керек» дегеннен басқа ештеңе жоқ. Ғылыми негіз жоқ. Бүгінде азаматтық қауымдастық бұл ортаға тартылмаған және қалай жұмыс жасау керектігін біле бермейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы психологияны мектепте, отбасында тәрбиелеу керек. Әрбір уға қарсы дәрі табылады. Балалардың өзі парақорлық дегеннің не екенін біліп келеді мектепке. Бізге тарихымызды, ділімізді есепке ала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрибелеуді қолға алмасақ болмайды. Пара алу кезінде ұсталған азаматтың тәркіленген мүлкін зәру адамдарға берген дұрыс. Мысалы, тәркіленген үйін балабақшаға, соңғы үлгідегі қымбат көлігін соғыс ардагеріне, қаражатты көп балалы аналарға беру керек. Олар біздің қаражатымызды жымқырғандарын көруі тиіс.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*