Ержүрек әріптестерін еске алды

Осыдан 8 жыл бұрын астаналық өртке қарсы қызмет үлкен қазаға ұшыраған еді: тілсіз жауды ауыздықтауға аттанған үш бірдей қызметкер бақилық болды. Алдымен бір өрт сөндіруші, кейін оны іздеуге аттанған 2 адам қайтып оралмады.
Ақпанның 17-і күні Астана қаласы ТЖД қызметкерлері №3, 6, 2 өрт сөндіру бөлімдерінде орналасқан мемориалдық тақталарға гүл шоқтарын қойып, қаза болған әріптестерін бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Іс-шараға қаза болған әріптестердің туған-туысқандары, астаналық департаменттің, «ӨС және АҚЖҚ» ММ-нің басшылығы, ТЖ органдарының ардагерлері мен астаналық гарнизонның жеке құрамы қатысты.
Жыл сайын астаналық горнизонның қызметкерлері сол төтенше жағдай кезінде ерлікпен қаза болған әріптестері – өртке қарсы қызмет подполковнигі Валерий Зайцевті, өртке қарсы қызмет майоры Руслан Кәкішевті және өртке қарсы қызмет аға лейтенанты Саят Абеевті құрметпен еске алып, рухтарына тағзым етеді.
«Бұл қайғылы оқиғаға ешкім де немқұрайлы қараған емес. Бір-ақ күнде біз мықты мамандардан айырылып қалдық, олар әлі де көп жыл біздің қатарымызда мүлтіксіз еңбек етер еді. Олар антқа адалдығын, қызметте табандылығын көрсете білді», – деп атап өтті өз сөзінде Астана қаласы ТЖД бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Б. Дұзақбаев.
«Өрт сөндірушілер қай заманда да қаһарман ерлер болып есептелген. Олар өз кәсібіне адал, кез келген сәтте қол ұшын созып, көмекке келуге әзір. Олардың ерліктері мен есімдері ұмытылмайды», – деді Ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Бекешев.

Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*