Заманауи құрылғы жұмысты жеделдетеді

Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер органдарында заманауи техникалық құралдар кеңінен қолданылуда. Олар – камералар, планшеттер, бейнетіркеуіштер, техникалық тіркеу құрылғылары.
Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында цифрландырудың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Бүгінгі күні кейбір салаларда жұмыстардың электрондық форматта жүргізілуі оң нәтижесін көрсетіп отыр.
«Сандық технологиялар қызметте кең қолданысқа ие болуы тиіс. Ішкі істер органдарының жұмысын заманауи техникалық құралдарынсыз елестету қиын. Өйткені, олар полиция жұмысын ашық, қолжетімді және жедел етуге мүмкіндік береді», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов.
Облыстық ішкі істер органдарының жұмысын сандық форматқа кезең-кезеңімен көшіру жалпы құрылымның жұмыс тиімділігін арттырады. 2010 жылдан бастап іс жүргізу Электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы жүзеге асырылып келеді. Тек соңғы жылдың өзінде Ішкі істер департаментінде 500-ден астам құжат қаралды. Жұмыс күнін тиімді пайдалану, құжаттарды орындау, әсіресе, азаматтардың өтініштерін қарау уақытының қысқаруы, қағазбастылықтықтың азаюы – мұның барлығы енгізілген жүйенің оң әсерін жоғары бағалауға мүмкіндік берді.
Биыл жаңа қылмыстық заңнама аясында Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасының анықтаушылары екі қылмыстық істі электрондық форматта қарап, сотқа жөнелтті. Электронды түрде жұмыс істеудің тиімділігін жол-патрульдік полициясы қызметкерлері де байқады. Биылғы жыл басынан бері облыс орталығында планшеттердің көмегімен 60-тан астам әкімшілік хаттама толтырылған. Онда құқық бұзушының жеке сәйкестендіру кодын енгізсе жеткілікті. Бұдан соң азаматқа қатысты хаттама толтыруға қажетті басқа жеке мәліметтер бірден көрінеді. Сондай-ақ, азаматтар жасалған құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қарастыратын нормативтік-құқықтық актілермен осы планшеттен таныса алады. Бұл әзірше қанатқақты жоба болғандықтан, заманауи техникалық құралдар арқылы жүргізілетін әкімшілік жұмыстың бірыңғай тізілімі туралы айту ерте. Десе де, полиция қызметкерлерінің жұмысын жазатын бейнетіркеуіштер белсенді қолданылып келеді. Барлық көлік жасақтары пос-терминалдармен жарақтандырылған. Ол арқылы ереже бұзушылар айыппұлдарын бірден төлей алады. Бұл уақытты ғана емес, айыппұл көлемін де қысқартады.
Мемлекеттік қызметтердің электрондық форматта көрсетілуінің де тиімділігі бар. Мекенжай анықтамасын, тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуді үйден шықпай-ақ алуға болады. Интернетке қосылған компьютеріңіз бен электронды цифрлық қолтаңбаңыз болса жеткілікті. Өткен жылдың соңынан бастап Петропавл қаласындағы Көші-қон қызметі басқармасы заманауи құралдармен жабдықталған жаңа ғимаратта жұмыс істеуде. Мемлекеттік қызметті алушылар электронды кезектің және көші-қон қызметі көрсететін көп қызметтерге қатысты оң пікірлерін айтуда. Бұл жұмыстар аудандық бөліністерге де енгізілуде. Атап айтқанда, Жамбыл аудандық Ішкі істер бөлімінде полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи бөлмелер ашылды.

Думан ТАЕВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*