Жаңаруға жарқын жол

Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауының негізгі өзегі ретінде ел экономикасын, тұрақты даму мен жаңа заманға бейім болатын негізгі күш – адами капиталды дамытуға баса назар аударылған. Жолдауда өнеркәсіптік бәсекелестікте алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылу үшін алдымызда тұрған басты міндеттерді айқындап берді.
Әрине, төртінші өнеркәсіптік революция тұсындағы Қазақстанның күрделі де жауапты алар асулары мол екенін халқымыз жақсы біледі.
Тарихи құжатпен танысқан сәттен-ақ Тәуелсіздіктің бірінші күнінен жүзеге асырылып жатқан Қазақстан жолы, Назарбаев модулі теориясы мен практикасының сабақтастығы айқын аңғарылады. Мәселен, Елбасы көрсеткен он міндеттің жетеуі экономикаға, қаржыға, «ақылды қалаға» байланысты дәйектелгені «Алдымен экономика, сонан соң саясат» формуласын еске түсіреді.
Көзі қарақты жан бұлардың бір-бірінен ажырағысыз байланыста, тұтас кешен құрап тұрғанын байқайды. Айталық, бірінші міндетте баса көрсетілген талап – жаңа технологияларды енгізу өнеркәсіпке қаншалықты өзекті болса, табиғи ресурстарға, аграрлық салаға, көлік-логистика инфрақұрылымына, құрылысқа және коммуналдық секторға қажеттігі де бір мысқал кем емес.
Ұлт көшбасшысы жыл сайын үлкен тарихи құжаттарды қабылдауда. Еліміздің озық отыз елдің қатарына кіруі үшін «Қазақстан-2050» даму стратегиясының маңызы зор. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары құжатының маңызы айтпаса да түсінікті. Бұл құжат арқылы біз келешекке қам жасап, нақты қадам бастық. Ал былтыр жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының орны тіпті ерекше.
Мақалада тұтастай қазақ елінің ұлттық құндылығы, төл тарихы мен мәдени қазынасы қарастырылған. Елбасымыз, әсіресе, индустрия мен инновацияға көңіл бөлді. Өйткені, қазір жер жаһанда инновациялық технологияға сұраныс көп.
Осы орайда, отандық кәсіпорындардың, инфрақұрылымдардың, қалалардың, еңбек ұжымдарының өзара тәжірибе алмасуы, дұрыс бәсекелесуі ерекше маңызға ие. Жолдауда өнеркәсіптік революция да, технологиялық, әлеуметтік өзгерістер де интеллектуалдық ізденістен туындаған дамудың жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асыратын құдірет – білім мен ғылым екені айтылады. Айтылған сөзді атылған оққа балаған ұлтымыз ол нысанаға дөп тисе, «мірдің оғындай», «ондыққа тиді» деп жатады.
Сондай-ақ, Жолдауда қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде екені нақты айтылды.
Арғы-бергі тарихымызда біздің халық тіл білмегеннің қасіретін тартып келгені белгілі. Тіл білмегендіктен, өзінің табиғат берген қабілеттерін толық көрсете алмағаннан қолайсыз ештеңе болмас. Сол себепті, әлем тілдерін меңгеруге жағдай жасап, басты назарында ұстап отырған Елбасының саясаты қазақстандықтарға бұйырған бақыт деп білемін. Дамыған мемлекеттерде бірнеше тілді меңгеру сән емес, өмірлік қажеттілік саналады. Олар ешқашан бір тілмен шектелген емес. Елімізде және әлемде бәсекеге қабілетті өмір сүріп, жұмыс істеу үшін қажетті деңгейде үш тілді білу – заман талабы. Бұл – нағыз азаматтық қоғам құрып, қазақстандықтардың біртұтас ұлтқа айналуының басты шарты екені Жолдауда нақты көрсетілген. Сонымен бірге, қазақ тілінің ғұмырлы болуы үшін оны жөнсіз терминологиялармен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтау қажеттігі өте маңызды.
Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – оның тұтастай алғанда елішілік міндеттерге арналғандығында. Сөйте тұра, әлемдік озат тәжірибе мен озық жетістіктерді көзден таса қалдырмауға, дүниенің төрт бұрышындағы нарықтарға өзгелерден ұтымды өніммен шығуға жұмылдырады.
Елбасы Жолдауында аталған міндеттердің жүзеге асырылуына барлық қазақстандықтармен бірге Ұлттық ұлан әскерлерінің жеке құрамы да өз үлестерін қосады деп сенемін.
Тәуелсіз еліміздің әлемнің дамыған елдерінің қатарынан табылуы үшін Елбасы жүктеген міндеттерді абыроймен атқарып, сенімін ақтау – әр азаматтың қасиетті парызы.

Берік ОМАРОВ,
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтіқ-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары,
полковник

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*