Дауылбай ҚАРАШАЕВ: Кәсіподақтың атқарып отырған игі ісі көп

Адамдардың өмірі мен бостандығына қауіп төнгенде, қоғамда түрлі толқулар мен бүліктер орын алған кезде бірінші болып оқиға орнынан табылатын тәртіп сақшыларының құқығын қорғау, еңбек жағдайын жақсарту – күн тәртібіндегі мәселе. Дауылбай Қарашаев ұзақ жылдан бері Ақтөбе облыстық ІІД Кәсіподақ ұйымының төрағасы болып жемісті еңбек атқарып келеді. Өз ісінің шебері, көп адамға қол ұшын созған ардагеріміз Дауылбай Байзақұлымен сұхбаттасқан едік.

Дауылбай Байзақұлы, облыстық ІІД Кәсіподақ ұйымының тарихы сіздің есіміңізбен тығыз байланысты. Өзіңіз бұл жерде қай жылдан бері еңбек етесіз?
– Мен бұл жерге 1984 жылы бастауыш кәсіподақ ұйымы Біріккен кәсіподақ ұйымы болып қайта құрылған кезде жұмысқа келдім. Ол уақытта Біріккен кәсіподақ ұйымына қарайтын бастауыш ұйымдар саны 16 болатын, артынан ІІБ-ге қарайтын мекемелер, мысалы, өрт сөндіру мекемелері, еңбекпен түзеу колониясы, тағы басқа бөлімдер басқа ведомствоға ауысты.
Әскери шенді полиция қызметкерлері кәсіподақ ұйымына мүше бола ала ма?
– Кәсіподаққа тек ерікті жалдамалы қызметкерлер ғана мүшелікке өтеді. Өйткені, заң бойынша әскери шенді қызметкерлер партия, кәсіподақ, басқа да қоғамдық ұйымдарға мүше бола алмайды.
Кәсіподақтың негізгі қызметі – еңбек адамдарының құқығын қорғау. Жалпы, олардың еңбек құқығы қалай қорғалған?
– Кәсіподақ ұйымының жұмысы қазір жанданып келеді. Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен елімізде кәсіподақтардың жұмысын жақсартуға соңғы жылдары көп көңіл бөлінуде. Облысымызда еңбек адамдарының мүдделерін қорғау үшін облыс әкімі, кәсіподақ және жұмыс берушілер арасында үшжақты келісім жасалған. Осы келісімнің жұмысшылардың еңбек құқығын қорғауда маңызы айтарлықтай. Елімізде соңғы жылдары жаңа Еңбек кодексі де қабылданды.
Осы жылдар ішінде сіз қандай бастамаларға түрткі болдыңыз?
– Бастауыш кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғау үшін мекеме басшыларымен ұжымдық шарт жасаймыз. Жұмыс беруші мен кәсіподақ арасында келісімшарттың болуы қызметкерлерді қорғауға мүмкіндік береді. Жаңа Еңбек кодексіне сай, кәсіподақ мұшелеріне 30 күн демалыс беру, сонымен бірге, 3 жасқа дейінгі баласы бар ананы штаттың қысқартуы бойынша жұмыстан босатпау туралы келістік. Жалпы, ұжымдық шартты «кішкентай еңбек заңы» деуге де болады. Сонымен қатар, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырып, көмек сұрап келгендерге материалдық жәрдем де береміз.
1995-96 жылдары жұмысшылар айлап жалақы алмаған кезде қиындықтан шығар жол табуға тырыстық. Сол кезде Ақтөбе облыстық ІІБ бастығы Кеңшілік Жұмабаев болатын. Сол кісінің алдына барып, еңбек ардагерлері мен қызметкерлерге арналған қайырымдылық қорын құрсақ дедім. Бұл бастамам қолдауға ие болып, 1-2 айдай жүріп, барлық құжаттарын жасап, әлеуметтік қор құрдық. 1996 жылы құрылған әлеуметтік қор арқылы көптеген адамға қолдау көрсеттік. Соғыс және еңбек ардагерлеріне, мүгедектерге, жалғыз бастыларға, жағдайы төмен отбасыларға, қайырымдылыққа мұқтаж жандарға қолдау танытып, талай жанның алғысын алдық. Соғыс және еңбек ардагерлеріне мереке сайын ақшалай әрі заттай сый-сыяпат береміз. Кезінде қордың есепшотына департамент қызметкерлері өз еріктерімен жылына бір күндік табысын аударып тұрды.
Білікті де тәжірибелі маман ретінде кәсіподақ саласында істеймін дейтін жас мамандарға қандай кеңес айтасыз?
– Менің жасым қазір 80-нен асты. Алайда, ешқашан еңбектен қол үзбедім. Кәсіподақтың атқарып отырған игі ісі көп. Еңбек ұжымдарында кәсіподақтардың орны ерекше. Басшылар кәсіподақ ұйымына қолдау танытып отырса, әрине, өте кұптарлық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еңбек ұжымдарында кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыруға баса көңіл бөлініп отыр. Жалпы, кез келген жұмыста еңбеккерлерге қамқор болу, оларға жағдай жасау маңызды. Жастарға айтарым, басшылармен тіл табысып, сыйласып, келісіп жұмыс жасау керек. Бастамашыл болу керек. Ұжымда сыйлы болғанға не жетсін.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұргүл ҚОНАҚБАЕВА, Ақтөбе қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*