10 қылмыскер құрықталды

Солтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары жыл басынан іздеуде жүрген 10 қылмыскерді құрықтады.
Қырғызстан Республикасының 37 жастағы азаматы өз елінде жасалған ірі алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен іздестіріліпті. Алаяқтық жасап, елден кетіп қалған. Жасырынған қылмыскердің ізі Алматы қаласынан табылды. Оңтүстік астананың сақшылары іздеуде жүрген азаматтың Солтүстік Қазақстан облысына кетіп қалғандығын анықтап, солтүстік өңірдегі әріптестерінен көмек сұраған.
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында іздеудегі күдіктінің жүрген жері анықталып, құрықталды. Бұл – солтүстікқазақстандық сақшылардың жыл басынан бері шетелдік әріптестері іздеу салған қылмыскерлерді екінші құрықтау фактісі. РФ Қорған облысында бұзақылық жасады деген күдікпен іздеуде жүрген қылмыскер де ұсталған болатын.
Облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климовтың айтуынша, облыс аумағында жыл басынан бері қылмыс жасағандығы үшін 12 адамға іздеу жарияланған. Бүгінгі таңда олардың 10-ы құрықталды. Сондай-ақ, із-түссіз жоғалған жеті адамға іздеу жарияланып, қазіргі таңда олардың бесеуінің жүрген жері анықталып отыр.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*